ЖОЛ ҚАДІРІН ЖҮРГЕН БІЛЕР

ЖОЛ ҚАДІРІН ЖҮРГЕН БІЛЕР

Жол – экономиканың күретамыры, байланыстың алтын арқауы. Алысты жақын етіп, адамдардың қарым-қатынасына, барыс-келісіне әсер ететін жолдың сапасы кімді болса да бей-жәй қалдырмасы анық. Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат еткен Қазақстан мемлекетінің алға қойған келелі міндеті халықтың әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру болса, сол биік үрдістен көріну үшін бүгінгі күннің негізгі талаптарының бірі – сапалы жол салу болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет» деп, бұл бағытта атқарылар ауқымды жұмыстарды айқындап берген болатын. Осы орайда, аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы мен алдағы уақыттың жоспары қандай? Осы және басқа да көкейтесті мәселелерге қатысты аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Асхат ДОСЖАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Асхат Нурадинұлы, Сіз осы бөлімге басшылық қызметке тағайындалғалы да көп уақыт болған жоқ. Десек те, жоспарлы түрде атқарылуы тиісті жұмыстар мен алға қойған міндеттер жүзеге асырыла беретіні заңдылық. Ауыз толтырып айтатын қандай жұмыстар атқарылды? Ең алдымен Талғар ауданындағы автомобиль жолдарының əлеуеті туралы айтып өтсеңіз.

– Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1294,69 км. құрайды оның ішінде аудандық маңызы бар жолдар 1026 км, облыстық маңызы бар жолдар 171,69 км, республикалық маңызы бар жолдар 97 км. қашықтыққа тең. Сонымен қатар, өткен жылы облыстық жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінен аудан теңгеріміне 65 шақырым жолды қабылдап алдық. Аудандық маңызы
бар 1026 шақырым жолдардың жағдайы төмендегідей: 390 шақырымы асфальттанған, 636 шақырым жолға құмтас төселінген.
Аудан бойынша қазіргі таңда 3 км жолға күрделі жөндеу жұмыстар жүргізілуде, бір ауылдық округтің жолдарының 3,4 шаршы метрі қиыршық тас қабатымен, 17,4 жолға асфальт қабатымен ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Талғар қаласы жəне екі ауылдық округ бойынша жол жөндеу жұмыстары
жалғасуда. Аудан бойынша республикалық маңызы бар жолдар бойында 13 үлкен көпір, 17 кіші көпір, 59 құбыр орналасқан, облыстық маңызы бар жолдар бойында барлығы 18 көпір орналасқан, аудандық маңызы бар ішкі көшелерде 1139 құбыр, 4 көпір бар.

– Аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының құрылысы, реконструкциялау, жөндеу жəне күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстар туралы тарқатып берсеңіз. Оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында салынатын, жөнделетін жолдар бар ма?

– Бөлімге жол жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаражат қарастырылады. Қазіргі таңда «Өңірлерді
дамыту» бағдарламасы бойынша əр ауылдық округтің жеке бюджетіне жол жөндеу жұмыстарына қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Қазіргі таңда аудан бойынша облыстық жол басқармасы арқылы Бірлік-АқбұлақҚазстрой айналма автомобиль жолын салу жұмыстары жүргізілуде, Автомобиль жолдары камитеті тапсырысымен
республикалық бюджеттен БАКАД үлкен айналма жолын салу жұмыстары басталды.
«ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ мəліметіне сүйенсек, «Талғар-Алматы-Бəйдібек би» республикалық маңызы бар автожолдың əлеуметтік маңызы бар 5 жерінен аспалы көпір салуға ЖСҚ-ы дайындалып, жұмыстар жүргізілуде.

– Талғар қаласы – аудан айнасы. Десек те, қала көшелері (ішкі жолдары, жаяу жүргіншіге арналған жолдар), жарықтандыру мəселесі əлі де сын көтермейді. Мəселен, орталықтағы Рысқұлова көшесі, сондай-ақ, халық тығыз орналасқан Бокина, Абая, Шаяхметов сынды көшелердегі жаяу жүргіншілер жүретін жолдарының тозығы əбден жеткен, шұрық тесіктерден көз сүрінеді! Аталған көшелер қашан жөндеуден өтеді? Жалпы Талғар қаласында қанша көше жөнделді?

– Əрине, «жол қадірін жүрген білер» демекші, елді мекендердің ішкі жолдары жаңарған сайын халық қуануда. Биылғы жылы Талғар қаласының Горный қиылысы, Сүйінбай, Делегатская, Ер əжібай, Западная, Алатау, Қарағанды, Мұратбаев, Айвозовский, Сүйінбай, Гагарин, Бөкеев, Менделев (стадион), Левитана, Ахметова көшелерінің жалпы аумағының 36143 шаршы метрі жөнделді. Талғар қаласының 28 көшесі, атап айтсам: Тұяқбай, Райымбек батыр, Шаяхметов, Павлов, Бокин, Ықылас, Алтынсарин, Бедренко, Ноғайбаев, Бекбаева-Крутенко, Абылай хан, Мендеелев, Тоқаев, Спартак, Асфандияров, Алатау, Мұратбаев, Зорге, Пушкин, Тəуке хан, Болашақ Жаңа ы.а., Қарағанды, Майқанова, Есенберлин, Сейфуллин, БекбаеваКрутенка
(Айвазовский к-сінен Қабанбай батыр к-сіне дейін) көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалықсметалық құжаттар əзірленуде. Қазан айында аталған құжаттарды сараптамадан өткізу жоспарланып отыр. 2019 жылдың бюджеттік өтініміне ең алдымен əлеуметтік маңызы бар объектілер орналасқан көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге өтінім берілетін болады. Аталған жобаның құны болжам бойынша 2 млрд. теңгені құрайды.

– Қаламыздағы №7 мектеп-лицейіне баратын жолды ретке келтіру де күн тəртібінде тұрған мəселе. Олай дейтініміз, мыңнан аса оқушы білім алатын, ашылғанына он жыл уақыт болған білім ордасына қарасты бағытта жаяу жүргіншіге арналған жолдың мүлдем жоқтығы. Тіпті сол бағыттағы автомобиль жолдың тарлығы қозғалыс қауіпсіздігіне де кері əсерін тигізуде. Осы жолды ретке келтіреміз, кеңітеміз, жарықтандырамыз, оған мүмкіндік бар, деп қала əкімі уəде берген еді. Əйтсе де, биылғы жазда да ешнəрсе өзгерген жоқ! Бұл жайында не айтасыз?

– Жоғарыда атап өткендей, келесі жылы №7 мектеп-лицейі орналасқан Бокин көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобада аталған көшені жөндеу жаяу жүргінші жолдарын салу жəне арық жүйесін орналастыру жұмыстарымен қоса автобустар тоқтайтын қалташалар қарастырылған. Қазіргі таңда осы
мектепте оқитын оқушылар қауіпсіздігін сақтау мақсатында «абайлаңыз балалар», «жылдамдықты шектеу мақсатында 40» жол белгілері орнатылды. Талғар қаласы əкімдігі бюджетіне аталған мектепке баратын жолдың жиегіне жаяу жүргіншілерге арналған жол салуға қаражат қарастырылуда.

– Өзіңіз басқарып отырған бөлім құзыреті негізінде көлік жəне жол шаруашылығының дамуын жақсарту бойынша қандай жұмыстар атқардыңыздар?

– Қазіргі таңда аудан бойынша 24 км жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Талғар қаласы жəне Қайнар, Гүлдала, Алатау, Белбұлақ ауылдық округтерінің кейбір көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжат жасалуда, 4 жыл бойы шешімін таппаған Бесқайнар ауылындағы Қотырбұлақ өзеніндегі аппаттық жағдайдағы көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Аудан бойынша 65 жол белгісі орнатылып, 322 шаршы метр жаяу жүргінші жолағын сызу жұмыстары жүргізілді. Жол белгілерін
орнату жұмыстары əлі жалғасуда. Талғар қаласының 6 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары даярлануда.

– Ауылдық жерлердегі жөндеуден өткен жолдардың қашықтығы қанша? Ауылдардың атын атап, көшелерін айқындап өтсеңіз де артық болмас.

– Панфилов ауылдық округі бойынша Қызыл Ту ауылының Жанғазақов, Жібек Жолы көшелері, Панфилов ауылының Гагарин көшесінің, барлығы 19500 шаршы метр, Нұра ауылдық округі бойынша Нұра ауылы Гольчевский, Байдібек, Анарбек, Бекбосынов көшелері, Туғанбай ауылы Сейтов көшелерінің 23500 шаршы метр, Қайнар ауылдық округі бойынша Жаңалық ауылының Айша бибі, Бекмаханов, Райымбек көшелері, Дəулет ауылының Абай, Көктал ауылының Уалиханов, Əйтеке би, Қайнар ауылының Тəуелсіздік, Наурыз көшелерінің 26750 шаршы метр, Белбұлақ ауылдық округі Белбұлақ ауылының Речная, Бейсеуова, Рысқұлбеков, Шевченко көшелерінің 21428 шаршы метр, Тұздыбастау ауылдық округі Қарасай батыр
көшесінің 12000 шаршы метр аумағына ағымды жөдеу жұмыстары жүргізілуде.

– Асхат Нұрадинұлы, аудан, қала аумағында жолау шыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы көңіл көншіте ме?

– Талғар қаласы жəне ауданымыздың бірқатар елді мекендері бойынша қоғамдық жолаушы тасымалдау қызметін «Тұлпар экспресс» ЖШС-гі жүзеге асырады. Аталмыш мекеме 2018 жылдың қаңтар айында жарияланған конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз болып анықталған. Автобустар белгіленген кестеге сай уақтылы жүріп отырады. Əйтсе де, бұл сала бойынша бірқатар өзекті мəселелер бар. Мəселен, автобус маршруттары үшін жағар майдың қымбаттығы, жол ақысын көтеруге мүмкіндіктің жоқтығы. Өйткені жол ақысын көтерген жағдайда тұрғындар тарапынан наразылықтар туындайды. Жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктердің шығынын өтеуге қатысты аталмыш мəселелер алдағы уақытта оң шешімін табады деген ойдамын. Автобус маршруттары бойынша қазіргі таңда мемлекет тарапынан субсидиялау қарастырылуда. Сол себепті аталған мекеме өз шығындарын есептеу жұмыстарын жүргізуде.

– Берген сұхбатыңызға рахмет. Ел игілігіне бағытталған жауапты қызметтіңіз жемісті болсын!

СҰХБАТТАСҚАН: РАЙХАН АЗИМОВА