Мемориалды музей ашылды

Мемориалды музей ашылды

Тарихтың  талай-талай айтулы оқиғасы өткен Талғар ауданында тағы бір тарих беті ашылды. Жаңалықтағы саяси қуғын-сүргін құрбандары жатқан жерді ашық аспан астындағы пантеонға айналдыратын мезгіл жетті деп дабыл қағып, Елбасына ашық хат жолдаған  «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы мүшелерінің әділ тілегі ақталды.  Аумағы  535 шаршы метрді алып  жатқан, 3 экспозициялық залдан тұратын мемориалды музей салтанатты түрде ашылды.

Тағлымды-тарихи ғимараттың ауданымыздағы Жаңалық ауылында ашылуы тегін емес. Сол бір сұрапыл, зұлмат жылдары  үш әріптің қолынан қазақ тапқан жазықсыз адамдар Алматы қаласынан 40 шақырымдай жердегі осы ауылдың іргесіне көмілген екен. Олардың арасында С.Сейфуллин,  О.Жандосов, Б.Майлин, А.Байтұрсынұы, С.Асфандияров сынды қазақтың бетке ұстар зиялы қауым өкілдері бар. Дерек көздеріне жүгінсек, абақтыларда атылып, осы маңға жерленген жандардың ұзын-саны 4 мыңнан асып  жығылады. «Тирде» атылып, түнделетіп қала сыртына тасымалданып, құпия көмілгендерден  бөлек  Жаңалықта нақты есебін ешкім білмейтін 32-жылғы аштық құрбандары да жатыр.  Бөліп-жармай,  солардың бәріне арнап ортақ музей ашу туралы «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының бастамасы    облыстық және жергілікті әкімдіктен қолдау тауып, боздақтардың рухына бас иетін киелі орын қолданысқа берілді.

Салтанатты шара алдымен ескерткіш басына гүл шоқтарын қойып, тағзым етумен  басталды. Артынан боздақтар рухына құран бағышталды. Ал музей алдында сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бұл маңызды оқиғаның Елбасы бастамасымен жүзеге асқанын жеткізді.

  • Тарихын жаңғыртқан халық қателеспейді. Сұрапыл жылдардың ізін қайта жаңғыртып, қазақ болашағы үшін басын қатерге тіккен ұлт қаймақтарын еске алу, тағзым жасау – баршамыздың борышымыз. Өсіп келе жатқан ұрпақ та өз ұлтының өткенін біліп, мәңгі есте қалдырулары керек. Бүгінгі қадам сол жолдың айқын мақсаты, — деген облыс басшысы алдағы уақытта  музей аумағы  тарихи маңызы бар үлкен кешенге айналатынын жеткізді. Сол жолда жасалынып жатқан нақты жұмыстарды тілге тиек етті.

Мұнан кейін сөз алған  Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай,   «Әділет» тарихиағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ сөз алып, жалынды сөздерімен шараның маңыздылығын арттыра түсті. Ғимараттың лентасы қиылған соң алқалы топ музей ішін аралап шықты.

Музей ғимараты бір қабатты. Негізгі  үш залдан  бөлек  әкімшілік бөлмелері мен арнайы қор сақтау бөлмесі де қарастырылған.  Бірінші кең залда Қазақстандағы 1916-1986  жылдар арылығындағы қуғын-сүргін тарихы кеңінен қамтылған.  Экспонаттар арнайы жабық ветриналармен стендтерге орналастырылған.  Келушілердің көріп, оқып танысуына  мол мүмкіндік бар.  4125  боздақтың есімі ойып жазылған  тақталардан тұратын еске алу бөлмесінде әруақтарға тағзым етіп,  сенсорлы ақпараттық дүңгіршектер арқылы жазықсыз жапа шеккендер жайлы толық мағлұматпен таныса аласыз.  «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының тарихы мен қызметіне арналған үшінші залда  ғылыми-ағартуға бағытталған конференцияларды ұйымдастыруға  болады. Штат бірлігіне сай  алынған  қызметкерлер  бүгінде тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарып,  келушілерді тың деренктермен қуанту жолындағы жұмыстарына белсене кірісіп кеткен.  Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларын бұзбай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін киелі орын «Рухани жаңғырудың» нағыз өзі болмақ деп сенеміз.

Меруерт Дүйсенғалиева,

Талғар.