Жұтылғың келмесе, қорғанды жүрекке соқ!

Жұтылғың келмесе, қорғанды жүрекке соқ!

Әр сөзімен соны ой қоздатып, ұлттық даналықтың туын сана биігіне желбіреткен қазақтың ұлы ақыны Абай өз  шығармаларында «жүрек» сөзін 40-тан астам мағынада 107 рет қайталаған екен. Қай өлеңінде, не қара сөзінде қолданбасын  ұлы ақын достық пен қастықтың, ар мен ұяттың, адамгершілік пен адамдықтың  барометрі жүректен туындайтын қасиеттер екенін ұғындырады.  Ауданымызға арнайы келіп, тұрғындармен кездесіп, келелі әңгіме өткізген «Рухани керуен» өкілдері де бұл пайымды тереңінен толғап, тағлымды кездесудің өзегіне айналдырды.  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын  орындау мақсатында өткен жылы құрылған «Рухани керуен» облысымызда ғана емес республика бойынша ірі жобалардың тізіміне кірген екен. Аудан-аудандарды аралап,   300-ге жуық өткізілген кездесудің басты мақсаты – діни сауаттылықты арттыру, бір-бірінен бөле қарауға болмайтын дін мен дәстүр сабақтастығын жан-жақты дәріптеу.

Биыл да осы мақсат аясында өнегелі жұмыстарын бастаған «Рухани керуен» алты ауданды аралап, апта ортасында ат басын ауданымызға бұрды. Танымал дінтанушы мамандардың қатысуымен өткен рухани кеш Қызыл-Қайрат ауылындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Кең зал ауыл тұрғындарынан бөлек мемлекеттік мекеме мен бөлім басшыларымен, сондай-ақ тәрбие мен білім ошағының қызметкерлерімен толып отырды.  Шараны ашып, жүргізген аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Алғатбекұлы керуеннің келудегі жұмыс барысымен және қонақтармен таныстырды.  Алғашқы сөзді алған  Алматы облыстық «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» директорының орынбасары  Айгүл МАНАПҚЫЗЫ облыс тұрғындарының діни сауатын арттырумен қатар, дәстүрлі емес діни бағыттарға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында түрлі форматта іс-шаралар легімен таныстырып, қандай шара болмасын жастардың діни сауатын арттыруға сеп екендігін ескертті.

Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, доктор Бағашар ҚҰДАЙБЕРДІ  Елбасы Жарлығымен бекітілген Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының маңыздылығына  тоқталып, бөлімдерінің басты қағидаттарын атап өтті. Тұжырымдаманың әлемде қалыптасып отырған геосаяси жағдайларды, ішкі және сыртқы қауіптерді ескере отырып Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтуға негізделген кешенді құжат екендігін тыңдаушыларға сауатты жеткізе білді.

Өрелі ойларымен танымал облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшісі Жұмахмет Жайлаубаев сөз алғанда сыбыры күшейген жұрт сілтідей тынды десем артық айтқандығым емес болар.  Рухани жаңғырудың мәні – жүрек көзін ашу екендігін жай сөзбен-ақ түсіндіріп беген Жұмахмет ағаның айтқанына сөзсіз қосыласың.  «Рухани жаңғыру дегеніміз – рухты жаңғырту. Өкінішке қарай осы қарапайым түсінік іс жүзінде бұрмаланып, мүлде басқа мән алып жүр. Рухтың ішкі мәнін түсініп алмай ешкім де рухани жаңғыра алмайды. Елімізде рухани жаң­ғыруға бағытталған бұрын-соң­ды қанша жобалар, жақсы бас­талған іс-әрекеттер болды. Бірақ бұл жобалардың ішкі мәні кезінде ашылмағандықтан олар­дың барлығы да орындалмай, аяқсыз қалды, не болмаса толық өз нәтижесін бере алмады. Рухани жаңғырудың ішкі мәні – адамның адами қасиет­терін өсіру. Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі, – дейді Абай. Рухани жаңғыру­дың ішкі мәні – жүректің көзін ашу. Жүрек көзі ашылса хақтың сәулесі түсіп, адам болмысы өзгереді. Фәни әлемнің әсерімен адамның іші кірленіп, нәпсінің ықпалына түседі. Күнәлі істерге барып, ар-ұятынан айрылады. Қайтадан адам қалпына келу үшін ол іштегі кірді қашыруы керек. Сол кезде оның кеудесі ашылып, хикметке толады. Хик­метке толу дегеніміз – жан дү­ниенің тазартып, сана-сезім­нің өсуі. Жан тазарғанда ұят оянып, рухани сәуле адам болмысын жаңғыртады»,- деп бағдарламаны жетесіне жеткізе айтып берген тілші сөзіне тыңдармандар бас изеп, қостай кетті. Осы пікірді іліп алып кеткен ақын, аудандық орталық мешіттің баспасөз халшысы Камнұр Тәлімұлы ағамыз да Абай мен Шәкәрімнен тартып, Мұқағалиға тоқтап, бүгінгі Шаханов жырларындағы рухты оятар өлеңдерді тұздық ете отырып тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндеп берді.  «Рухани жаңғыруы үшін адам тән құмарын жеңіп, жан құ­марына берілуі керек. Жан құ­марына берілгенде жүректің көзі ашылып, адам жетілудің жа­ңа деңгейіне көтеріледі. Біздің санамыздағы ұлттық рух – негізінен дінімізден, тілімізден, салт -дәстүрімізден нәр алып, нығайып, дамып отырады. Сол себепті ұлттық рухымызды байытқымыз келсе – дінімізді сақтап, тілімізді жетілдіріп, салт-дәстүрімізді өркендетуге тиіспіз. Бүгінгі күнгі қоғамымыздағы шындап қолға алынбай, ақсап жатқан басты проблема осы болып отыр», — деп дін мен дәстүр сабақтастығын жіктеп, саралап берді.        Кездесу соңы терме-толғауларға толы концерттік бағдарламаға ұласты.

Дәл осындай кездесу жастармен де өткізілді. Жыршы, термеші Әбіш Әділбеков, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің PgD докторанты Руслан Өмірғазыұлы, Алматы облыстық «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» «Христиандық және басқа діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің» басшысы Сағыныш Асқарұлы және аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова жастардың діни сауаттылығы мен түсінігі жайлы әңгіме қозғап, заманның ағымына ере берудің елеулі кемшіліктері мен қиындықтарын айтып берді. Ақпараттық соғыста жұтылып кетпеу үшін рухани күш-қайраттың күштілігі мен жүректің мықтылығы зор рөл ойнайтыны да жеткізілді.

Қалай десек те, Мұхаммедке (с.ғ.с) лайықты үммет атанып, Абайдың аманатын орындап, Мұқағалидың арманына қол жеткізсек, жаңғырудың жолы осы болмақ.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

Талғар-ақпарат