Білім мен тәрбие беру ісінде ауданымыздың белді де беделді колледждерінің алдыңғы қатарынан табылып жүрген М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжі күні кеше колледж табалдырығын имене аттаған бірінші курс жеткіншектерін студент қатарына қабылдады. Қиялдарына қанат байлап, армандарын арқалап келген жастар өмірлерінің бір белесі студенттік шаққа аяқ басты. Бір ғасырлық тарихы бар, Гиннес кітабына енген аталмыш оқу орыны – білімді де білікті мамандар даярлайтын қара шаңырақ, талай студенттің биік шыңдарға жетуіне себепкер болған қасиетті мекен.
Жуырда 100 жылдығын атап өткелі отырған оқу орының жігерлі жастары бұл кешті «100 жылдықтан болашаққа 100 қадам» деген тақырыппен өткізді. Бірінші курс жеткіншектерін студент қатарына қабылдау рәсімі аудандық Мәдениет үйінің кең залында өтті. Ортаға студенттік өмірге қадам басқан жастар салтанатты түрде енген соң, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушылары мемелекеттік Туымызды сахна төріне көтеріп, айбынды Әнұранымыз шырқалды. Алғашқы құттықтау сөзді колледж директоры Жақсылық Сатылғанов сөйлеп, өзі басшылық етіп отырған колледжді таңдап, мамандық игеруге келген жастарға Елбасының саралы саясаты, білім саласындағы оң өзгерістер туралы сөз қозғап, ақжарма тілегін білдірді. Сахна төріне көтерілген топ менеджерлері көпшілік алдында ант қабылдап, колледж директоры Сатылған Қасабекұлы білім сандығын айқара ашып, әлемнің кез-келген есігін ашатын білімнің алтын кілтін Бахытгул Реймбаеваға, «Үлгерім кітапшасын» Батыр Сапаровқа, колледжідің білім алушысы құқығын беретін «Студенттік билетті» Малика Аюповаға табыс етті. Кеш барысында жастардың қуанышына ортақтаса келген қонақтар ауданымыздың белді ақыны, драматург, журналист Мұса Жанәділов, ақын, сазгер Камнұр Тәлімұлы, ардагер ұстаздар Серікбай Бейсебаев, Жұмағали Кибекбаев, Талғар медицина колледжі директорының орынбасары Гүлмира Белғожақызы жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, топ менеджерлеріне «Сынақ кітапшалары» мен «Студенттік билеттерін» табыс етті. Салтанатты кеш мың бұралған би, әсем әнмен әрленді. Достық, бірлік, ынтымақты ұран еткен жастарымыз әр ұлттың өнерін ортаға салса, «Думан» театрының әншісі Гүлзира Шалабаева мен қазақ эстрадасының жас жұлдызы Қанағат Меченбай әсем әндерін шырқап берді. колледждің студент қыздары мен ұлдары «Колледж әнұранын» орындаса, топ менеджерлері вальс биін биледі. Игі шара колледждің жас ұландары және колледж білім алушыларының орындауындағы «Мен қазақпын » әнімен аяқталды. Кештің сәтті өткендігін «жаңа» студенттердің жадыраған жүздері мен сыңғырлаған күлкілері паш етіп тұрды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».