АТЫРАУ ФУТБОЛЫНЫҢ ТҮЛЕГІ

АТЫРАУ ФУТБОЛЫНЫҢ ТҮЛЕГІ

Өткен ғасырдың 70 жылдары Гурьев облысының (қазіргі Атырау) Жаңаөзен қаласының «Нефтьяник» командасының құрамында ойнап, Қазақ ССР біріншілігінің батыс аймағында бірінші орын алып, 70 жылдары Кеңес Одағының жоғарғы лигасында өнер көрсеткен. «Спартак», «Динама-Москва», «Динама-Киев», Өзбекстанның «Пахтахоры», Алматының «Қайраты» сияқты мүйіздері қарағайдайқарағайдай командалармен иық теңестіріп, сол командаларамен жасыл алаңда қиян-кескі айқас өткізген «Нефтьяник» командасының шебер ойыншысы Нұхы Ақдрашевті көнекөз футбол жанкүйерлері әлі ұмыта қойған жоқ.

Болашақ футболшының əкесі Шияп Ақдрашев Құлсары, Доссор, Жаңаөзен аймағына белгілі мұнайшы еді. Он бір құрсақ көтерген анасы Зылиха Қабылова да мұнай өндіретін скважинаның операторы болып ұзақ жыл еңбек еткен жан болатын. Тоғыз жасынан бастап Жаңаөзен қаласындағы Қазақ газ өңдеу заводының футбол жаттықтырушысы Василий Павлович Дугановтан тəлім алған ол 13-14 жасында-ақ облыс көлеміндегі жарыстарда көріне бастады. Сол кезде Мексикада өткен əлем чемпионатында топ жарған Бразилия сайыпқырандары – Пеле, Тастао, Жайрзино, Гарринча, Зико сияқты ойыншылар бүкіл əлем халқы қастер тұтқан аяқдоп шеберлері болатын. Жасыл алаңда теңбіл допты екі аяғымен кезек-кезек қақпақылдап, əріптестеріне қолмен қойғандай етіп пас беретін, шабуылда да 3-4 ойыншыны еркін алдап өтетін Нұхыны командалас достары «Пеле» деп мақтан ететін. Ол 1976 жылы 16 жасында Жаңаөзеннің «Нефтьяник» командасына қабылданды. Кейін «Қайратта» ойнаған Əли Суюмағанбетов, Нұрлан Атантаев, Оспан Каримов, Сослан Бураев сынды футболшылармен 1977 жылы Қазақстанның 1 лигасында топ жарса, 1978 жылы Қазақ ССР-нің біріншілігінде 4-орынды иемденді. Осы жетістігі үшін Нұхы Ақдрашев кеудесіне «КСРО спорт шебері» деген күміс жетонды жарқырата тағып еді. Əсіресе 1979 жылы Атыраудың орталық стадионында Кеңес одағының айтулы футболшылары – Игорь Нетто, Эдуард Стрельцов, Юрий Севидов, Галимзиян Хусайнов, Георгий Ярцев секілді футбол жұлдыздарымен болған жолдастық кездесу оның əлі күнге есінде. Сол кезде аңызға айналған шабуылшы Георгий Ярцевті жасыл алаңда тырп еткізбей «тұсаулап» тастаған қазақ жігіті Нұхы Абдрашевтың шебер ойыны Атырау жанкүйерлерінің көпке дейін тамсана айтып жүретін əңгімесі болды.

Француз халқының классик жазушысы Ромен Роллан бір кітабында: «Əрбір ержүрек, шыншыл адам өз Отанына абырой əкеледі» депті. Сол айтпақшы, биыл асқаралы 60 жасқа толғалы отырған, футбол тарланы, «КСРО спорт шебері» – Нұхы Абдрашев əлі тұғырдан түскен жан емес. «Жігітке жүз өнерде аз» демекші, əлі күнге жүгіріп, жасыл алаңда доп тебетін, су бассейнінде балықша жүзіп, шайтан арбамен үнемі жол үстінде жүретін Нұхы спорт үшін жаралған адам. Ол ойнаған Талғар ауданының «Ақбұлақ» ардагерлер командасы 2013 жылы футболдан облыс аймағынан жиналған 16 команданың арасында 2-орын алды. 2015 жылы Талғар ауданы футбол федерациясының құрылғанына 15 жыл толуына орай өткізілген облыстық турнирде ерекше ойынымен көрермен көзайымы болған Нұхы Шияпұлына мерекелік медаль табыс етілсе, 2015 жылы Алматы облысының «Құрметті азаматы», «КСРО спорт шебері» – Қалимолда Байболов турнирінде айрықша өнерімен көрінген баскетболшы Нұхы Ақдрашевке ерекше құрмет көрсетілді. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын спорт ардагері, Нұхы Шияпұлы биылғы жылы əйгілі ақын Олжас Сүлейменовтың 80 жылдығына орай волейболдан өткен турнирде 2-орын алса, мамыр айының 10-12 жұлдызында қазақ футболының жарық жұлдызы Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған турнирде Нұхы ойнаған «Талғар» командасы 3-орын алды. Халық даналығында: «Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, Ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» демекші бұл күндері Талғар ауданына қарасты Береке ауылында өмір сүріп жатқан Нұхы Ақдрашев сынды ел азаматының осындай спортқа деген сүйіспеншілігі үлкенге де, кішіге де үлгі болмақ.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».