Ауданымыз туристік ресурстарға бай өлке. Жуырда Алатаудың бөктерінде тағы бір демалыс орны бой көтеріп, салтанатты түрде ашылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылған туристік жоба саламатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамытуғы зор ықпал етпек. Жалпы аумағы 85 гектарды құрайтын «Ойқарағай — Лесная сказка» тау-шаңғы кешені ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов пен аудан әкімі Рыскелді Сатбаев арнайы келді. Ауданымыздың туристік әлеуетін жаңа сатыға көтерген айтулы оқиғаға куә болған облыс басшысы жиылған көпшілік алдында құттықтау сөз алып, Елбасымыздың облысымызға келген сапарында туризм кластерін қалыптастыру туралы тапсырма бергенін тілге тиек етіп, соның ішінде Шымбұлақтан бастап Түрген шатқалына дейінгі аралықта тау туризмін дамыту қажеттігін алға тартқанын айтты. Кешеннің қысқы туризмді дамытудағы рөлі жайлы айта келе, жаңа ашылған заманауи тау-шаңғы саябағына 2011 жылдан бері 60 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынғанын, бұл ретте жергілікті кәсіпкер Ерлік Балпанбаевтың еңбегінің ерен екенін атап өтті. Мемлекет тарапынан да кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіліп отырғанын айтып, өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 497 миллион теңге қаражат бөлініп, «Лесная сказка» демалыс орнына дейінгі тас жолдың 6,2 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілгенін, отандық кәсіпкерлікті қолдау, туризм кластерін дамыту ары қарай да жалғаса беретінін жеткізді. Аталмыш тау-шаңғы курортына инвестор өзінің жеке қаражаты есебінен 60 млн. АҚШ долларын құйғанын, бұл — отбасымен келіп, таудың таза ауасымен тыныстап, шаңғы теуіп, сырғанап, демалуға таптырмайтын орын екенін айтып, барша қауымға құттықтауын жеткізді. Содан кейін инвестор, «Лесная сказка – Апорт Ақ-Тас» команиясының президенті Ерлік Балфанбаев сөз алып, осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс басшылығына, «Қазақ Туризм» ҰК-ға, тау-шаңғы кешенінің құрылысына қатысқан кәсіби мамандарға, әріптестеріне ризашылығын білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Облыс басшысымен бірге демалуға келген бүлдіршіндерді қастарына алып кешеннің ашылу лентасы салтанатты түрде қиды.
Теңіз деңгейінен 1500-1800 метр биіктікте орналасқан демалыс орнына келушілер арнайы арқан жолдармен биікке көтеріліп, төменге шаңғымен немесе басқа да сырғанауға арналған құралдармен құлдилайды. Мұнда шаңғы, скейтборд, үрлемелі камералармен сырғанауға арналған, түрлі күрделіліктегі 15 арнайы жолақ қарастырылған. Демалыс аймағы күніне 5000 отандық және шетелдік туристер мен демалушыларды қабылдауға дайын. Сонымен қатар шаңғы тебуді үйренгісі келетіндер үшін шаңғы мектебі ашылған. Шетелдерден келген кәсіби мамандар шаңғымен сырғанауға ниетті жандарға сабақ береді. Білікті мамандар 2-3 сабақтан кейін-ақ демалушыларды шаңғыға нық тұрғызып, тебуді үйретіп үлгереді екен. Отбасымен белсенді және алаңсыз демалғысы келетін азаматтардың кішкентай балаларын таңертеңнен кешке дейін жылы жерде бағып беретін бала күтушілер де бар. Мұнда әлемдік бренд фирмалардың сырғанауға қажетті заттары мен киім-кешегін жалға алуға болады. Шаңғы жолдары жаз мезгілінде велосипед тебуге лайықталады. Келушілерге 6 мейрамхана, 99 орындық қонақ үй қызмет көрсетеді.
Алматы сияқты алып мегаполистен қол созымда, табиғаты әсем, ауасы таза Талғар топырағында ашылған «Ойқарағай — Лесная сказка» тау-шаңғы кешені демалушылар үшін ең қолайлы орынға айналып, өңірдегі туризмнің дамуы мен тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануға толық мүмкіндік бермек.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».