Оңы мен солын әлі жете танып-білмеген санасы солқылдақ жастардың діни көзқарасын қалыптастыру, оларға салиқалы әрі салмақты түсінік беру тек сала мамандарының ғана қолынан келері сөзсіз. Өйткені, «алмақтың да салмағы бар» демекші, үстіртін немесе теріс мәлімет алған жастың жат ағымның жетегіне еріп кете беруі ғажап емес. Сондықтан да атам қазақ «Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деп, бір ақ сөзбен түйіп айтқан.
Апта басында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен келелі кездесу осы өзекті тақырыпқа арналды. Талғар қаласындағы медициналық колледж жастары оқу орнының акт залына жиналып, Қазақстан Республикасы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығының жетекшісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Какимжан Мұратжанұлы мен аталмыш оқу орнының ұстазы, «Исламтану» мамандығының phd докторанты Тоиршик Юлдашевтың дәстүрлі дін құндылықтары төңірегіндегі тәлімді әңгімесін тыңдады. Жиынды ашып жүргізген оқу орны директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жандос Самбетов алдымен Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына тоқталып, осы құжат аясында колледж ішінде өткізілген шараларды атап өтті. Шақырылған қонақтарды таныстырып, сөз кезегін берген соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздары мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірген түрлі дін атын жамылған экстремистік бағыттағы ағымдардан аулақ болып, үгіттеулеріне еріп кетпеу жолдарын жан-жақты әңгімелеп берді. Жақсылыққа бет бұрдым деп жат ағымдарға арбалып, адасып жүрген жандар болса оларды бойды аулақ ұстамай керісіенше дер кезінде моральдық көмек беру қажеттігін ескертті.
- Соқыр сенім жетегіндегі фанатқа айналмас үшін, ең алдымен діни сауатты мешіттен, соның ішінде есік торуылдаған ұстазсымақтардан емес, имам-молдалардан үйренген жөн. Қазір көшеде кез келген кісіге кітапша мен журнал ұсынып жүргендердің де дәстүрлі дінге еш қатысы жоқ. Сектанттар өздерінің жымысқы әрекетін ғаламтор арқылы жүргізуден де әсте шаршамайды. Жастар олардан мейлінше тартынып, бойларын аулақ ұстағандары абзал, деген профессор Какимжан Мұратжанұлы облыс аумағындағы діни ахуалға тереңірек тоқталып, дәстүрлі емес діни ағымдармен алданған жастардың өмірлерінен нақты мысалдар келтірді.
Өздеріне қатысты мәселе төңірегіндегі тұщымды әңгімені ұйып тыңдаған жастар дін тұрғысындағы көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тиісті сала мамандарынан жауаптарын алды. Кездесу соңында колледж басшысылығы мен ұйымдастырушылар діни тұрақтылықты сақтау мақсатында а мүдделілік танытқаны үшін ұстаздарға ризашылығын білдірді.
Меруерт Дүйсенғалиева,
Талғар-ақпарат.