Жаймашуақ жаз айлары аяқталып, мектепке баратын кез де жақындап қалды.Тамыз айы «мектепке
əзірлік уақыты» екені белгілі. Олай дейтініміз, тамыз айы кірісімен отбасында мектеп оқушысы бар ата-аналар үшін қызығы мен шыжығы көп қарбалыс тірлік басталады. Əрбір ата-ана бауыр еті баласын ел
қатарлы киіндіріп, мектепке қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз ету үшін тапқан таянғандарын жұмсайды. Десек те, тұрмысы төмен, көпбалалы отбысылар үшін бұл оңай шаруа емес.
«Көрпеңе қарай көсіл» демекші, бəрі де шама-шарқынша жаңа киім киіп, жаңа жабдықтарды ұстағысы келеді. Жағдайы көтеретіндер балаларын арнайы сауда орындарынан киіндірсе, ал қарапайым жандар үшін базардың бағасы қолжетімді. Бір анығы, заттардың құны былтырғыдан əлдеқайда қымбат. Сонымен, бүгінгі
таңда баланы мектепке дайындау қанша қаражатты қажет етеді, базардың бағамы қандай? Осы сауалдарға біз де жауап іздеп көрдік.
Алдымен Талғар қаласындағы орталық базар деп аталып кеткен «Тəуіп» сауда орнына келдік. Сауда қызып-ақ тұр. Бала ертіп, сауда жасап жүргендердің қарасы көп. Базардың аты базар, баға да бір қалыпты емес.
Мектепке қажетті киім-кешектер мен-мұндалап тұрған бірінші сауда қатарындағы орынға жақындадық. Өзін Зина Рысбағамбетова деп таныстырған сатушы келіншек тауарлардың бағасы мен сапасы туралы айтып берді. Мəселен, қыздарға арналған ақ кофталар 1500 теңгеден бастап 2500 тг. дейін, юбкалардың да бағасы əр түрлі: 1500-2500 теңге аралығында. Тауарлардың сапасы да көңіл көншітеді. Он екі жылдай саудамен айналысып келе жатқан сатушының айтуынша, маусымдық сауда болғандықтан алушылар бар, киімдердің бағалары арзан. Осыдан соң мектеп оқушыларына арналған рюкзактарды сататын Албан деген жас жігітті əңгімеге тарттық. Өзге тауарларға қарағанда биыл сөмкелердің бағасы мүлдем көтерілмеген. Есесіне, сапасы да, көркемдік келбеті де арта түскен. Жиырма жылға жуық кеңсе тауарларын сатумен айналысатын кəсіпкер Асхат Мусалимовтың екі дүкенінде де сауда қызып тұр. Мəселен, дəптердің бағасы 15 теңге, ал түрлі-түсті қарындаш 100-1300 теңге аралығында. Онда да оның сапасы мен көлемділігіне байланысты. Мұндағы
мектепке қажетті кеңсе тауарларының сан-алуандылығынан көз сүрінеді, қалтаңа қарай арзан, орташа жəне қымбатын да ала аласың. Ендігі бағытымыз – «GLASMAN» тігін фабрикасының өнімін ұсынатын сауда
нүктесі. Онда тұтынушыларға балалар формасының кең ассортименті бар. Отандық тауар өндірушілер балалар киіміне жоғары талап қояды. Балалар мектеп формасымен күніне кем дегенде 5-6 сағат жүретіндіктен, үстіндегі киімі қыспайтын, ауа өткізіп, яғни «демалып» тұруы денсаулық үшін аса маңызды. Сондықтан да, «GLASMAN» фирмасының киім-кешектеріне сұраныс жоғары. Əлбетте бағасы да қымбаттау
болғандықтан оны алуға екінің бірінің қолы жете бермейді. Ұсынылған ұлдар мектеп формасы, яғни костюм-шалбар жəне оның кеудешесі 26-34 размер бойынша 19 мың теңге. Ал одан ересек оқушыларға (36-40) 20
мың теңгені құрайды. Қыз балалардың киімі жакет жəне юбка үшін 15 мың теңге төлейсіз. Ақ жейде, қыздар кофтасы, сарафан, жемпір тағы басқа киім үлгілері жайнап тұр. Бəрінің де бағасы өлшеміне қарай белгіленген. Мұнда таза былғарыдан тігілген балалар аяқ киімі де саудаланады, бағалары сапасына сай: 11 мыңнан жоғары.
Ата-аналар пікіріне құлақ
түрелік:
Биыл Шəкен Бердібекованың қолындағы немересі Айдар мектеп табалдырығын аттамақ. Əрине, бұл отбасы үшін үлкен қуаныш. Көзайымы болған немересін мектепке дайындау үшін ұлы мен келіні шамамен 70 мыңға сауда жасаған. «GLASMAN» компаниясының өнімін таңдаған ата-ана костюм, шалбар, жакет, белдікке 21500 теңге, ақ жейде, майка, галстук үшін – 5500 теңге берген.
– Аталмыш компанияның киімдері «демалатын» жоғары сапалы маталардан тігілетіндіктен бала ағзасына зиян келтірмейтіні анық. Оның үстіне тігін үлгісі де талғамға сай, бүлдіршіннің үстінде құйып қойғандай жарасып кетті. Аяқ киімді жаздың басында алғандықтан арзан түсті- 4мың теңге, крассовка – 6000 тг., мектеп құралдарын салатын арнайы рюкзак – 6 мың тг., кеңсе тауарларына 10 мың теңге жұмсаған. Оған қоса жаңа бағдарлама бойынша оқулықтарға қосымша арнайы жазу дəптерлерін алу керек. Оқу құралына шамамен 11-13 мың теңге, сонымен қатар дене сабағына киетін спорт киімі,қосымша ақ жейде, шалбар, тағы да басқа да ұсақ-түйектерге тағы да қаражат жұмсалатыны анық. Міне, өзіңіз көріп отырғандай, 1 сыныпқа баратын немеремді мектепке дайындау үшін отбасы бюджетінен 70 мың теңге қаражат жұмсалды,-дейді апасы.
Майра Кеңсерова, үй шаруасындағы ана:
– Балаларыма киім-кешекті Талғар қаласындағы «Арзан» сауда үйінен алдым. Расында да, мұндағы баға қолжетімді, аты айтып тұрғандай арзан екен. Екі баламның киім-кешегіне, сөмкелері мен аяқ киімдеріне
шамамен 60 мың теңге жұмсадым. Енді кеңсе тауарларын алуым керек.
Ақбота Есенжанова, шағын кәсіп иесі:
– Отбасымызда 3 бала бар. Екеуі, ұлым мен қызым бастауыш сыныпта оқиды. Кіші ұлым балабақшада. Шынымды айтсам, оқу жылына дайындалу біз үшін оңай емес. Қызыма мектептің ішкі талабы бойынша
арнайы форма тіктіремін. Оған мата сатып алуға жəне тігіншінің қызметіне, жалпы 10 мың теңге жұмсадым. Аяқ киімдер: туфли мен крассовкаға 12 мың теңге кетті, екі дана ақ кофта, колготки, гольфи, бантиктерге –
10мың теңге, сөмкесіне 5500 теңге шықты. Мектеп оқулықтарды тегін берді, ал қосымша жазу дəптерлерін жаздың алғашқы айында-ақ көтерме бағамен – 9,500 теңгеге сатып алып қойғанбыз. Ұлым 4 сыныпқа көшті, жаздай бойы өсіп былтырғы киімдері кішірейіп қалды. Мектеп формасын, ақ жейделерін, спорттық киім-кешектері мен аяқ киімдеріне шамамен 40 мың тг. кетті. Əрине, қымбатына ұрынбауға тырыстық, десек те, сапалы өнімдердің бағасы да көтеріңкі ғой. Енді қағаз-дəптер, қаламсап, тағы-тағысын аламыз. Сайып келгенде, екі баламды мектепке апару үшін 150 мыңдай ақша жұмсалды. Жалдамалы пəтерде тұрамыз,
күнделікті тұрмыс-тіршілігіміз бар дегендей, жас отбасылары үшін,əрине, қиындау.
Қорыта келгенде, балаларды мектепке дайындау біраз қаражатты қажет етеді. Мұндайда көпбалалы отбасына түсетін ауыртпалықты түсіну қиын емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, «Мектепке
жол» қайырымдылық акциясының көмегімен көптеген отбасыларына көмек көрсетіліп келеді. Қалай десек те, балаларымыз мектеп табалдырығын көтеріңкі көңіл-күймен аттап, жыл бойы алаңсыз білім алуын тілейміз!
Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».