«Қалам — ең жақсы ұстаз, жазылған сөз тап қазір ойлаған сөзден сөзден артық»,- деп әйгілі Цецерон айтпақшы Елбасының қаламынан туған әрбір туынды халық арасында кеңінен қолдау тауып, терең талқыға түсуде. Бұл мақала «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы екендігі сөзсіз. Мемлекет басшысы Ұлы даланың тарихымен таныстырып, руханиятты сақтауға арналған жобаларын ұсынды. Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр көлемінде үшінші мәрте тарихымызды түгендейтін бағыт-бағдар алып отырмыз. Оның алғашқысы «Мәдени мұра»бағдарламасы арқылы ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлт тарихын таныстыратын даңғыл болды деуге болады. Ал жуырда жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат іспетті. Тарихымыздың жеті қырын атай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев өткенімізді тарих тұғырынан бағамдап, терең зерделеуге үндеді.
Кемелденген келешекке ұмтылған егеменді еліміз үшін тұман басқа тарихын тазалап, насихаттау «елім» деп еңіреген елдің қасиетті борышы саналады. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы сонау алмағайып заманда тағдырдың талқысына түскен халқымыздың өткенге деген өкінішін басып, шыққан тегіне деген мақтанышын арттыратыны сөзсіз. Сонымен қатар ұшқан құстың қанаты талар ұлан байтақ даламыз Ер Түріктің тал бесігі, ата жұрты екендігін еске түсірсе, өзін «жылқы мінезді» деп есептейтін халқымыздың төрт түліктің атасы жылқы малына деген сүйіспеншілігі мен тақымы ерге тисе тау қопарар жауынгер елдің ұрпағы екендігіміз тайға таңба басқандай таңбаланған. Есік қорғанынан табылып «көш жәдігерлердің жауһары» атанған жауынгердің алтынмен апталған киімдері халқымыздың метал өңдеу технологиясын қатаң меңгеріп, зергерлік өнердің шыңына шыққандығын паш етті. Айта берсек әр тарауы бір түйеге жүк болар мақаланың айтқаны да, айтылары да одан да мол.
Ендеше «келешекке қадам баспас бұрын, өткенге көз сал»,- деген Елбасы пікірі құптарлық іс. Ең бастысы бұл мақала рухани құндылықтарға шөліркеген еліміздің санасына жаңа серпін берді деп ойлаймын.
Сұлтан Нұрдаулетов,
Аудандық мәслихат депутаты.