Елімізде жүргізіліп отырған тіл саясаты – еліміздің ішкі саясатының негізгі құрамдас бөлігі. Жыл сайын мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ауқымды шаралар белгіленіп, сол бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жүйелігі еш ақсаған емес. Десек те, қазақ тілін дамыту үшін қанша бағдарлама жасалып, қанша қаржы құйылып жатса да, мемлекеттік тілді білу өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі болмайынша берер нәтиженің көңіл көншітпейтіні ащы да болса шындық.
Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде бастау алған «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы қазақ тілінің дамуына бағытталған жаңа бір мүмкіндік, соны бір серпін деп қуанып қалдық. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді, түрлі этнос жастары арасында қазақша сөйлеу мәдениетін арттыруды көздеген акцияны қолдаушылардың қатары күннен-күнге артып жатыр. Тіл мәселесіне келгенді бейжайлықты емес белсенділікті ұнататын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі шара аясындағы жұмыстарға дереу кірісіп кетті. Аталмыш бөлімнің бас маманы Арсен Курманказиев пен жетекші маман Сымбат Алмасқызы бастап БАҚ өкілдері қоштаған арнайы топ халық көп шоғырланған қоғамдық орындарда акцияның символикасы бар үнпарақтар мен ақпараттық флаерлер таратып, мән-мақсатын түсіндіріп, қолдауға шақырды. Бір қуанарлығы, біз бас сұққан мекемелерде қызметкерлер бастамаға бірден қызығушылық танытып, біркісідей атсалысатындықтарын жеткізді.
- Ана тілімізді қоғаммен байланыстыра отырып дамыту қажет. Қоғамда тілге деген сұраныс туындаса тіл ғұмыры қысқармайды. Ұлт тілін өз қызметімізде қажетті «құрал» ретінде ғана емес, болашақ үшін бойымызға тұмар етсек қана «Мәңгілік ел» боламыз,- дейді Алматы облысы Талғар қаласының біріккен қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскери-патриоттық тәрбие және қарулы күштер ардагерлерімен жұмыс жөніндегі бөлім басшысының көмекшісі, тіл жанашыры Салтанат Алпысбаева.
Қазақ тілін білетіндер мен білмейтіндердің арасын жақындастыратын жалынды шараның сөз жүзінде емес іс жүзінде белең алғаны көңілге сеп. Тілге тек қарым-қатынас құралы деп қарамайық. Осы елде өркен жайып, осы елде болашағыңды қалыптастырамын десең, тіліңнің өзегін кеспе. Ұлыңа үйрет, немереңе өсиет қыл. Өйткені, «тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» .
М.Дүйсенғалиева,
Талғар-ақпарат.