Қазпоштаға — 25 жыл
Аудан халқына түрлі деңгейдегі баспа басылымдарын, хат-хабарлары мен сәлемдемелерді жеткізіп, әр өңірден келетін және жөнелтілетін хаттар арқылы тұрғындарды басқа аймақтардағы жақындарымен байланыстырып отыратын аудандық пошта байланыс торабының қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Бірнеше жүздеген жылдар бұрын пайда болып, бүгінде үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. «Қазпошта» акционерлік қоғамы – бұл еліміздегі ұлттық пошта желісінің жалғыз операторы. Сондай-ақ халықаралық пошталық хат-хабарлар мен пошта жөнелтімдерін жеткізуді іске асыратын бірден-бір компания.
1993 жылдың 5 сәуірінде тәуелсіз Қазақстан Республикасында алғашқы қазақ поштасы құрылып, ресми түрде мемлекеттік мәртебе алған болатын. Биыл қазақстандық пошта өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы ширек ғасыр ішінде пошта қызметінің аясы кеңейіп, тек хаттар мен сәлемдемелер жіберумен ғана шектелмей коммуналдық төлемдерді қабылдап, несие рәсімдеу процестерімен қатар көптеген жаңа заманға сай қолжетімді қызмет түрлерін ұсынып, жанданып келеді. Күн өткен сайын енгізіліп жатқан жаңашылдықтар бұл саланың тынысын кеңейтіп, халық сұранысын арттырып отыр. Бүгінде компания ел аумағын тұтастай ғаламтормен қамтып, заманауи технологияларды енгізу арқылы жаңа жұмыстарды қолға алып қызмет аясын кеңейтуде. Биылғы мерейлі жылда Талғар аудандық «Қазпошта» торабының бастығы Ерболат Сарқұловты әңгімеге тартып, пошта жұмысының негізгі бағыттары қандай және басқа нендей жаңашылдықтар бар екенін білген едік.
—Ерболат Сәлімбайұлы, ауданымыздағы маңызды қызметтердің бірін атқарып отырған пошта торабының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып берсеңіз?
— Талғар аудандық пошта торабында 34 халыққа қызмет көрсету бөлімшелері бар. Құрылымдық бөлімдерді атап айтқанда, 1 – орталық операция залы, 4 – қалалық пошта байланыс бөлімшесі, 19 – ауылдық пошта байланыс бөлімшесі, 1 – жылжымалы пошта байланыс бөлімшесі және 5 — төлем қабылдау пункті. Оның ішінде 25 бөлімше автоматтандырылып, «Колвир» атты зейнетақы және жәрдемақыны дер кезінде алуларына мүмкіндіктер беретін бағдарлама енгізілген. Орталық операция залында заманауи электронды кезек түрі енгізіліп, пошта қызметіне жүгінушілердің отырып кезек күтуіне жағдай жасалған. Белбұлақ, Бесағаш және Тұздыбастау байланыс бөлімшелері көгілдір отынға қосылды. Ауданымызда 7 автокөлік халыққа қызмет көрсетеді. Гүлдала ауылында өткен жылы заманауи жаңа үлгідегі пошта ғимараты қолданысқа берілді. Оның құрылысына шамамен 15 миллион теңге қаражат жұмсалды. Бүгінгідей дамыған заманда 133 адам қызмет ететін аудандық пошта байланыс торабы өзге елдерден хат-хабар, сәлемдемелерді қабылдап, жөнелтіп және түрлі елдер арасында ақша аударымдары қызметін жүзеге асырады. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға баспа басылымдарын уақытылы жеткізіп, түрлі салық төлемдерін, коммуналдық төлемақыларды, жол ережесін бұзған азаматтардың айыппұл сомасын қабылдап, жәрдемақы, зейнетақы, бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақыларын үлестіреді. Тұрғындардың «Хоум кредит» банкі арқылы алған несие сомасын пошта қызметі арқылы төлеуіне болады.
—Пошта байланысы бұрынғыдай емес, жаңа сипатқа енген. Заманауи, жаңа технология әдісі негізінде халықпен байланысын арттырған. Пошта саласына енгізіліп жатқан жаңа қызметтер жайлы да жұрт білгені дұрыс болар?
-Әрине. Бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ-ның стратегиялық жоспары аясында модернизациялау, трансформациялау жұмыстары кеңінен қанат жайып, нәтижесінде пошта қызметі қосымша қызметтермен толыққан. Атап айтқанда, аудан тұрғындары электронды пошта арқылы хат-хабарларды қабылдап және жөнелтуге негізделген гибридті электронды пошта, сәлемдеме, халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыратын «Юнистрим», жеделдетілген хаттарды қабылдау және жеткізуге арналған – ЕМS, жеделдетілген ақша аударымы – «Сәлем теңге» сынды жаңа қызметтердің игілігін көріп келеді. Қазіргі таңда пошта байланыс бөлімшелерінен Темір жол, авиа билеттерін сатып алуға, лоторея билеттерін ойнауға, әр клиент несиесі туралы мәлімет алуға, тапсырыс арқылы канцелярия тауарларын алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар пошта таратушылардың жұмысын жеңілдету мақсатында жаңа ұялы телефондармен қамтамассыз етілді. Бұдан былай шалғайдағы елді мекен тұрғындары ұялы телефон арқылы төлемдерді төлей алады. Сол үшін «Қазпошта» мекемесі «Salem Mobile» жүйесін іске қосты. Бұл қызметті пайдалану тәсілі өте қарапайым. Картаңызды бір рет «Post.kz» жүйесіне тіркеп алсаңыз жеткілікті. Сонда ғана қалта телефонның көмегімен алатын тауардың нөмірін теріп, төлемді іске асыра бересіз. Аудандық пошта бөлімшелерінде жаңа қызмет терминалы орнатылған . «Қазпошта» АҚ клиенттері үшін үй телефоны арқылы сәлемдеменің жеткенін ескерту сервисін іске қосты. Енді велосипедпен және автокөлікпен жүретін пошташыларға дрондар мен робот пошташылары қосылатын болады.
—Өткен жылы пошта қызметінің сервистік модельге көшкендігінен хабардармыз. Бұл қызметтің жаңа түрін бірі білсе, бірі біле бермейді. Тарқатып айтып өтсеңіз?
-Өткен 25 жыл айтулы оқиғалар мен жетістіктерге толы болды. Мекеменің қызмет аясын кеңейту және халықаралық ұйымдарға қосылу, электрондық коммерциямен және Қазпошта қызметтерін цифрландырумен байланысты инновациялық жобалар енгізілді. Төлем карталарын шығару үшін өз процессингтік орталығын іске қосты. Қазақстан тарихында алғаш рет дрондармен сәлемдемелер жеткізіле бастады. Қоғамның пошталық және қаржылық қызметтерін ұсынатын, инновациялық жабдықтармен жабдықталған Қазақстандағы алғашқы цифрлық офис ашылды. Пошта-логистикалық жүйесіндегі барлық қажетті құжаттарды арнайы мобильдік қосымша арқылы біріктіру мүмкіндігі бар, пошташылар жұмысының тиімділігін арттыратын, пошташыларға арналған «MobilePostman» жаңа сервисі іске қосылды. Сәлемдемелерді өңдеу жылдамдығын 10 есе арттыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған сұрыптау желісі іске қосылып, «e-commerce» орталықтары ашылды. Мұның барлығы пошта қызметінің сапасын арттырып, халыққа жылдам қызмет көрсету үшін қолға алынған жаңа бастамалар.
— Сапалы қызмет көрсету үшін қызметкерлердің еңбекақысы да соған сай болуы керек-ті. Осыдан бірнеше жыл бұрын пошташылар жалақысының мүлдем аз екені мемлекеттік деңгейде айтылып жүрді. Қазіргі таңда бұл мәселе қалай шешілуде?
–Өткен жылы мекеме қызметкерлерінің жалақысы біршама өскен болатын. Кірісімізге қарай жалақы мөлшерін тағы да көтеру ойымызда бар. Жалақыдан бөлек қызметкерлерді ынталандыру мақсатында түрлі мотивациялық жобалар енгізілуде. Мәселен, биылдан бастап бонустар беру жолға қойылмақ. Қызметкерлер теміржол, әуе билеттерін сату, есепшот ашу тәрізді атқарған жұмыстарына қарай бонустар алып отырады. Жалақыларына кәдімгідей елеулі ақша қосылып, қызметкерлеріміз өз жұмыстарын сапалы атқаруға ынталана түсетіні сөзсіз.
— Пошта қызметінің басты бір бағыты – басылымдарға жазылуды жүргізу және дер кезінде оқырманына жеткізіп беру. Қазіргі электронды жүйенің дамыған уақытында газет-журналдарға деген жұртшылықтың қызығушылығы мен көзқарасы қандай?
– Электронды байланыс құралдарының пайда болуы пошта қызметiне деген қажеттiлiктi жоғалтты деп ойлайтындар жоқ емес. Рас, бүгiнде күнделiктi жаңалықтардан хабардар болу үшiн бума-бума газет-журналға жазылып, пошташының жолын сарыла күтетiн заман өткен. Дегемен де, ауылдық жерде барлық үйде интернет бар деп айта алмаймыз. Әрі интернеттегі алып ақпарат әлемінен керегімізді табу да, ондағы жазылғандардың бәріне сену де қиын. Сондықтан да, қағаз басылымдар бүгінгі күні де өз маңызын, рөлін жойған жоқ. Аудандық «Қазпошта» бөлімінде каталог бойынша жүздеген газет-журналдар ұсынылады. Солардың қай-қайсысына жазылса да тұрғындарға уақытылы жеткізіледі.
—Ерболат Сәлімбайұлы, әңгіме барысында аудан тұрғындарына қажетті мол мағлұмат бердіңіз. Ауданымыздың айнасы саналатын аудандық газетті үзбей оқитын оқырмандар ендігіде пошта қызметіндегі жаңашылдықты біліп, қызметіне жүгінеді деген сенімдемін. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Ұжымыңызға сәттілік әрі табыс тілейміз! Сұхбатыңызға рахмет!
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».