ШЫНАР АҒАШЫ ТАУДА ӨСЕДІ

ШЫНАР АҒАШЫ ТАУДА ӨСЕДІ

Қазақтың сыршыл ақыны Сырбай Мәуленов бір поэзиялық кітабында:
«Жақсы адамның алақаны аялы,
Жақсы адам – жасыл терек саялы.
Шақырады жұлдыздардай жарқырап,
Жақсы адамның жарқын – өмірбаяны» – деп мына тіршілікте ар-иманын таза сақтап, қандай мансапты жұмыста жүрсе де бір мінезінен айнымай адамгершілік пен парасаттылық кейпін жоғалтпайтын адамдар болады.

Міне, соның бірі – əманда, адамгершілік – ар алдындағы парызым, мейірім-шапағат – тіршіліктегі қарызым деп өмір сүріп, халқына адал еңбек еткен, ғұмырының 45-жылын ұстаздық қызметіне бағыштаған «Ыбырай
Алтынсарин» медалінің иегері, ардагерұстаз Шайхын Əмірұлы Бағысов деп бек сеніммен айтуға болады. 1947 жылы тамыз айының бір күнінде Райымбек ауданының Жылысай ауылында дүние есігін ашқан Шайхын жас кезінен оқу-білімге зерек, шаруаға мығым, спортқа жаны құмар бала болып қалыптасты. Жас кезінен өткір мінезді бала Жылысайдағы сегізінші сыныпты бітірген соң Алматы қаласындағы №12 мектеп-интернатына барып оқып, оны 1966 жылы жақсы бағалармен бітіріп шығады. Ол сол жылы жүрек қалауымен, өзі таңдаған
Алматы ауыл шаруашылығы институтының «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» бөліміне түсіп, студент атанады. Студент кезінде еркін-күреспен жүйелі айналысқан ол облыстық, республикалық студенттер арасында өтетін Спартакиадаларда топ жарып жүрді. 1971 жылы Кеңестер одағы қарулы күштері санына офицер есебінде азаматтық борышын өтеген Шайхын екі жыл Чита қаласындағы бір бөлімде рота
командирінің орынбасары болып қызмет етті. Темірдей тəртіпке шыңдалып, өмір көрген кегендік жігіт 1973 жылы Кеген жеріндегі «Қызыл Ту» совхозында инженер,бас инженер болып жемісті еңбек етті. Сол ірі совхозда бас инженер болған Шайхын шеберхана ішіндегі трактор, комбайн, жүк машиналарын сан-салалы шаруашылықтың барлық тұсына тиімді пайдалана білетін.

1991 жылы Қазақстан тəуелсіздік алып, ел ішінде жекешелендіру мен оңтайландыру дүрбелеңі басталған кезде Шайхын Талғар қаласына қоныс аударып, осы қаладағы республика бойынша ауыл шаруашылық мамандарын даярлайтын техникумға мұғалім болып келді. Сол кезде осы техникумға республиканың түкпір-түкпіріне мамандық іздеген ауыл жастары көптеп келіп, осы білім ордасынан есеп қызметкері, механик, электрик, агроном, технолог мамандықтарын алып шығып, жан-жаққа кетіп жататын. Міне, осы іргелі
оқу орнында ұстаздық еткен Шайхын Əмірұлы білікті мамандар даярлауға үлкен үлес қосты. «Басқалар үшін жарық сəуле шашу, нұр шашу – адам қолы жететін асқарлы бақыт осы» — деп шығыстың ұлы сөз зергерлерінің бірі Сайф Сарай айтпақшы, студент жастармен ашық-жарқын сөйлесіп, оларға туған əкесіндей қамқорлық жасауға дайын тұратын Шайхын 1997 жылы Талғар агробизнес жəне менеджмент колледжіне мұғалім болып келіп, 2001-2012 жылдары директордың оқу-білім жөніндегі орынбасары болып қызмет жасады. Жүз жылдық тарихы бар оқу орнында студент жастардың жүйелі білім алып, тəуелсіз Қазақстанның білікті де, білімді маман болуларына зор еңбек сіңірді. «Бақыт іздеп – аласұрып алқынба, бақыт сенің – өз
ішіңде, адамшылық қалпыңда» — деп халық айтқандай, бұл күндері жеті асу – жетпіс жастың белесіне көтерілген, ардагер-ұстаз, «ҚР-ның оқу-білім ісінің үздігі» белгісінің иегері, адал жары Ұлжалғас Боранғазиева екеуі өмірге төрт перзент əкеліп, оларды елі үшін қызмет ететін ибалы, ар-иманын жанынан биік қоятын өрелі азамат етіп тəрбиеледі. «Жақсы адам – елдің ырысы» деген осы шығар!

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».