Мейірім шуағымен нұрланған мерейлі мекен
«Адам баласында екі түрлі қылықтың жолы бар, бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы» деген екен сөз зергері М.Әуезов. Сол айтпақшы, адамгершіліктің ақ туын аспандатып, жаттың өзін жатсынбай бауырына баса білген, парасат-пайымы биік,қайырымды да мейірімді жандарды «үлкен жүректі» дейді дана халқымыз. Әсіресе, қатал тағдырдың тәлкегіне түсіп жетімдіктің ащы дәмін ерте сезінген қамкөңіл бүлдіршіндерге мейірім шапағатын төгіп, жүрек жылуын сыйлай білген жандар қашан да зор құрметке лайық. Адамзаттың асылы болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады»,– деген екен. Осындай сауабы мол істің ұйытқысы болып, сәби жүрегінің түкпіріне өмір гүлін көктете білген жандардың бірі әрі бірегейі ЕСҚОЖИНА ТҰЯҚ ҚАСКЕНҚЫЗЫ дер едік. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне бағыштаған ұлағатты ұстаз,тұла бойы мейірімге тұнған «үлкен жүректі» абзал Ана — Тұяқ Қаскенқызы осыдан тура 20 жыл бұрын Талғар қаласында «Нұр» балалар үйін ашып,осы уақытқа дейін 750 бүлдіршіндерді бауырына басып, бағып-қақты, аналық мейірімге бөледі. Ұлағатты ұядан түлеп ұшқан ұл-қыздары хакім Абай айтпақшы, өмірден өз орындарын тауып «кірпіш болып қалануда». Тұяқ Есқожина жұбайы Байсарин Әнуарбек екеуінің кіндігінен тараған үш ұлымен қатар тағы 750 бүлдіршіннің өміріне жылу сыйлап келеді. Ана үшін балаларының аман-есен болып,ел қатарына қосылғанын көруден артық бақыт жоқ!
Қыз да болса арқалаған ер жүгін…
Тұяқ Қаскенқызы өмірі ерекше жан. Негізі азан шақырып қойған аты –Күлзия. Ол 1944 жылы «шыр» етіп дүние есігін ашқан кезде, қан майданға аттанған әкесінен қаралы хабар келеді. Ата-анасының көптен күткен әрі жалғыз ұрпағы болғандықтан кемпір-шал ырымдып «Тұяқ» деп атап кеткен екен. Санақ жүрген кезде әкесінің артында қалған жалғыз тұяқ болғандықтан есімін Тұяқ деп өзгертіп жаздырған, дейді. Әкесі қайтыс болғанда анасы он жеті жастағы жас келіншек болатын. Анасы мен кішкентай Тұяқ өмірдің қиын-қыстау кездерін бастан өткенген-ді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар өзі сияқты балалардың бал дәуренін ұрлаған. Белі бекімеген бүлдіршін қыз анасымен бірге ауыр жұмыстың басы-қасында жүріп, шама-шарқынша қолғабыс жасайды. Қызы 14 жасқа келгенде анасы тұрмысқа шығады. Жеті жылдық мектепті аяқтаған соң Тұяқ Қаскенқызы ауылдан Солтүстік Қазақстан облысына Петропавл қаласына оқуға аттанады. Зейінді қыздың сабақ үлгерімі өтежақсы болып, шәкіртақы алып оқиды. Он сомды жалдаған бөлмесі үшін төлеп, қалған екі сомды айран мен нан алуға жеткізетін. Училище бітірген соң ол еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейіннен директор болып тағайындалады. Үш жыл бойы мектепте басшылық қызмет еткен соң, Алматыға Қаз ҰУ-ге оқуға түседі. Университет қабырғасында да белсенділік танытып, студенттер арасында сенім мен беделге ие болады. Жаз мезгілінде студенттік отрядта болып,жеміс-жидек теруде қажырлы еңбек етіп, тапқан қаражатын анасына жіберіп, үнемі жәрдемдесіп отыратын. Өйткені, екінші әкесінен туған он бауырын бағып-қағу ата-анасына оңай емес еді. Соңғы курста Тұяқ Қаскенқызы болашақ күйеуі – Әнуарбек Байсаринмен танысып, отбасын құрады. Осылайша, өмір баспалдақтары кейіпкерімізді ұстаздық ортадан оқу-ағарту саласындағы жауапты қызметтерге жетелеген еді.
Жетім көрсең жебей жүр…
Әрбір іс-әрекеттің бір себебі болары анық. Бұл оқиға 1997 жылы қыс айында болған. Ол кезде Тұяқ Қаскенқызы министірлікте қызмет атқарып жүрген әрі зейнеткерлікке шығуына да азғантай уақыт қалған екен. Оның үстіне Министрлік Астанаға көшірілетін болып, Тұяқ апа да екі ойлы болып жүрген кезі.
— Сөйтіп не істерімді білмей жүргенде, біздің елге, министрлікке Франциядан делегаттар келетін болды. Оған күйеуіміз екеуміз де шақырылдық. Жолдасымның аяқ киімі тозып қалған екен. Тәуірлеу аяқкиім іздеп базарға тарттық. Керек затымызды қарап тұрсақ, біреу етегімнен қайта-қайта тартқылайды. «Мынау кім өзі?» деп қарап қалғанымда,жүзі жабырқаулы, жәутеңдеген көздері мұңға толы , үсті басы кір-қожалақ кішкентай қыз: «Апа, апа, маған қараңызшы. Қарным ашты, нан беріңізші» деді мұңайып. Жанында кішкентай сіңілісі тұр. Осы сөзді естігенде жүрегім қарс айырылып, құшақтай кеп, жыладым. Жолдасыма: «Француздар бізді іздей қоймас, бармай-ақ қояйық» дедім. Əлгі жеті жасар қызды, аты Катя екен, және сіңілісін үйге ертіп келіп, жуындырып, тамақтандырып, үстілеріне киім əперіп, тұратын жеріне алып бардым. Əкесі ішкілікке салынып, шешесін ұрып тастаған екен. Содан бүйрегі істен шығып, ауруханада жатқанын естідік. Ал кішкентай қыз бес жасар сіңлісімен бірге екі аяғы жоқ орыс кемпірдің үйін паналапты. Бармақтай қыз қайыр сұрап, үш адамды асырап отырғаны жаныма қатты батты. Көп ұзамай орыс кемпір де қайтыс болды. Базарда кездескен қыз сіңлісін жетектеп бізге келді. Ол кезде жалақы жоқ, халықтың жағдайы өте қиын. Зауыт, фабрикалар жабылған. Осындай ауыртпалықты көтере алмағандардың шаңырағы шайқалып, балаларын тірі жетім атандырып тастап кеткендер де болды. Көшеде алақан жайып жүргендердің қарасы көбейген уақыт. Әсіресе, кішкентай бүлдіршіндердің қайыр сұрап жүргенін көру өте ауыр ғой. Жаны жаралы, ата-ананың жылуынан ажыраған тірі жетімдердің жүрегі қатайып кетпесін деген ой мені үнемі мазалайтын. Міне, сол бір оқиға менің балалар үйін ашуыма себеп болды. Жолдасым да оған рұқсат берді. Дегенмен, ондай мекеме ашатын біздің қаражатымыз болған жоқ. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, күйеуіммен ақылдаса келе Алматыдағы өзіміздің және ұлымыздың пәтерін сататын болып шештік. Осылайша, дәм-тұз айдап Талғар қаласындағы , қазіргі №2 мектептің бұрынырақтағы интернат болған үш қабатты ғимаратын жалға алып, «Нұр» отбасылық балалар үйінің іргесін қаладық. Әрине, қиындық көп болды. Бірақ, қайтсем де, қаршадайынан тағдыр тауқыметін арқалаған кішкентай бүлдіршіндерді қанатымның астына алып, оларға аналық жылуымды сыйлауды мақсат еттім. Осынау жолда белімді бекем буып, тіршілігімді жасадым. Есікті ылғи ашық қалдыратынбыз. Қайдан естігендерін білмеймін, көп ұзамай-ақ 120 бала жиналды. Бірде таңертең ұйқыдан тұрсақ, ауланың дарбазасынан үш бала сығалап қарап тұр. «Осы жерде «добрая фея» бар деп айтты. Соны іздеп келдік», – дейді. Сол кездерде тұрмыстың тауқыметін көтере алмаған отбасылар балаларына қарамай кетті ғой. Бір үйден жеті балаға дейін көшеде қаңғырып қалған жағдайлар да болған. Өмірдің осындай аяусыз тұстарын көргенде,жүрегің қан жылайды», — дейді жүзінен жылылық төгіліп тұратын Тұяқ апа өткен күндерді ой елегінен өткізіп.
Балалардың риясыз сүйіспеншілігі
Айта кету керек, 2000 жылы аудан әкімдігінің қолдауымен «Нұр» балалар үйі қаламыздың шығыс жағындағы Ы. Алтынсарин көшесінің бойындағы қаңырап бос тұрған балабақша ғимаратына қоныс аударды. Міне, содан бері осы мекенде тұрақтап, демеушілер мен қайырымды жандардың көмегімен тозығы жеткен ғимаратқа шама-шарқынша жөндеу жұмыстарын жүргізді. Әрине, айтуға ғана оңай көрінгенімен, қиыншылықтар көп болғаны рас. Бәрін де бойына біткен табандылық әрі төзімділікпен еңсеріп, сан түрлі тағдырларды тоғыстырған мейірім мекенінің жұмысын бір күн де тоқтатпады.
-Бастапқыда осы жерде сабақ беріп бастағам. Бір ғимараттың ішінде айналып жүре бергесін бе, балаларға қызықсыз, көңілсіз болды. Сосын 120 баламды қатарға тұрғыздым да, мектепке тарттым. Аралас тілдегі мектепке апардым. Орыс балаларды орыс сыныбына, қазақ балаларды қазақ сыныбына бердім. 10 күннен кейін мектеп директоры шақырады. Жүрегім ұшып кетті. Балаларым тəртіпсіздік жасап, бірдеңе бүлдірді деп ойладым. Директордың кабинетіне кіріп барсам, ішегі қатып күліп, бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты. Орыс балаларының ішіндегі ең үлкені, 4-сыныпта оқитын Коля деген баланың директорға жазған өтініші екен. «Қадірлі директор аға! Сізге хат жазып тұрған Коля. Біздің орыс сыныбында оқығымыз келмейді. Қазақ тілінде оқығымыз келеді. Бізді қазақ сыныбына ауыстырыңыз. Өйткені, біздің анамыз – қазақ», – деп жазыпты. Сонда жылағаным-ай. «Анамыз қазақ» дейді. Сөйтіп тұрған баланы қалай жақсы көрмейсің, қызым?! Мына өмірде сен мейіріміңді аямасаң, сенен де ешкім мейірімін аямайды. Балаларым Талғардағы №6, №49 мектептерде оқиды. Біздің балалардың басқалардан ерекшелігі – өмірге деген құштарлықтары зор,-дейді Тұяқ апа балаларының тәтті қылығын еске алып.
Мейірім мекеніндегі игілікті істер
Шаңырақ көтергеніне 20 жыл толған «Нұр» отбасылық балалар үйінде бүгінде 51 бала тәрбиеленуде. Тұяқ апамыз бен Әнуарбек ағамыз бас болып , мұнда 10 адам еңбек етеді. Айта кету керек, өзінен тараған үш ұлы, алтындай келіндері — Кенжегүл, Света, Шолпан Тұяқ апаны «мамалап» жанынан шықпайды. Осы жердегі машақаты көп тірлікті бірге атқарысып, ыстық-суығын, қызығы мен шыжығын бірге көріп келеді. Мұнда балалардың алаңсыз ойнап, тынығуына, жақсы жатып, жайлы тұруына барлық жағдай жасалған. Компьютер сыныбы, музыка, қолөнер, денсаулық бөлмелері жабдықталып, балалар игілігіне қызмет етуде. Бес уақыт тамақ беріліп, ас мәзірі де балалардың жақсы жетілуіне негізделіп әзірленеді. Бүлдіршіндер өздерін үйдегідей емін-еркін ұстайды, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, үй тірлігіне араласып, отбасының ажырамас бір бөлігіндей сезінеді. Өйткені, Тұяқ апамыз әрбір баланы құшағына қысып, ыстық ықыласы мен мол мейірімін төгіп отырады. Қыз балалар асхана жұмысына көмектесіп, тамақ жасауды, тігін тігуді үйренсе, ал ұлдар Әнуарбек ағамыздың қасынан табылуға ұмтылады. Үш жыл бойы спортқа бейімі бар он баланы Алматы қаласындағы футбол секциясына қатыстырып келеді. Бүлдіршіндер өнерден де кенде емес. Арнайы жабдықталған бөлмеде басқосып ән салып, би билеуді ұнатады. Өнерпаз да, көрермен де өздері. «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге», — деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай, мейірім ұясында балалардың ой-санасын кеңейтуге ерекше ден қойылған. Олай дейтініміз, бұл ұядағы бай кітапхана кімнің болса да қызығушылығын тудырады. Жарық әрі кең үш бөлмені иелеген кітапханада өскелең ұрпақтың рухани азықтан сусындап, қалаған кітабын оқуға барлық мүмкіндік жасалған. Кітап сөрелерінде әлемдік классиктердің, қазіргі заманғы қазақстандық және шетелдік авторлардың туындылары, балалар әдебиетінің түр-түрі , ұзын саны 30 мыңға жуық кітап жинақталған.
«Менің басты мақсатым — бағып-қаққан балаларым 18 жасқа толғанда, өзін- өзі асырай алатын, өмірге бейімделген,ой-өрісі кең , қоғамның толыққанды бір-бір мүшесі болып шығуы керек. Бүгінге дейін осы жерден тəрбиеленіп, үлкен өмірге қанат қаққан 700 баланың , 350-і жоғары оқу орнында оқыды, қалғаны арнаулы оқу орындарын тәмамдады. Барлығы да белгілі бір мамандықты игеріп шықты. Бойжеткен қыздарым түгелдей тұрмыс құрды. Қазақи дәстүрге сай қолдан ұзатып, жасауларын жасап құтты орындарына қондырдым. Ұлдарым да отбасылы болып, шаңырақ көтерді. Барлығы да «апалап» хабарласып, мүмкіндіктері бола қалғанда ыстық ұяларына келіп-кетіп тұрады. Мен үшін балаларымның аман-есен ержеткенін, олардың жақсылығын көру баға жетпес бақыт!», дейді Тұяқ ана ағынан жарылып.
Ізгіліктің бастауы-мейірімділік
Дана халқымыз қайырымды, сауабы мол іс жасауды қашан да қасиет санаған. «Жетім көрсең жебей жүр» деп, ұрпағына ұлағатты тәрбие беріп, имандылық нәрін сіңіріп отырған. Сондықтан да болар,«жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған», өзгенің баласын өзегінен теппей бауырына баса білген. Небір тар жол тайғақ кешуді бастан өткерген халқымыз жанын шүберекке түйіп, ұрпағы үшін отқа да, суға да түскен. Ұрпақ тәрбиесін бір отбасының ғана міндеті деп қарамай, бүкіл ауыл-аймақтың, күллі қоғамның аса маңызды парызы деп түсінген. Бауыр еті баласын өмірінің жалғасы, елінің болашағы, үкілеген үміті деп бағалаған. Осы бір отбасылық, рухани құндылығымызды сейілтіп алған сияқтымыз. Бүгінде адамдар ішер ас, киер киімге емес, жан жылулығына мұқтаж . Өкінішке орай, тұрмыс жағдайын, тағдыр тауқыметін сылтау етіп,іштен шыққан баласын тастап кететін тасбауыр жандар әлі де бар. Ең қиыны жәутеңдеген қара көздердің саны едәуір артып, жетімдер үйінің көбеюі. Шет ел асып, туған топырағынан, ұлттық өзегінен, тарихи тамырынан ажырап, жатқа кеткен балаларымыз қаншама… «Жетімнің көз жасы у –дан да ашты», «жерде бір бала жыласа, көкте мың періште күңіренеді»деген сөз текке айтылмаған. Тұяқ апамыз да, қоғамда жетімдер мен тастанды балалар болмаса екен, деп тілейді бір Алладан.
Түйін. «Қайырымды жандар құнарлы жер іспеттес, алғанын сан есе қайтарып береді»деген екен бір данышпан. Осы бір ғибратты сөз ақ жаулықты аяулы Ана-Тұяқ Қаскенқызы мен асқар таудай ақылшы ата Әнуарбек Байсариндей жан дүниесі бай, жүрегі кең жандарға қаратып айтылғандай. Олар барда ата-анасыз қалған балаларымыздың өмірге деген құштарлық сезімдері бүр жаратынына, балалықтың бал дәуренінің тәтті дәмін сезініп өсетініне сеніміміз мол. Үлкен жүректі Батыр ананың тілегі мен төзімділігі, мейірімі мен аналық сезімі, атқарып отырған осынау қайырлы ісі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып келеді. Есқожина Тұяқ Қаскенқызы жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін 2013 жылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өз қолынан«Алтын жүрек» мүсіншесін, одан кейін де «Бірлік» алтын медалін алғашқы болып алған еді. Сонымен қатар, ол Талғар ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның іскер әйелдерінің «Даналық пен мейрімділік» бағыты бойынша республикалық байқау жеңімпазы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық медалінің,
патриоттардың республикалық форумындағы ҚР Мәдениет министрлігінің дипломының иегері. Күні кеше ғана Талдықорған қаласында өткен үлкен жиында мемлекеттік награда «Мейірім» медалін кеудесіне жарқырата қадады. Осының бәрі Тұяқ Қаскенқызының болашақ ұрпақ тәрбиесіне сіңіріп отырған өлшеусіз еңбегінің жемісі. Әсілі, «бір қолымен – бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен» құдіретті Ананың еңбегіне айтылар алғыстың ең жоғарғысы –бауырына басқан 750 баланың риясыз сүйіспеншілігі мен ризашылығы деп білеміз! Алтын жүрек атанған Тұяқ Қаскенқызына, өмірлік жары Байсарин Әнуарбек ағамызға әрдайым мерейлеріңіз үстем болып, бала-шағаларыңыздың қызығын көре беріңіздер дейміз! Мейірім мен ізгіліктің шапағатына шомылған «НҰР» отбасылық балалар үйінің қайырымдылық жолындағы қайырлы ісі көпке үлгі болсын!
Райхан Азимова,