Жақында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында ҚР Президентінің «Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асуын бақылау мақсатында Алматы облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева мен «Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары Дамир Боранбаевтармен кездесу өтті. Кездесуге партия жанындағы саяси кеңес мүшелері, аудандық қоғамдық кеңес белсенділері мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, қоғамдық келісім кеңесі, ауыл әкімдері, бірқатар бөлім басшылары, жалынды жастар жиналды. Жиынды аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова ашып, жүргізіп отырды.
— Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасын ұсыну арқылы еліміз үшін өзекті, әлеуметтік салаға жаңа серпін беретін шараларды іске асыруды міндеттеді. Бұл көптен күткен, бәріміздің ойымыздан шыққан бастама болды,- деп сөз бастаған Мейрамгүл Сағынжанқызы Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың партияға 5 әлеуметтік бастаманың және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалауды тапсырғанын еске салды. Ауданымыздағы 5 әлеуметтік бастаманың орындалуын партия үнемі назарға алып отырғанын жеткізіп, бес бастаманы жүзеге асыру мақсатында атқарылған жұмыстар туралы тиісті бөлім басшыларының баяндамасынан толық мағлұмат алуға болатынын айтып өтті.
Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе — «Қазақстан Республикасының Президентінің Бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуы» тұрғысында алғашқы сөз кезегін аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сұлтан Молдажановқа берді. Бастаманың бірінші бағытының, яғни әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін берудің өңірімізде іске асырылуы туралы баяндаған бөлім басшысы аудан тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамту мен «7-20-25» бағдарламасы аясында қаламызда бой көтеретін тұрғын үйлер туралы тарқата айтып, болашақта жүзеге асуға тиіс жоспарларымен бөлісті. Одан кейінгі кезекте бастаманың үшінші бағытындағы «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» мәселесі жайлы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Берікгүл Сеитова баяндап, ауданымызда 8 арнаулы орта білім беретін колледждердің 3-інің студенттері жатақханаға мұқтаж екенін, бүгінгі күнге 2 колледждің жер телімдерінің нысаналы пайдалану мақсаты өзгертіліп, мемлекеттік актісі жасалып жатқанын жеткізді. Одан кейін сөз алған аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Райхан Джулимбетова бастаманың төртінші бағыты бойынша ауданымызда іске асырылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Оның айтуынша жыл басынан бері ауданымызда 35 жоба мақұлданып, оның 34 қаржыландырылып, 166,2 млн теңге игерілуде екен. Ал, 16 жоба бүгінде несиелік ұйымдарда қаралуда. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасымен бірлесе «Бастау бизнес» жобасы бойынша 301 адамға кәсіпкерлік негіздерін оқыту көзделген. Оның 162-сі оқуға жолданып, 116-сы сертификатқа ие болған. Бес бастаманың газдандыру бағыты бойынша сөз алған аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асқар Шамаев аудан бойынша 46 елді мекен болса соның 25-і газдандырылғанын, бүгінде газдандыру бойынша 7 елдімекеннің, яғни, Қызыл Ту, Арқабай, Жаңалық, Жалғамыс, Ақтас, Ақдала, Төңкеріс ауылдарының жобасы әзірленіп, оның ішінде 6 ауылдың жобасы мемлекеттік сараптамада қаралуда болса, Қызыл-Ту ауылында газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтты. Нұра, Өстемір, Туғанбай, Қаратоған ауылдарын газдандыру жұмыстарының жобасы әзірлену үстінде екен. Алдағы уақытта ауданды газдандыру деңгейін 78 пайызға жеткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Барлық баяндамашыларды мұқият тыңдаған соң осы бастамаларға қатысты жиылған қауым сұрақ-сауалдарын қойды. Аудандық қоғамдық кеңес пен партияның саяси кеңесінің мүшелері Жанат Байкенов, Тұрсынғали Саудабаев, Нұрсұлтан Сәрсеков, Мария Сихимбаева, Найля Үмбетова, Сұлтан Нұрдаулетовтер ауыл жастарын тұрғын үймен қамту мәселесін, жалақысы төмен жастардың баспаналы болу мүмкіндігі, жеке қолға өтіп кеткен жатақханаларды қайтарып алу мәселесі, несие алушылар қатарын көбейту және олардың өз бизнесін ашуына жол сілтеу, несие алу барысында орын алып жатқан олқылықтарды болдырмау, ауылдарды газдандыру жұмыстарының сапалы жүргізілуі сынды мәселелерді көтерді. Барлық сұрақтарға тиісті бөлім басшылары мен облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева да тиянақты жауап беріп, кейбіреулерін назарға алып, уақыт еншісіне қойды. Күн тәртібіне қойылған «Нұр Отан» партиясының жұмысын жандандыру мақсатында жаңа жобалардың жүзеге асырылуы» мәселесі бойынша облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева сөз алып, партияның қазіргі таңға дейін атқарған жұмыстары мен алдағы күндерге бағытталған жоспарларымен бөлісіп, ойын ортаға салды. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған шаралар, жекеменшік серіктестіктер арқылы өңірлерді дамытуға бағытталған шаралар, мектептерде ІТ кластар ашу мәселесі, кадрлық резерв бағдарламасы туралы тарқата айтып берді.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».