Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында елімізде «Мектепке жол» қайырымдылық республикалық шарасы өтіп тұратыны белгілі. Биыл да дәстүрлі шара өз жалғасын тауып, ауданымызда балаларға деген қамқорлық басталып кетті. Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік бағыттағы бастамасы бүкіл республика бойынша 2018 жылғы 1 тамызбен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Акцияның негізгі мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасыларынан шыққан балалар мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармай қалуын болдырмау болатын. Сонымен қатар акция барысында мектепке бармайтын балаларды анықтап, мектепке дайындау бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасынан шыққан балаларға көмек көрсетуге басты назар аударылады.
Жылдағы дәстүрге сай Талғар аудандық «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен «Баланы мектепке даярлайық!» республикалық қайырымдылық акциясы өз жұмысын бастап кеткен болатын. Партия белсенділері жыл сайын қам көңіл балалаға қамқорлық жасап, мектепке қажетті киім-кешектері мен оқу құралдарын алып беруге қол ұшын беріп тұратын-ды. Биылғы жылы да балаларды назардан тыс қалдырмаған партиялық топ жетекшілері, партия ардагерлері, партия жақтаушылары, кәсіпкерлер «Мектепке жол» акциясына белсене атсалысып жатыр. Акция аясында әлеуметтік жағдайлары төмен, көп балалы отбасыларынан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мектепке қажетті оқу-құралдары мен киім-кешектерін алып беріп, бүлдіршіндерді жаңа оқу жылына даярлап, көмектерін беріп, жомарттық танытуда.
«Талғар» бастауыш партия ұйымының төрағасы Жандос Әуелбаев акцияға қолдау көрсеткендердің алғашқыларының бірі. Бұрындары да осындай қайырымдылық шааларынан тыс қалып көрмеген ол биыл Талғар қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Әбілхайырова Гүлмира Әкімжанқызының отбасына көмек қолын созды. Отбасындағы мектепке баратын балаларға мектеп формасы мен оқу құралдарын алып берген қала әкімі балақайларды қуанышқа бөлеп, ақ пейілді ананың алғыс мен ризашылығына бөленді. Ааталмыш акция әрі қарай да өз жалғасын тауып, ауданымыздағы барлық бала қайырымды жандардың назарынан тыс қалмайтынына сенімдіміз.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».