Талғар өлкесі тарихи тұрғыдан өте бай мекен.Талғар қаласының оңтүстігінде орны сақталған бір ғана Талхиз қалашығының өзі талғарлықтар үшін қасиетті мекен. 2014 жылы Ұлы Жібек бойында орналасқан 33 көне қоныстың бірі ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік тізіміне енген қалашықтан өзге жергілікті тұрғын жарыса айтатын қасиетті жер атаулары жетіп артылады бұл өлкеде. Нұра мен Туғанбай ауылдарының аралығындағы Құрөзек деген жерде жыр алыбы Жамбыл мен Құлмамбет ақынның айтысы өткендігін зерттеп, зерделеп жүріп анықтап, белгі орнатылғанын көзімізбен көріп қайтқанбыз. Рухани жаңғыруға негізделген мұндай шаралар жастарды отансүйгіштікке баулудың төте жолы дей аламын. Мұнан өзге де тарих пен тұлғаларды тірілтіп, олардың жарқын бейнесі мен өшпес ерлігін халқымен қауыштырған сүбелі дүниелер жетіп артылады. Жуырда сондай тарихи-танымдық игі шараның куәсі болдық. Бұл жолғы тәрбие тетігі – даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы жасақтаған «Талғар полкі» турасында болды.
Бүгінде «Солдат сай» деп аталатын бұл жерге атақты қолбасшының табаны тиіп, тау мен тасы, суы мен нуы Баукеңнің қаһарлы қабағы мен қатулы сөздеріне куә болғанын бірі білсе, бірі білмес… Әсіресе, жас ұрпақ білуге тиіс бұл мекенді ұлықтап, ұлағаттауды басты ұстаным еткен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Момышұлының кітаптарынан тауып, тарихшылардан сұрап жазда осы жерге тақтайша орнатқан-ды. Бұл жер жайлы тарқатыңқырап айтатын болсақ, 1941 жылдың шілдесінде генерал Панфиловтың басшылығымен Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясы ұйымдастырылғанда, оның 1073-ші атқыштар полкі Талғарда жасақталады. Ол кейін “Талғар полкі” деп аталып кетеді. Бауыржан Момышұлы өз батальонын Талғардағы ауыл шаруашылық техникумына (қазіргі М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжі) орналастырып, тау бөктеріндегі шатқалда жауынгерлерге соғыс өнерін үйретіп, ұрыстың әдіс-тәсілдеріне машықтандырып, шыңдайды. Баукең бұл жайында «Біздің генерал», «Москва үшін шайқас» кітаптарында баяндап өткен. Талғар ауданына қарасты Алатау ауылдық округінің Т.Рысқұлов ауылының маңындағы сол шатқал бүгінде жергілікті жұрттың аузында «Солдат сай» атауымен танымал. Ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, Отан үшін от кешкен тау тұлғаның тауы мен тасына тарих тұрған Талғарға табанының тиюі – әр талғарлықтың үлкен-кішісіне қарамай мақтанып айтар әңгімесі деп білемін. Жыл өткен сайын көргені мен білгенін әңгімелеп берер аузы дуалы ақсақалдардың қатары сиреп бара жатқандықтан өскелең жастарға тарихты, ата-бабаларымыздың ерлігі мен бейбітшіліктің таңы қалай атқанын түсіндіру, насихаттау маңызды дүние. Алайда есеп берер өтті-кетті дүниемен шектеліп, «шалажансар» шаралардан шығар нәтиже де солғын, берілер тәрбие де бәсең. Жастарға өз тілінде үн қатып, дәстүрлі шаралардан тыс тәрбие жүргізуден шығар қорытындының оң болары айтпаса да түсінікті. Сол жолды ұстанған аталмыш бөлім сан бояулы салтанатты шарадан гөрі, тау етегінде орнатылған тақтайшаның төңірегіне топтасып, Бауыржан батырдың тарих пен ұрпақ үшін жасаған ерлігін ардақтап, тағзым етіп қайтты. «Мың рет айтқаннан, бір рет көрген артық» деген қағидамен ұйымдастырылған саяхатқа аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлерлері, «Жауынгер» Ауғаныстан соғысының ардагерлері Талғар қалалық қоғамдық бірлесігінің мүшелері, ТАжМК оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері белсене атсалысты. Одан өзге ұлтқа берер тәлімі, айтар ақиқаты бар ақын, сазгер, Талғар ауданының «Құрметті азаматы» Камнұр Тәлімұлы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген Мәдениет қайраткері, тамаша тарланы Әділхан Қабылов та келешек үшін өткізілген келелі шарадан тыс қалмады.
Қалғып кеткен ұлттық патриотизмді оятып, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелуде жаны қалмай жұмыс істеп жүретін Фарида Мамырбекқызының кіріспе сөзі жер атауының шығу төркінімен ғана шектелген жоқ. Тәуелсіз елдің санасы кембағалдық, бойкүйездік, отаршылдық комплекстерден арыла алмай келе жатқандығын айтып, жастардың санасына серпіліс қажеттігін ескертті.
- Тарихи сана дұрыс қалыптаспаса рухани жаңғырамыз дегеніміз құр далбаса. Өйткені, тарихи сананың қалыптасуында ақиқатқа құрылған шынайы тарих пен салт-дәстүрдің алтын арқауына байланған руханият жатады. Халықты тарихи санасынан айыруға негізделген кеңестік идеологияны аулаққа құртып, өз тәуелсіз тарихымызды танып-білген ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – күн тәртібінен түспейтін мәселе болуы керек. Сонда ғана рухани жаңғырған «Мәңгілік ел» боламыз, — деген бөлім басшысының жалынды сөзін үлкен-кіші зор ықыласпен тыңдады. «Отанды сүю — иманнан» деген ибалы сөзді басшылыққа ала сөйлеген ақын Камнұр аға жасық рухты жануда кемшін түсіп жатқан тұстарды батыра айтты. Ақынның сөзіне жүгінсек, бабаларымыздың өр рухы Алладан ғана келетіндігімен асқақ болған. Шынымен де, жаудан емес, өлімнен емес, ажалдан емес, Алладан ғана қорқатын рухтың көрінісі ұлы батыр бабаларымыз емей немене? Рухты сөзін рухты жырмен түйіндеген Камнұр ағаның сөзінен қазақтың қайсар рухы Аллаға деген сенімге байланып, ерлік пен өрлікке ұштасқанын түсіндік, түйсіндік. Кезекпен сөз алған талғарлық өнер иесі Ә.Қабылов, ауғандық жауынгер А.Құрбанбаев патриоттық сана-сезімді оятуға бағытталған шаралардың көптен өткізілгенін қалап, осы жолда өздері де бар күш-жігерлерін салатынын жеткізді.
ТАжМК студенттері Б.Момышұлы шығармасының желісімен
даярланған көріністерін қойып, батыр баба жайлы баяндамаларын оқыды. Кезінде «Талғар полкінің» өз оқу орындарында жасақталып, шыныққанын мақтаныш көретіндігін көздеріндегі оттан байқауға болады. Ұстаздары Бекболат Құдайбергенов пен Ермек Сапаков білім мен тәрбиені ұштастыра білетін білікті мамандар екен. Осылайша, тарихи-танымдық саяхаттан тарихи санамыз жаңғырып, рухани белсенділігіміз артып қайттық.
«Тама берсе тамшы да тас теседі». Өзінің шыққан тегін, өлкесін, халқын, нәсілін, оның рухани түп-тамырларын, өткен өмір жолы жайлы жастардың санасына құя берсе оны болашаққа құйылған инвестиция деп бағалаған жөн. Жастайынан қалыптасқан тарихи санасы таза жастан ұлттық рухы берік азамат шығады. Ұлттық рухы шыңдалған жаннан ұлтын сүйген тұлға қалыптасады. «Мәңгілік елдің» басты ұстанымы осы болса керек!!!