Шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасын өркендетудің негізі болып табылады. Өркениет өресіне бет алған еліміздің алға қойған мақсаттарының бірі шағын және орта бизнесті дамытуға жан-жақты қолдау көрсету екені белгілі. Өз ісін дөңгелеткісі келетін жандардың қатары да жыл озған сайын артып келеді. Тігіншілік кәсіпті нәсіп етіп отырған жандардың бірі Назира Маримова. Назираның бойындағы тігіншілік өнерге деген қызығушылығы бала кезінен-ақ байқалған еді. Кішкентай бүлдіршін қуыршақтарына мата қиындыларынан небір әдемі киімдер тігіп, ойынның көрігін қыздыратын. Кейіннен, есейе келе тігіншілік икемі мамандық таңдауда да оң ықпалын тигізді. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған бойжеткен 2000 жылы Алматы қаласындағы №3 технологиялық лицейге құжаттарын өткізіп, тігінші-коструктор мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Лицей қабырғасында 3жыл 10 ай білім алған Назира Іс тігудің қыр-сырын меңгеріп, үлкен өмірге қанат қағады. Ол ең алғаш еңбек жолын жеке кәсіпкерлік салада келісім шарт бойынша тігінші маман ретінде бастайды.
Осылайша, мата мен қайшы, ине мен жіпті, тігін мәшинесін еңбек құралына айналдырып күрделі кәсіпті икемділікпен игеріп, тәжірибе жинақтап, төселе түсті. «Талапты жанға нұр жауар», «қарекет қылмай берекет болмас» дегендей, Назира Әмірханқызы 2008 жылы өз ісін бастауға бел буады. Талғар қаласындағы «Тәуіп» орталық базарының жанынан темір контейнерді ыңғайлағап жасаған шағын орынды жалға алып, еңбек көрігін қыздыра бастайды. «Шебердің инесі де алтын, соққан күймесі де алтын» дегендей, он саусағынан өнер тамған нәзік жан дестелеп те, кестелеп те киімдер тігіп,көпшіліктің талғамынан шығады, тапсырыс берушілер де арта түседі. Перделердің бас-аяғын қайыру, шалбардың балағын, көйлектің етегін қысқарту, киім-кешекті өңдеу сияқты тапсырыстар оған еш қиындық тудырмайды. Мұндай тапсырысты ұзаққа созбай сол мезетте бітіріп беруге тырысады. Жұмыстың сапасы көңіл көншітеді, бағасы да қолжетімді. Зейнеткерлер мен жағдайы төмен жандарға кәдімгідей жеңілдіктер жасап, елдің ризашылығына бөленуі де оның тынымсыз еңбегінің жемісі. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкер келіншек таңнан-кешке дейін тігін машинасының алдында. Бүгінде ол Дариға және Мадина есімді жас тігіншілерді жұмыспен қамтып отыр. Тігін өнеріне ден қойған бойжеткендердің білікті маманннан үйренері көп-ақ. Қашанда жүзінен жылылық, жанарынан мейірім төгіліп тұратын еңбекқор, адамгершілігі мол Назираның шағын ғана тігін цехына бас сұғып, тапсырыс беретіндердің қатары көбейіп келеді. Кәсібінің нәсібін көріп отырған нәзік жан үйдің де түздің де тізгінін қатар ұстап, өмірлік жары екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, аяулы ана, асыл жар ретінде көпке үлгі. Бақытын бала-шағасы мен адал еңбектен тапқан Назира Маримоваға еңбегіңіз жанып, кәсібіңіздің қанаты кеңейе берсін, деп тілейміз!
Райхан Азимова,
Талғар-ақпарат.