Аудандық мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есепті жиындары осы аптада Гүлдала, Панфилов және Кеңдала ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Апта ішіндегі алғашқы жиын Гүлдала ауылындағы №21 орта мектебінің жиынжайында өтті. Мәні кең жиынға аудан әкімінің орынбасары Қайдар Абдыханов, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары,бірқатар басқарма, бөлім, мекеме басшылары мен мамандары қатысып отырды. Жиналған ауыл жұртшылығының алдында аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы есепті баяндама жасады. Өз баяндауында ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, атқарылып жатқан жұмыстар мен алға қойған келелі міндеттерді, аудандық мәслихат жұмысының негізгі бағыттарын қамтып өтті. Осыдан соң мінберге ауыл әкімі Мақсат Маханбетқали көтеріліп ауылдың тыныс-тіршілігі жайында хабарлама жасады. Аталмыш округ аумағында үш елді мекен бар: Гүлдала, Кіші Байсерке және ағымдағы жылдың маусым айында ресми түрде ауыл мәртебесін алған Жаңа Қуат ауылдары. Округ бойынша жалпы халық саны 11409 адамды құрайды. Ауыл әкімі өз сөзінде салық, қаржыландыру, әлеуметтік мәселелермен қатар елді мекендердің инфрақұрылымы, ауыз су, газдандыру, қоғамдық тәртіпті сақтау, кәсіпкерлік салаларын жан-жақты қамтыды.
Қос баяндаманы тыңдап болған соң, ауыл жұртшылығы өз талап-тілектерін ортаға салды. Көпшілікті толғандырып жүрген мәселенің бірі-жиын өтіп отырған аталмыш №21 ОМ –нің жағдайы болды. Жыл озған сайын мұндағы оқушылар саны да артып келеді. Сиымдылығы 900 оқушыға арналған білім шаңырағында бүгінде 2000 бала оқып, білім алуда. Елу жылда бір рет те жөндеуден өтпеген мектептің тарлығы ата-аналарды мазалап отыр. Мектепті кеңейту үшін іргедегі бос жерге жалғастыра жапсарма құрылыс жүргізілсе, деген ойларын ортаға салды. Бұл мәселе аудан әкімшілігі мен халық қалаулыларының басты назарында екен. Сондықтан бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы ЖСҚ-ы әзірленсе, қаражаттың қарастырылуына байланысты 2019-2020 жылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарда бар.
Депутаттардың кезекті кездесу жиыны түс ауа Кіші Байсеке ауылындағы №40 ОМ-нің жиынжайында жалғасып, оған аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы қатысты. Мұнда да жиынның күн тәртібі мен өткізілу регламентіне сай мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлының баяндамасы мен ауыл әкімінің хабарламасы тыңдалды. Осыдан соң сөз тізгіні ауыл тұрғындарына берілді. Ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абіләшім Күнісбаев ауыл ішіндегі арықтарды ретке келтіру, яғни кеңейтіп, тазарту жұмыстары т уралы, жарық , ауызсу және оған төленетін төлемақыны көтермеу, қаңғыбас иттерді аулау, көшелерді күл-қоқыстан тазарту мәселелерін алға тартты. А.Окасова деген азаматша жаңа мөлтек аудандардағы ауызсу, жол, көше бойы жарығы туралы, жедел жәрдем қызметінің сын көтермейтінін, пошта, дәрігерлік амбулаторияның да мүшкіл халін сын тезіне алды. Ауыл тұрғыны Нина Скрипачева тұрғындардың өз күшімен іске қосқан электр трансформаторын АЖК құзырына өткізіп беруді өтінді. Ол пайдаланылған электр қуатына төленетін төлемақы 1 квт.- 25 теңгені құрайтынын, оған қоса жинақталып қалатын энергия шығынын өтеу де қиындық туғызып отырғанын қынжыла жеткізді. Тұрғындар тарапынан айтылған сын-ескертпелер мен өтініш-тілектер депутаттар назарына алынды. Бірқатар сауалдар бойынша сала мамандары бірден тиесілі жауаптар берді.
Келесі күні, яғни 26 қыркүйекте аудандық мәслихат депутаттары Панфилов ауылдық округіне ат басын тіреді. Алғашқы кездесу жиыны Төңкеріс ауылындағы №23 ОМ-нің қабырғасында өтті. Алдымен жиналған көпшілік аудандық мәслихат хатшысының есепті баяндамасына құлақ түрді. Одан соң ауыл әкімі Нұрғали Аппазов ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында хабарлама жасады. Осыдан соң, сөз алған ауыл тұрғындары тарапынан ауызсу мәселесі, тұрмыстық қоқысты шығаруға төленетін төлемақыны ( кісі басына айына -200 тг.) қымбатсынатындықтары, жарықтың жиі өшірілетіні, су құбырларының тозығы жеткендіктен жиі жарылып, ауызсу зардабын тартып отырғандары,газ тарту қашан жүзеге асырылатыны және оған төленетін қаражаттың қымбаттығы (350 мың теңге.) айтылды. Сонымен қатар, балаларды мектепке тасымалдайтын 15 орындық екі автобустың санитарлық жағдайы мен сиымдылығы еш сын көтермейтінін қынжыла жеткізді. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіндердің денсаулығына нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Аталған мәселелерге қатысты құзырлы бөлім басшылары жауап беріп, орын алған кемшіліктерді түзету шараларын қолға алатын болды.
Осы күні түстен кейін депутаттар бастаған арнайы топ Панфилов ауылындағы №33 ОМ-нің жиынжайында бас қосты. Ауыл тұрғындары аудандық мәслихаттың жұмысы жайында, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге бағытталған ауқымды жұмыстар мен іс-шаралар жайында хабардар болған соң, өз ой-пікірлерін,ұсыныстарын білдірді.
Жәнібек Орымбетов деген азамат ауылда жарықтың жиі өшірілетінін, соның кесірінен су да тоқтап қалатынын айтты. Бұл рас , су айдайтын насостар элекр қуатымен жұмыс істейтін болғандықтан, жарық сөнгенде ол да тоқтап, ауыз судың үздіксіз берілуіне нұқсан келуде. Сонымен қатар электр сымдары да тозған жиі үзіледі. Қойылған сауалға тиісті мекеменің маманы Рүстем Разбеков жауап беріп, 2019 жылы тіректер мен кабельдерді жаңартуға бағытталған іс-шаралар жоспарлануда, деді. Ауыл ақсақалы Ақберген Сәрсеков, Ж.Оспанов, Роза Ақжановалар тұрғын үйлерге қашан газ тартылатынын сұраса, Ж.Молдабаева Қызыл Ту ауылына жаңа мектеп қашан салынатынын, пошта мәселесін көтерді. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, мектеп құрылысына байланысты ЖСҚ-жасалуда, ал пошта ғимараты 2019 жылы бой түземек.Жол қауіпсіздігі мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер мен созылмалы ауру түрлеріне қарай тіркеуде тұрған науқастарға берілетін тегін дәрі-дәрмектерге қатысты сауалдар да қойылды. Жиын барысында айтылған ұсыныс-пікірлер мен сауалдарды депутаттар, құзырлы мекеме басшылары қойын дәптерлеріне түртіп алып, бірқатарына бірден жауап қайтарса, кейбір мәселелердің шешімі алдағы уақыттың еншісіне қалдырылды.
Дана халқымыз: «Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді. Олай болса, ел аманатын арқалаған депутаттардың өз сайлаушыларымен кездесулер өткізіп, ашық-жарқын пікір алмасуы, олардың талап-тілегіне құлақ түруі көптеген түйінді мәселелерді шешуге жол ашып, туған өлкеміздің өсіп-өркендеуіне оң ықпалын тигізері айдан анық. Маңызы зор мұндай кездесулер кестеге сай әрі қарай да жалғаса бермек.
Райхан Азимова
Талғар-ақпарат