Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде толық жаңғыртудан өткен Ақсу қант зауыты биылғы жылдан бастап «қалдықсыз өндіріс» пиринципімен жұмыс істейтін болады. Биылғы жылы 130 мың тоннаға дейін қызылша өңдеуді жоспарлап отырған зауытта қалдық жомдарды нығыздап орайтын норвегиялық құрылғылар орнатылуда, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Талай жыл тұралап қалған Ақсу зауыты өткен жылы ішінара жаңартылғаны болмаса, негізінен 1967 жылғы көне құрылғыларын жамап-жасқап, жөндеудің арқасында іске қосылған болатын. Зауыттың тамырына қан жүгірткеннен кейін «Жетісу» ӘКК мен зауыт басшылығы бірлесіп физикалық та, моральдық тұрғыда да тозығы жеткен құрал-жабдықтарды толықтай қайта жаңғыртуға кірісті. Бүгінгі күні мұнда Ресейден, Украинадан, Германиядан, Франциядан, Қытайдан әкелінген заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, жөндеу-жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Зауыт директоры Самат Надирбаевтың айтуынша, жаңғыртудың қазіргі екінші кезеңіндегі жөндеу-іске қосу жұмыстарына 280 адам тартылып отыр. Олардың арасында шетелдік мамандар да бар. Ал зауыт толық іске қосылғанда қызылша өңдеу ісіне жергілікті 600 адам жұмысқа қабылданатын болады. Бүгінгі күнге дейін технологиялық құралдарды жөндеу-орнату шамамен 84 % аяқталды. Зауыттың сынамалық іске қосу мерзімі 15 қыркүйекке, ал толық іске қосылуы 15 қазанға белгіленіп отыр. 20 мың тонна алғашқы қызылша көлемін жинап алғаннан кейін кәсіпорын тоқтаусыз жұмысқа кіріспек.
Егер жоспарланғанындай биылғы жылы 130 мың тонна қант қызылшасы өңделетін болса, одан шамамен 22 мың тонна жом алынады екен. Бұрын өткізілетін орынға жом жүк көлігінде ашық-шашық күйде тасымалданып, жол бойы суы ағып, тиісті жерге жеткенше сапасы төмендеп кететін. Ал енді биылдан бастап жомды пресстеп, жаңа құрылғымен қаптамаға орауға жағдай жасалып отыр. Оралған күйіндегі жом 2 жылға дейін сапасын жоғалтпай сақталады. Және ешқандай химикатсыз, экологиялық таза өнім — мал бордақылау алаңдары үшін таптырмас азық. Алдағы уақытта бұл дайын өнімдерді отандық нарыққа, сонымен қатар шетелге де экспорттауға мүмкіндік тумақ.
Талғар-ақпарат