Шағын және орта кәсіпкерлік кез келген елдің экономикалық дамуының басымды саласы болып табылады.
Мәселен, Еуропа, Америка сынды дамыған елдерде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 80-90 пайызды құрайды екен.
Яғни, неғұрлым орта, шағын кəсіпкерлік дамыған сайын елдің əлеуеті де, ауқаты да арта түспек. Соңғы жылдары елімізде шағын жəне орта бизнесті дамытуға үкімет тарапынан кең қолдау көрсетіліп, кешенді бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Кəсіптің кілтін ұстауға ниетті жандарға төменгі пайызды несие беру
де мықтап қолға алынған. Осы орайда, «Еңбек» нəтижелі жұмыспен қамтуды жəне жаппай кəсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ағымдағы жылдың сегіз айы ішінде аудан
бойынша 33 адам несиеге қол жеткізіп, өз кəсібін ашуға əрі кеңейтуге мүмкіндік алған. Берілген несие қаражатының жалпы қоры 160,3 млн. теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл жұмыс əрі қарай да жалғаса береді. Төменгі пайызды несие алғандардың қатарында кəсіпкер Айжан Ажибаева да бар. Келісілген уақыт
бойынша Талғар қаласының орталығына жақын Ломоносова көшесінің бойында орын тепкен кəсіпкер келіншектің шағын ательесіне бас сұқтық. Мұнда жұмыс қызу жүріп жатыр екен. Амандық-саулықтан соң Айжан Махамадсалиқызын əңгімеге тартып, еңбек жолы, кəсібі туралы ой бөлісуін сұрадық.
– Кезінде, 1994 жылы мектеп бітірген соң Ташкент қаласындағы тігінші мамандарды дайындайтын Академияға түсіп, онда 4 жыл білім алдым. Алғаш еңбек жолым мектепте ұстаздық мамандықтан басталды.
Үш жыл еңбек сабағынан дəріс бердім. Дəм-тұз тартып 2001 жылы Алматыға қоныс аудардық. Мұнда да бірден өз мамандығым бойынша еңбекке араласып кеттім. 4-5 жылдай жиһаз компаниясында автомобиль
чехолдарын тігумен айналыстым. Аталған саланың сырын терең меңгеру үшін 2015 жылы Қазақстандағы белгілі дизайнер Берік Исмайловтың бір айлық курсына қатысып, білімімді ұштап, жеке кəсіпкерлікпен
айналысуды ойладым. Білікті маман жол сілтеп, ателье ашудың мүмкіндіктері мен тиімді тұстарын түсіндіріп берді. «Нар тəуекел» деп, жолдасым Сапарғали екеуіміз Талғар қаласынан ыңғайлы ғимарат
іздестірдік.Осылайша, осы орынды жалға алып, ішін реттеп, жұмысымды бастап кеттім. Əрине, алғашқыда оңай болған жоқ. Материалдық-техникалық базаны жақсарту үшін қаражат жетпеді. Сөйтіп жүргенде үкімет тарапынан берілетін несиеге талпынып көруді жөн көрдік. Құжаттарымызды жинақтап, реттеуге бес айдай уақыт кетті. «Сабақты ине сəтімен» дегендей, нəтижесінде өтінішіміз қанағаттандырылып, бизнесімізді нығайтуға алты пайыздық 3млн.теңге қаражатқа қол жеткіздік. Бұл 2016-шы жылдың мамыр айы болатын. Бірден 5 тігін машинасын, түрлі маталар сатып алдық. Хабарландыру арқылы қолынан іс келетін тігінші қызкеліншектер де табылды. Бүгінде Айша Төребайқызы, Бақыт апай, Күлтай, Ғалия Əлмекованы жұмыспен қамтып отырмын. Олар да разы. Қазір жаңа оқу жылы қарсаңы болғандықтан №2, 7 мектептерде оқитын
қыз балалардың оқу формасына сұраныс көп. Бағасы да қолжетімді. Матасы мен тігін қызметін қосқанда 10 мың теңге болады. Сонымен қатар, əйел адамдардың сəнді көйлектеріне, қыз ұзатуға, ұлттық нақыштағы киімдерге тапсырыс жиі болады. Ескі киімдерді жаңартып, өңдеуге, шалбардың балағын қысқартуға да
күнделікті тапсырыс бар, -деп əңгімесін түйіндеген кəсіпкер келіншек алдағы уақыттағы жоспарымен де бөлісті. Осы жолғы алған несиені мерзімінен бұрын өтеп, екінші кезекте 6 млн. теңге несие алса, кəсібінің қанатын кеңейтуді ойлайды.
Иə, қолда бар мүмкіндікті жіберіп алмай, батыл қадам жасап, тəуекелге бара білудің өзі мақтауға тұрарлық əрекет. Дана халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, еңбек – бақыттың шырағы, «Кəсіп түбі – нəсіп» деп тегін айтпаған. Расында да, ерінбей еңбек еткен адамның өмірі мəнді, тұрмысы сəнді болмақ. Шағын ғана тігін
цехын ашып, өз отбасына ғана емес өзге жандардың да тұрмысын жақсартуға үлесін қосып келе жатқан қолы ісмер тігінші Айжан Ажибаеваның өнегелі ісі көпке үлгі.
Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».