Жетісу оқырмандарының рухани қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында Талдықорғандағы «VIP ZHETYSU», С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханалары мен облыстағы аудандық кітапханаларға түрлі жанрда жазылған 100-ден астам автордың 1500 дана жаңа кітабы сыйға берілді, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Кітаптар сериясын қазақ тіл білімінің тарихына арналған бірнеше көрнекті филолог және тарихшы ғалымдардың ғылыми мұралары, әлеуметтік мәселелер бойынша анықтамалық-ақпараттық әдебиеттер, сонымен қатар тарихи және мәдени жанрдағы кітаптар толықтырып тұр. Жалпы соммасы 1 миллион 200 мың теңгені құрайтын кітаптар «Арыс» баспасында жарық көрген.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қолға алынған шараға мемлекет және қоғам қайраткері, әйгілі филолог-педагог Мұхтар Арынның ұлы ғалым-хирург Нұрлан Арын, экономист, қоғам қайраткері Ерлан Арын және «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес жан-жақты қолдау көрсетті.
«Бұл бастама – Жетісу жұрты үшін бағалы қазына. Ал, осы кітаптарды туған халқына арнайы сыйға тартып отырғандардың бірі – белгілі ғалым-хирург Нұрлан Арын. Оның 220-дан астам ғылыми еңбегі бар. Соның ішінде 6 монографиясы, 11 әдістемелік ұсынысы және Қазақстан Республикасы мен КСРО-ның 35 авторлық өнертабыс куәлігін еншілеген. Бір өзінің басшылығында медицина ғылымының өзекті мәселелері тақырыбында 3 ғылыми жұмыс жинағы жарық көрген. Балалар хирургиясы саласының 1 докторын, 8 кандидатын даярлаған. Сондай-ақ, жыл сайын туған жері Сарқан ауданына келіп, жерлестеріне тегін медициналық қызмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Осының барлығы ғалымның туған аймағына жасап жатқан қайырымды істері», – дейді Өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Рүстем Канапиянов.
Шарада сонымен қатар, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының кітапхана ісі, музейлер ісін ұйымдастыру және тарихи мұрағат қорғау бөлімінің басшысы Гүлмира Мәлікқызы да пікірін білдірді.
— Бізде дәстүрлі түрде «Музейге сый» акциясы өтіп тұрады. «Туған жерге туыңды тік» жобасы шеңберінде де жұмыстар жүргізілуде. Осындай шаралар аясында Нұрлан Арын, Ерлан Арын, Ғарифолла Әнес секілді азаматтарға алғысымызды білдіргім келеді және осындай азаматтарымыз көбейе берсін»,- деді ол.
Айта кетейік, бұл игі бастаманы Алматы облысының ішкі саясат басқармасы ұйымдастырып отыр.
Талғар-ақпарат