Алматы облысында өрт жағдайы 13,1%-ға төмендеген

Алматы облысында өрт жағдайы 13,1%-ға төмендеген

Алматы облысының аумағында өткен жылы 1 355 өрт тіркелсе, ағымдағы жылдың 9 айында 1 177 өрт орын алған, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Үстіміздегі жылы Төтенше жағдайлар департаментінің есеп беру кезеңінде тұрғын секторда 794 өрт оқиғасы тіркеліп, 48 млн. 289 мың теңге материалдық шығын шықты. Ол  жалпы өрттер санының 67,4 %-ын құрады.

«Алматы облысында  жыл басынан бері тұрғын үй секторында 13 адам газбен уланған. Оның басты себептерінің бірі азаматтардың жылыту жабдықтарын пайдалану кезіндегі немқұрайлығы салдарынан орын алады, яғни өрт қауіпсіздігі талаптарын елемеу, дұрыс пайдаланбау. Бұл жағдайлар көбінесе тұрмыс жағдайы төмен тұрғындарда тіркелген. Департамент қызметкерлерімен өрттің алдын алу шараларын жүргізу үшін «Өрт қауіпсіздігі шаралары туралы» түбіртек ұсыныстар, жадынамалар мен ақпараттық парақтар әзірленіп, адамдар жаппай жиналатын орындарда, мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлерде таратылады»,- деді Өрт қауіпсіздік саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сүлейменов.

Сондай-ақ, ішкі істер органдарының қызметкерлерімен Департамент бірлесіп көп балалы және жағдайы төмен отбасылар, зейнеткерлер арасында  2 460 рейд жүргізіліп, 4538 азамат есепке алынды. Аталған санаттағы тұлғалармен мас күйінде темекі шегуге жол бермеу, тұрғын секторда өрттердің алдын алу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Толығырақ Алматы облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел-құтқару бөлімі ММ басшысының орынбасары Берік Темірханұлы айтып өтті.

— Облыс тұрғындарына үйлеріндегі пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі нормалары мен ережелерінің талаптарын ескерткіміз келеді. Тұрғын секторда от жағу маусымы ең қауіпті кезең, себебі пешті жағып, электржылытқыштарын қосып, жеке үйлердің тұрғындары түтіндіктің ақаулығынан және т.б. себептерден болатыны туралы еш ойланбайды. Адам өліміне әкелетін және өрттің пайда болуына әкеп соқтыратын негізгі себептің бірі болып, қатты және сұйық отынмен жанатын пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу. Жылу беру маусымы басталар алдында пештер тексеріліп, түтіндіктері тазаланып, сылануы керек,- деді ол.

Айта кету керек, алдағы қараша, желтоқсан айларында оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерде және т.б. жерлерде төтенше жағдайлар кезіндегі  оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі.

Талғар-ақпарат