Кез келген дамыған елдің экономикасының негізін шағын және орта кәсіпкерлік құрайтыны белгілі. Қазіргі уақытта, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мән беріліп, қабылданған кешенді бағдарламалар аясында бірталай іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету екенін айқындап берді.Соның нәтижесінде, шарапаты мол бағдарламалар бойынша несие алып, өз ісін дөңгелетіп жүргендердің қатары жыл сайын артып келеді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» аясында төменгі пайызды несиеге қол жеткізіп,кәсібінің кілтін ұстағандардың бірі — Наталья Клавдина. Ол үкімет тарапынан жасалып отырған қамқорлық жайында естіп, өз кәсібін ашуды көздейді. Осы ниетпен аудандық жұмыспен қамту орталығына барып тіркеуге тұрып, құжаттарын жинақтаған соң аудандық кәсіпкерлер палатасы тарапынан ұйымдастырылған «Bastau Бизнес» деп аталатын арнайы курсқа жолдама алады. Ағымдағы жылдың сәуір айында Талғар қаласындағы экономикалық колледж қабырғасында өткен айлық оқу курсында білім алып, кәсіпкерлік қызметтің негізіне қанығып шыққан Наталья Клавдинаның бизнес-жоспары мақұлданып, шілде айында төменгі пайызды 6 млн. теңге қаражат мөлшерінде несие алу мүмкіндігіне ие болады. Айта кету керек, «Bastau Бизнес» жобасы кәсіпкерлікті ауылда дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін бизнес-бастамалар мен кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету арқылы көтеруді мақсат тұтады.
«Икеміңе қарай еңбек ет» дегендей, үнемі ізденіс үстінде жүретін кәсіпкер келіншек уақытты ұттырмай Талғар қаласында «Лидер» білім беру және репититорлық қызмет» орталығын ашады. Аталмыш орталықтың негізгі міндеті бүлдіршіндер мен жастарды уақыт талабына сай білім нәрімен сусындату. Ол үшін жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрайтын орталықтың екі бөлмесі оқу сыныптары болып белгіленген. Мұндағы бір бөлме тіл бағытында жұмыс жасайды, яғни қазақ, орыс, ағылшан тілдерін оқыту, сондай-ақ, жеке пәндер бойынша да репититорлық қызмет жүзеге асырылады. Ал екінші бөлмеде оқу процессі жүргізіледі. Сиымдылығы 25 адамға шақталған тағы бір бөлме- коференцзал. Онда «Сервис және сұлулық академиясының» жұмысы қанат жаймақ. Яғни, даяшы, бармен, қонақ үй, мейрамхана әкімшісі қызметкерлерін дайындайтын арнайы курстар мен іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда, қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар алынды. Бәрі де заман талабына сай сапалы, эстетикалық талғамға сай заттар. Жақын күндері ұйымдастыру техникасы, компьютер құралдары мен арнайы тақталар жеткізіледі деп күтілуде. Наталья Клавдинаның айтуынша, академия өз жұмысын нәтижелі еңбекке бағыттап отырғандықтан, мұнда білім алған жастардың әрі қарай жұмысқа орналасуына барынша ықпал жасап, қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда сұранысқа ие осынау мамандықтардың әліппесін үйренуге құлықты жастарды қабылдау жүріп жатыр. Ал жаңа оқу жылы басталысымен оқушыларға арналған ұзарту сабақтары мен мектепке дайындық тобының жұмысы іске қосылды. Айта кету керек, әр топтағы бала саны 8 оқушыдан аспайды. Бұл дегеніңіз, ұстаз әрбір оқушыға жекелей мән беріп, үй тапсырмасын дайындауда тиімді методикалық тәсілдерді кеңінен жүзеге асыра алады деген сөз. Игілікті істің басы-қасында жүріп, кәсібінің жемісін көруді армандайтын Наталья Клавдина өзінен бөлек оннан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, қолға алған ісіңіз алға басып, балалардың риясыз сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз, дейміз біз де!
Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».