МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Бүгінгі таңда өз ісімді ашамын деген адамға мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндік мол. Тек ниет пен тәуекел керек.

«Нəтижелі жұмыспен қамтуды жəне жаппай кəсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек»
бағдарламасы» бойынша төменгі үстемақымен несие алған Кеңдала ауылының тұрғындары Бақын Тұрсынбайұлы мен жары Қойшыбайқызы Саягүл мал шаруашылығымен шұғылданып, кəсібінен нəсібе теріп отырған жандар. «Туған жер-тұғырың», «Туған жерге туың тік» демекші, Саягүл мен Бақын 2012 жылы ҚХР-нан ата жұртқа аңсап жеткен қандас бауырларымыздың бірі. Елге оралған соң қол қусырып қарап отырмай,
қолда бар азын-аулақ қаражатқа қора-жай салып, ірі қара мал сатып алып ел қатарлы өз тіршіліктерін бастап кетеді. Осылайша, ешкімге алақан жаймай баспаналары тұрған 14 соток жерді тиімді пайдаланып, мал басын өсіруді көздейді. Десек те, қысқа жіп күрмеуге келмейтіні сияқты, қаражат тапшылығы ойға алған қыруар істі жүзеге асыруға қолбайлау болғаны да шындық. Міне, осы бір кездері «Хабар» телеарнасынан жеке кəсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жайында естіп, үміт оты маздай түсті. Бірден аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, тіркеуге тұрады. Ондағы мамандар бағдарлама жайында жан-жақты түсінік берген соң, қажетті құжаттарды жинақтап өткізеді. Кəсіпкерлікпен шұғылданудың əліппесін үйреніп, негіздерін түйсіну мақсатында Саягүл Қойшыбайқызы аудандық кəсіпкерлер палатасы тарапынан ұйымдастырылған «Bastau Бизнес» курсына бір айлық оқуға жіберіледі. Осылайша, жеке ісін ашуға дайындық шараларын жүзеге асырып жүргенде, комиссияға жіберілген құжат- тары мақұлданып, 4 млн. теңге көлемінде төменгі үстемақылы несиеге қол жеткізеді. Қора-жай дайын. Тиесі-лі қаржыға ірілі-ұсақты жиырмадай сиыр малын сатып алады. Мəшһүр-Жүсіп Көпеевтің: «Сиыр деген бір мал бар, Зеңгі атаның баласы. Қасиеті май берер, өзгеше екен бағасы», – деп жырлағанындай, Зеңгі баба төлінің адам тіршілігіне берері мол. Сиырдың сүтінен жасалатын дастарқан тағамдарының өзі неге тұрады. Сүт, ірімшік, май, бал қаймақ, құрт жəне т.б. сүттен жасалатын тағамдардың адам ағзасына пайдасы орасан зор. Сиырдың еті де, ол еттен жасалатын өзге де тағамдар да қазақ халқының дастархан мəзірінен лайықты орын алатыны белгілі.

– Мал шаруашылығы бізге таңсық емес. Өйткені бұл – ата кəсібіміз. Үкіметтің қолдау көрсетуінің арқасында бүгінде шарушылығымыз кеңіп, мал басының өз төлі есебінен өсуі де ырысымызды асырып отыр. Біздің негізгі ден қойғанымыз сауынды сиырлар болғандықтан, күніне оншақты сиыр сауылады, одан шамамен
150 литрдей сүт аламыз. Сүтті көршіқолаң, ауыл тұрғындары үйден өздері келіп алып кетеді. Күнделікті май, ірімшік, құрт, сүзбе, қатық тағы бар. Құдайға шүкір, дастарханымыздың да берекесі осы бағып отырған мал-дың өнімі ғой. Аталған өнімдерді сұранысқа қарай дайындап та береміз, – дейді кəсібінің нəсібін көріп отыр-ған Бақын Тұрсынбайұлы ағынан жарылып. Мал шаруашылығы бейнеті көп тірлік болғанымен, берекесі де көлкөсір. Шаруа адамын, əсіресе, жем-шөп, жайылым мəселесі толғандыратыны рас. Бақын Тұрсынбай-ұлының айтуынша малды ауылдың табынына қосатындықтан бақташыға мал басы үшін айына үш мың
теңге төлейді. Жем-шөпті сатып алады. Шаруашылығын əрі қарай өркендетуді көздейтін кəсіпкер, қора жайды кеңіту үшін қосымша жер телімі бөлінсе, жақсы болар еді, – дейді. Иə, «армансыз адам, қанатсыз
құспен тең» – деп тегін айтылмаған. Арманы асқақ азаматтың алға қойған мақсаты түптің түбінде жүзеге асатынына сеніміміз мол.

«Еңбек түбі – береке» демекші, мыңғыртып мал айдамаса да, қолға алған кəсібін өрге домалатып, өз отбасына
шарапатын тигізумен қатар, ауылдың да өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып отырған осындай еңбеккер жандардың өнегелі ісі көпке үлгі болса дейміз!

Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».