«Мәңгілік ел – Мәңгілік отбасы»

«Мәңгілік ел – Мәңгілік отбасы»

Міне, дəл осындай тақырыпта Ақтас ауылындағы №36 орта мектептің акт залында жас отбасылар
байқауы өткен болатын. Бұл игілікті шараны аудандық Жастар ресурстық орталығының жігерлі жастары Отбасы күні мерекесіне орай ұйымдастырды.

Елбасымыз мемлекет – отбасыдан басталатынын жəне бiздiң қоғамда негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығын атап өтуіміз керек. Отбасы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде аталып өтiледi. Биылғы жылы бұл мереке 9 қыркүйекке сəйкес келіп отыр.

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы. Алтын бесігі ғана емес, ол – шағын мемлекет те. Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжоловтың «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен
– премьер» дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Сондықтан да жанұяның əрбір мүшесінің қоғамда өз орны бар. Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында əр қазақстандық отбасының əлауқатын жақсартуға, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ісшаралар міндеттеледі. Ата Заңымызда да «мемлекеттің басты қазынасы – адам мен оның өмірі» деп атап көрсетілсе, ал Отанның өзі отбасынан басталады.

Бұл күнгі отбасылар байқауы төрт кезеңнен тұрды. Байқауды отбасылар мектептің спорт залында «Толағай» отбасылық спорт жарысынан бастады. Əкелер қаппен секіріп, нысананы көздесе, аналар доп қыстырып
кедергелерден өтті.

Балақайлар да ата-аналарынан қалыспай өз тапсырмаларын орындап шықты. Ал, «Таныстыру» кезеңінде əрбір отбасы өздерін тақпақпен, əн ырғағымен, толқынды билерімен əрлей отырып
таныстырды. Отбасылар тапқырлығымен, жаңашылдығымен қазылар алқасын таңқалдырды. Байқаудың үшінші кезеңі «Өнерліге өріс кең» деп аталып, отбасылар өнерлерін ортаға салды. Бірі тамылжыта əн шырқаса, енді бірі мың бұрала би биледі. Əкелердің бойынан актерлік шеберліктер байқалып тұрды.

Кішкентай балақайлар да əн шырқап, сахналық көріністегі рольдерін керемет сомдап шықты. «Эрудит» атты сұрақжауап кезеңінде отбасыларға салт-дəстүр, əдет-ғұрыптарға байланысты сұрақтар қойылды. Аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова мен аудандық Жастар
ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетовалар байқауға қазылық етіп, əділ бағаларын берді. Байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан Сірекбаевтар отбасы жүлделі бірінші орынды жеңіп
алды. Ал, екінші орынды Набиевтер отбасы иеленсе, үшінші орын Карбозовтар отбасына бұйырды. Барлық жеңімпаздар аудандық Жастар ресурстық орталығының «Диплом», «Алғыс хаттарымен» марапатталып, бағалы сыйлықтарына ие болды.

Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».