Қоғам және жастар

Қоғам және жастар

Жастарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетіп, адаспауы үшін ең бірінші отбасы тәрбиесінің маңызы зор.Оның ішінде ата-анансы міндетті түрде діннен хабары ғана болып қалмай,діни сауатының да жоғары деңгейде болуы қажет. Әрқашан да ішінде бол ізгінің,Сонда ғана ұстайсың кісіліктің тізгінін, – демекші ізгі амалдарымен ғана үлкенге ізетті іні, кішіге кішіпейілді аға болуды ойласақ қана ұтарымыз көп,ұғарымыз мол болмақ.

Санамызға салып ойлатып, жүрекке терең бойлатып, біліміміздің пайдасын білмегендерге білгізіп, тамыр-тамырларының барлығына ыстық қанды жүргізіп, жансызға жан, әлсізге әл кіргізіп, күн шалмас қараңғы көлеңкелі жерлерге көңілмен көз жеткізіп, саңылауы бар саналыға сәулелі оймен сөз  жеткізсек қана жастар тәрбиесінде жетістікке жетеміз. Халқының қамы мен ұлтының арын ойлайтын ұстамы бар ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу қай-қайсымыздың да қасиетті борышымыз.

Қай кезде де кішіге аға болып, кішілік пен кісілікті төбесіне ту етіп көтере білген адам ғана алға озады.

       Әр адамның басшысы – ақыл,жолдасы – талап,сүйенері – кәсіп,сүйсінері –мінез,шолушысы – ой,сынаушысы – халық, – болуы керек деген екен әйгілі Бөгенбай батырдың немересі Саққұлақ шешен.

«Әр істің ұстасы бар, әр ұстаның ұстазы бар»демей ме дана халқымыз. Бүгінгі ақпараттар ағынының толассыз тау суындай тасқындап, өзінің терең иіріміне еріксіз үйіріп әкететіндей екпінге ие болып отырған жаһандану заманы деп аталатын  сындарлы кезеңде жастар тәрбиесі-өзінің өзектілігімен басты назарда тұр.

Заманына қарай адамы, адамына қарай қоғамы. Әрине, адамзат баласына жаратушы АЛЛАның берген ақыл-ойы арқылы жетістікке жетіп, заманауи техникаларды жетік меңгермесек, өмір көшінен кенжелеп артта қаламыз.

Жаңалықтың бәрін де игере отырып, қасиетті ана тіліміз бен хақ ислам  дінімізді, әдеп-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді білмесек, бізді білімді деп кім айтады?

Өткенін білмей көшке ерген,  өшкендіктің белгісі.

Өткендерін ескерген, өскендіктің белгісі?

Ендеше, сол өткенімізді ұмытып, ескімізді естен шығарып, көнелерімізге көз жұма қарасақ, анық адасушылардан боламыз ағайын!

Осы күндегі жиі әңгіме етіп, «жастарымыз әр түрлі ағымдардың жетегінде жүр» деген секілді адасушылық қайдан пайда болды десек, оның жауабы да дайын. Ол – сауатсыздық. Сауатсыз деген сөз әрине, ауыр. Бірақ ауыр да болса ақиқат. Естір құлаққа ерсі тиіп, самалы салқындау соққанымен осы «сауатсыз» деген бір ғана сөздің астарынан суыртпақтап тарқатсақ, талай шындыққа көз жеткізуге болады.

Біріншіден тілімізге келейік. Туған тілін білмейтін, тіпті білгісі де келмейтін жандар қаншама?! Ал бір кісідей-ақ тілімізді білеміз деген «білімпаздарымыздың» өзі шұрқ тесігін шығарып шұбарлап сөйлеуге құмармыз. Бұл әрекетіміз бен әдетімізге күн өткен сайын намыстанбақ түгілі мән де бермей, қалыпты жағдайға айналдырып барамыз. Тіпті, орысша сөзді араластырып сөйлеуден бөлек таза қазақша сөйлеп тұрмын деген қандастарымыздың көпшілігі «бір реттің» орнына «бір рез», айтып отырмыз, жазып жатырмыз, оқып  жүрміз деген төл сөздерімізді «айтып отырық », «жазып жатырық », «оқып жүрік қой» деген секілді дертке душар болғанымыз жасырын емес. Ана тілде ата-баба үні бар. Тіл-құдірет. Тіл – қару. Тіл-өнер. «Өнер алды – қызыл  тіл» ­дегенді екі-ақ ауыз сөзімен ердің құнын шешкен есті бабаларымыз текке айтпаса керек.

Сонымен қоса тіл қатынас құралы.Бір атаның баласындай,бес саусақтың саласындай еліміздегі әр түрлі ұлттан құралған отандастарымызды ұйыстыруға негізгі ұйытқы болатын ең ұлы қаруымыз. Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі өзегі  болған да оның ғажайып тілі екенін есімізден еш  шығармауымыз керек. Тіл туралы тағы да айтарымыз, ол адамзат баласына жаратушы АЛЛА тарапынан берілген нығметі. Бір сөзбенен айтқанда адам баласын бүкіл аң-құс, неше түрлі жәндіктер мен жан-жануарлар әлемінен ажыратып, айғақтап тұратын ең асыл қасиеті – тілі. АЛЛАНЫҢ бізге берген сыйы. Баға жетпес байлығы. Ендеше сол байлығымызды бағалап, қасиетімізді қастерлеу ­­­– қай-қайсымыздың да адамзаттық әрі азаматтық борышымыз болмақ.

…Тіл-тірегі, тіл-жүрегі халқымның.

Тіл тұрғанда құны да жоқ алтынның.

Жаны ауырып іздейтұғын жоқшысы ол,

Дәстүр-ғұрып, ата-баба салтымның…

Осыдан бірнеше жыл бұрын тіл туралы жазған өлеңімнен бұл үзіндіні босқа келтіріп отырған жоқпын. Оның да осы жерде орайы келіп тұрған секілді.

Тіліміздің тірек екенін, дүрсілдеп соққан жүрек екенін, тілімізге жетер байлықтың да жоқтығын білсек, оның деңгейін осындай дәрежеге дейін төмендетпеген болар едік. Дәстүрімізді дәріптеп, ғұрпымыздың ғұмырын ұзартып, салтымызды да сақтайтын алтын сандық асыл қазынамыздың  осы тіл екенін тағы да баса айтқым келеді. Санасында саңлауы бар жан ең бірінші салтын білуі керек. Санасы төмен адам салтын білмейді, салтын білмеген адам қалпын білмейді. Қалып бұл жүрек деген сөз. Өз жүрегін өзі билемеген адам халқын қайтып билейді?

«Кеше келдің жүгіріп, не берейін суырып», демекші әлде кімдерге еліктеп оны ұстаз санап пір тұтып, солардың ықпалымен жайнамазға бас қоя салып, әкесі мен шешесіне «намаз оқымайсың, кәпірсің» деп жүрген тақуасымақтарға не дерсіз? Қыздарымыз намазға келіп, ұзын кигеннің жөні осы екен деп, етегімен еденнің шаңын сыпырып қара көйлек киіп, басы-көзін тұмшалап, қос құлағымен қымқыра жауып, қара орамал таққанды қай ата-бабмыздан көріп едік?. Рас, қасиетті ислам дініміздің қағидасында әсіресе, әйел балаларына ашық-шашық жүруге тыйым салынған. Себебі, «Әйел адам-әурет» – деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шарифінде де, қасиетті Құран кәрімнің аяттарында да айтылады. Бұл парыз. Арқа-басы мен омырауын, екі жеңін білезік тағатын буынынан жоғар қарай, төменгі киімінің етегі тобыққа дейін жабық тұрса жетеді. Шариғатымызда қара түсті киімге тыйым салынбағанымен көрер көзге әдемілігі мен киім киюдің де әдепті үлгісі бар. Ал салт-дәстүрімізге келетін болсақ, қазақ халқында қызыл, жасыл, көк, сары, ақ күлгін түсті ашық бояуларды ұнатқан.

«Бірінші байлық –денсаулық, екінші байлық ақ жаулық», – деп ақ жаулықты әспеттеген. Бүкіл бір әулеттің анасы,  отбасының панасы болған асыл әжелеріміз бен сары қарын тартқан бәйбіше, жас жеңгелердің де жас ерекшелігіне сай киетін әр түрлі оюлармен кестеленіп, өрнектелген кимешектері де ақ түстен болғанын білеміз. Біз мұнымен келіншектердің бәріне бірдей кимешек кигізейін деп отырған жоқпыз. Алайда ұлттық салт–дәстүріміздегі түс таңдау талғамымызға да жете мән берсек деген ақадал пейіл ғана. Жаңа түскен жас келінге де жолың ақ болсын, көңілің де  ағарып жүрсін  деген ниетпен басына ақ орамал салған. Ал өмір болған соң өлім де кездеспей тұрмайды. Қаза шыққан үйді «қаралы үй» деп олардың барынша көңілін аулап, қолынан келген көмегін де аямаған. Ел бірлігі мен татулығын ерте бастан ойлаған ата-бабаларымыз күйеуі қайтыс болған әйелді «басы қаралы, беті жаралы болып қалды ғой», – деп қолтығынан демемеп пе еді?

Күйеуінің жыл уағына дейін туыстарының арнайы шақыруымен болмаса, беталды жерге қыдырып та бармаған. Жыл уағына жетіп қайтқан адамның асын беруді «қаралы тудың жығылуы» деп басы қаралы болған әйелдің  абысындары енді бұдан былай көңілің де өмірің де да ағарып жүрсін деп,  арнайы көңіл шайының дастарқанына шақырып, басына ақ орамал салып, көңілін жұбату дәстүрінің әлі күнге дейін ескірмегенін де естен шағарғанымыз ба?

Шын күрессең жығылмайтын жау жоқ,

Шын ұмтылсаң шықпайтұғын тау жоқ, – деген бабалырымыздың есті сөзін ескерсек, тіліміз бен дәстүрлі дінімізді, әдет-ғұрып салтымызды үйренуге құдайға шүкір, осы күнде барлық жағдай жасалған.Тек соларды үйреніп, игеруге шынайы ынта-ықыласымыз бен ниетіміз болса жетеді.

Осы орай да айта кетейін, ҚМДБ-ның тарапынан еліміздің дін саласында жаңаша жұмыстар жасалып, жақсы бетбұрыстардың бар екендігі байқалады.

Діни басқарманың жанынан жастар бөлімі ашылып, жас ұрпақ арасындағы білім-біліктерін арттыру бағытында жүйелі жұмыс та атқарылуда. Арнайы кездесулер мен конференциялар өткізіліп, еліміздің ертеңгі болашағы жастарымыздың діни сауаты, олардың қоғамдағы алатын орыны мен өмірмемен байланысы, ғылым мен техниканы, ілім мен білімді игеріп, дініміз бен дәстүрімізді ұтымды ұштастыра отырып, болашаққа қадам басу басты назарға алынуда. Діннің насихаттан тұратынын жақсы білетін басшыларымыз республикалық ақпарат-насихат тобын құрып, онда білімді имамдар мен білікті дінтанушы теолог-ғалым мамандарымыз еліміздің әр қиырына барып, дәріс өткізіп жүр. Жиналған жұрттың ішінде әсіресе, әр түрлі діни ағымдардың жетегінде кетіп қалмаудың алдын алып жастарымыздың жанын мазалап жүрген түрлі сауал сұрауларына тиянақты түрде жауап берілуде.

Рухани құндылықтарымыздан көрі материялдық байлыққа көңіліміз көбірек  алаңдаулы болып отырған бүгінгі күні білімге жаны құштар жас ұрпақтың санасына ерекше әсер ете алатын қасиетті ислам дінімізді терең танып, тиянақты білім мен теңдессіз әдебімізді үйретудің сан салалы жолдары да көрсетілуде. Діни басқарма қызметкерлері мен мешіт имамдарының осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, нақты нәтижеге қолжеткізуді көздеп отырғанын да білеміз. Сондықтан да барлық мешіттерде бес уақыт намаз бен қоса бекітіліп берген тақырыптар бойынша уағыздар айтылады.

Жастарымызды елін, жерін, тілін, дінін сүюге, оларды отансүйгіштікке тәрбиелей отырып, діни білімдерінің жетілуіне жағдай жасау үшін  мешіт жанынан ашылған сауат ашу курстарының жұмысы да жақсы жолға қойылған. ҚМДБ-ның сараптауынан өтіп, мақұлданған діни әдебиеттеріміз қаншама? Одан бөлек «Ислам және өркениет», «Иман», «Шапағат нұр»,  «Ислам әлемі», «Рахмет самалы» секілді сан мың таралыммен шығып жатқан діни-танымдық газет-журналдарымыз  тағы бар. Оның бергі жағында имандылықтың дәнін егіп, дарағын өсіреміз деген мақсатта күні-түні тынмсыз, тындырымды еңбек етіп жатқан «Асыл арна» телеарнасының жұмысы қаншама? Соған қарамастан көптеген жастарымыздың жат ағымға еріп, адасушылық жолға түсіп кетпеуіне әрбір ата-ана, әр отбасының мүшелері ұрпақ тәрбиесіне ерекше жанашырлықпен мұқият қарағанымыз жөн. «Мешіт бар ғой, имамдар айтып жатыр, мектеп, колледж, институт, университет секілді оқу орындары жастар тәрбиесімен айналысып жатыр, біздің жұмыстан қолымыз тимейді», деген сылтаумен өз ұрпағымыздың тәрбиесін өзгелерге сілтеп қойып, қарап отырсақ, үлкен қателікке жол ашамыз. Әр отбасы, қоғамның бір бір мүшесі. Сондықтан өз ұрпағының тәрбиесімен өздері айналысуы керек. Отан отбасынан басталады. Кешегі ел басына күн туып, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен алмағайып заманда Отанын, елін, кіндік кесіп кір жуған жерін жаудан қорғаған баһадүр батыр бабаларымыз бен елдің бірлігі мен татулығын ту етіп жырға қосқан аузы даулы ақын аталарымыз өзінің отбасы, ошақ қасындағы тәрбиеден нәр алған. Ендеше, отбасы тәрбиесінің қаншалықты мәнді де мағыналы екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Дүниеге жаям десең атыңды,

Ұрпақ үшін қызмет қыл татымды.

Жат  түңіліп, сыйлау үшін өзіңді,

Жаттай сыйла жаныңдағы жақынды.

Жалпы бала тәрбиесінде барлық жауапкершлікті жастарға артып қоймай, үлкендерден бастау керек, ал бұдан үлкендер қашпау керек.

Ағасы үміт артса арқа қағып,

Бозбала өседі екен арқаланып, – демекші бүгінгі жастарымыздың жанына жалау болып, жүрегіне алау жағу үшін біздер, аға буын оның ішінде әрбір  әке мен ана аянбауымыз керек. Жастарымыздың келешегіне күдікпен емес, үмітпен қарап, жас болса да оларды үлкенге балап, олардың оқып білім алып, имандылық пен рухани ұлттық тәрбиеміздің уызына әбден қандыруымыз қажет. Осы орайда мына бір ғибратты мысалға зер сала кетіңіз.

Бірде Омар (р.а) халифа болып тұрған кезінде алдына бір кісі баласын жетектеп қатты реніш пен ашуға булығып келеді де:. 

– Мына балам сондай оңбаған болды. Үлкенді сыйлаудан қалды. Мені әкесі ретінде көзіне де ілмейді. Осыған бір санасына сәуле түсіретіндей насихатыңызды айтып түсіндіріңізші, – дейді. Хазіреті Омар (р.а)әлгі кісіні сабырға шақырып, ашуын басқаннан кейін баласымен екеуін қатар отырғызып, ата-анасын сыйлаудың қаншалықты сауап іс екенін түсіндіреді. Кез келген ұл не қыз перзентінің әке шешесін сыйлауы – олардың алдындағы негізгі парызы мен міндеттері екенін айтады. Сәлден кейін бала:

– Мені кешіріңіз! бұдан кейін ондай әбестік іске бармайтыным туралы сізге уәде беремін. Мен әке-шешенің алдындағы сіз айтқандай перзенттік парызым мен міндетімді енді түсіндім. Ал енді перзентінің алдында орындалуға тиіс әке мен шешенің парызы мен міндеті бола ма? – деп сұрайды бала.

– Әлбетте болады, – дейді халифа.

– Айыпқа бұйырмасаңыз баласының алдындағы әкенің парызы мен міндеті туралы айтып беріңізші, – деп өтініш жасайды бала.

Хазіреті Омар (р.а) баланың өтініші бойынша ата-ана тәрбиесі туралы тағлымды әңгімесін айтады. Балаларына үлгі-өнеге көрсетіп, үлкенге құрмет жасаудың өзі құлшылық екенін, оларды сыйлап, құрмет көрсете білуді үйрету әке мен ананың бала алдындағы ең үлкен парызы мен міндеті екенін айтып, түсіндіргенде бала:

– Әттең-ай, маған осы кезге дейін дәл сіз сияқты үлкендердің бала алдындағы парызы мен міндетін түсіндірген адам болғанда ғой, сіздің алдыңызға келіп, ұяттан жанып кетердей қызарып тұрмас едім, – дегенде Хазірет Омар (р.а) баланың әкесіне бұрылып:

– Балаңа үлгі-өнеге көрсетіп, әке алдындағы парызы мен міндетін түсіндіре алмаған кінәнің бәрі өзіңде екен ғой, – деп баланың әкесін сөккен екен.

Ендеше ақылымен аңдап қараған адамға бұл үлкен ғибрат!

Ертең өзің қалмау үшін табаға,

Жақсы өнеге көрсете біл балаға.

Жақсы өнеге көрсе бала бүгінде,

Еңбегімен қуантады түбінде, – деген өнегелі сөзін Жүсіп Баласағұн бабамыз бізге осындай әбестіктің жолын кесу үшін айтқан болар. Осы орайда:

Даралықты даналықты дәріптеп,

Салт-дәстүрдің саф алтынын алып кеп.

Жас ұрпақтың санасына сіңірсем,

Нәрлі ойымды әрлі сөзбен әдіптеп,деген бұрынырақта жазылған өлең жолдарым еріксізден есіме түсіп отыр.Ұрпағын ұлтжандылыққа тәрбиелеймін деген бүкіл ұстаздың да ата-аналардың да ұстанымы осылай болу керек қой деп ойлаймын.

                                                                 Менің дінім ұлы дін,

                                                                 Мен дінімді сүйемін.

                                                                 Қасиеттеп, қастерлеп,

                                                                 Дініме бас иемін.

Сырын ашып үйретер,

Барлық бастау киенің.

АЛЛА алдында сыйлы етер.

Мен дінімді сүйемін.

                                  Дінім менің – Ислам,

                                  Екі әлемнің шырағы.

                                  Білуге әркез құлшынам,

                                  Жүрегімде тұрағы.

Қорыта келе, қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы күн өткен сайын артып келеді. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіу қажет. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі. Отбасындағы жастар тәрбиесі мен ондағы ата-аналардың ролі мен жауапкершілігін қысқаша баяндай келе  жастарымызды  рухтанадыру мақастында қоғам қайраткері, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Смағұл бауырымыздың жастарға арнаған мына бір өлең жолдарымен ойымды аяқтағым келеді.

Ерлік тұнған  менің мынау өлкемде,

Ойға батам көңіл күйін шертем де.

Киесі бар мынау Ұлы Даланың,

Иесі бар сақтап қалар ертеңге.

                                    Уа, жас ұрпақ! Жарқылдаған жасындар!

                                    Рухсыздық індетінен қашыңдар!

                                    Аманаттап кетті сіз бен біздерге!

                                    Бұл даланы Бауыржан мен Қасымдар.

Ата-баба салтын берік сақтаған,

Ел сендерге қарап тұрып мақтанар.

Отыз елдің қатары емес алды бол,

Уа, жас ұрпақ, десең егер бақ табам.

                                   Ағымдардан абай болып қаптаған,

                                   Оқу оқып, білім алып баққа оран.

                                   Шұбырынды болса дағы Ақтабан,

                                   Қазақ елін ешқашан да сатпаған.

                                   Отан-Ана тәуелсіздік төрінде,

                                   Қандай бақыт, ана сүтін ақтаған!

Ана сүтін ақтай білейік, Тәуелсіздігімізді сақтай білейік»

 

Камнұр Тәлімұлы  ақын, сазгер

Қазақсан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері,

Талғар ауданының «Құрметті азаматы».