ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЖОЛЫ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЖОЛЫ

«Мұғалімнің шеберлігі талантты қажет ететін ерекше бір өнер емес, бірақ ол дəрігір мен музыкантты
шеберлікке баулыйтындай етіп үйретуді қажет ететін мамандық», – деп ұлы педагог Антон Макаренко
айтқан пікір бар. Ұстаз болу – жан дүниеңді ғылымбілімге арнап, жас ұрпақты тəрбиелеу барысында өзіңді де тəрбиелей отырып алға ұмтылу. Өйткені ұстаздық жолы – ауыр жол. Қызылорда қаласындағы вокзал маңындағы мөлтекауданда 1971 жылдың 16 қыркүйегінде дүние есігін ашқан Шолпан Бітімбайқызы КСРО журналистер Одағының мүшесі, облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің редакторы, кейін облыстық сан түрлі баспасөз салаларында жемісті еңбек еткен журналист Бітімбай Сиқымовтың үшінші перзенті еді. Анасы Сқақова Ұлтуған француз тілі пəнінің мұғалімі болатын. Ауарайы құбылмалы, қысы қатал, суық желі өңменіңнен өтетін Сыр бойына қыс ерте түсетіні белгілі. Міне, осындай ауыр климаты бар Сыр өңірінде туып-өскен Шолпан ағасы Ғалым екеуі қыс бойы мұз айдынынан шықпай коньки теуіп, хоккей ойнайтын. Кейін атақты зілтемір көтеруші Илья Илиннің алғашқы бапкері болып «Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағын алған ағасы Ғалым қарындасы Шолпанды спортқа ерте баулыды. Мектептің жоғарғы сыныбында волейбол ойынына түпкілікті ден қойған ол аудан құрама командасының сапына қосылды. Ол 1987-1992 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың орыс тілі
жəне əдебиеті бөлімінде студент болып оқып жүрген кезде де волейболдан қол үзген жоқ. Облыс құрама
командасының белді мүшесі болып талай-талай жарыстарда жақсы ойынымен көзге түсіп жүрді. Əкесі
журналист, анасы француз тілі пəнінің мұғалімі, өзі қазақ мектебінде оқитын Шолпан 5-6 сыныптардан
бастап орыс əдебиетінің классиктері Н.В.Гогольдің «Өлі жандар», «Тарас Бульба», Лев Толстойдың «Соғыс жəне бейбітшілік», «Қажымұрат», «Анна Каренина» романы, А.С.Пушкиннің «Капитан қызы», «Дубровский», «Қарғаның мəткесі» шығармаларын сүйсіне оқитын. Өсе келе орыс жазушыларының
сүйекті шығармаларын іздеп жүріп оқитын болды. Мектеп бітірген жылы орыс тілі жəне əдебиеті пəні
мамандығын таңдағаны сондықтан еді. 1992 жылы институт бітірген Шолпан ұстаздық жолын Тасбөгеттегі
№172 орта мектепте мұғалім болып бастап, кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына
дейін көтерілді. Ауданның қоғамдық жұмыстарына да, спортқа да белсене араласатын Шолпан волейболдан
əйелдер құрамасының сапында Қостанайда өткен «Алтын күз» спортакиадасында өнер көрсетті. 2014 жылы Талғар қаласына қоныс аударып, қаладағы №9 қазақ орта мектебінде еңбек етіп жүрген Шолпан Бітімбайқызы қазір осы мектептегі 9-сыныпқа жетекшілік етеді. Сыныптағы 19 оқушының 3-уі озат, 5-уі екпінді есебінде саналады. Ал Шолпан сабақ беретін 11-сыныптың оқушысы Зухра Рысмендиева 2017 жылы облыстық: кіші-ғылыми конференциясында ұстазының жетекшілігімен: «Фразеологизмдер мен қанатты сөздердің орыс тілінде қолданылуы» деген тақырыпты өте сəтті қорғап, 3-дəрежелі дипломымен марапатталды. Ол жетекшілік ететін 9-сыныпта спортты серік ететін оқушылар да баршылық. Соның бірі – жас дзюдошы Шубай Рамазан деген шəкірті. Ол осы спорт түрінен аудандық, облыстық жарыстар да көзге түсіп жүр. Шолпан Сиқымова жан жолдасы Қайрат Шенімов екеуі 3 бала тəрбиелеп өсіруде. «Ана сүтін – дене үшін табиғат əзірлейді, рух үшін оны біздің мұғалімдеріміз əзірлейді» деген қанатты сөз бар. Тəуелсіз қазақ елінің жоғары саналы, биік рухты жастарын білім нəрімен сусындатып, оларды өз заманына сай азамат етіп
тəрбиелеуде бар біліктілігі мен күш-қайратын жұмсап жүрген Шолпан Сиқымованың өзін көрсетер кезеңі əлі
алда деп білеміз.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».