Әңгіменің бәрі ауылда. Ауылдағы ағайын дастархан басында отырып ауыл іші ұсақ-түйек алыпқашпа әңгімеден бастап сонау саясатқа барып бірақ тоқтайды. Қоғамдағы келеңсіздіктер де тыс қалмайды. Қай жерде дәмді сөз, сүбелі ой бар деп аңдып жүретін біздер – «мәдениетті өсекшілерге» бұл таптырмас кен, тұнып тұрған шикізат. Тыңда да, көкірек қалтаңа құя бер. Кейде тіпті ұяттан жерге кіріп кетердей де боласың. Өткенде солай болды.
…Кезекті шай үстінде отыр едік. Сіңлім əн тыңдағысы келді ма, музыкалық арнаның бірін қоса қойды. Əдемі əуенге тұнып шай ішіп отырған едік, «Мынаусы несі, тайпа адамдары секілді» деген анамның наразы үнін естіп, экранға жалт қарасам жартылай жалаңаш қазақтың бір топ қызы өнерін «паш етіп» жатыр екен. Сандарын жалтыратып, төстерін төңкеріп, өздерін өздері рахаттана сипалап жатқандарға қарап тұрпайылықтың мұнан өткені болмас деп ой түйесің. Негізі, атам мен апамның қатал тəрбиесінің шеңберінен шықпаған мен əкеммен отырып теледидар көруден қашқақтап жүрем. Мейлі, «жабайы», «отсталый», «несовременный» болайын, бірақ арасында жарқ етіп шыға келетін жарнамадағы бейəдеп заттар мен қылықтардан жерге кіріп кете жаздаймын. Əлі күнге солай.
… Тұрып кетуге дəрмен жоқ, аяғына дейін көрдік əлгі «бикештерді». Əрине, мұндай бейнебаяндар арқылы танылып, ел алдында «абырой», «бедел» жинап жүрген əншілер қаншама екенін біліп жүрген бізге таңсық емес. Ал отыз жыл ұстаздық қызмет атқарып, бала тəрбиесі дегенге селқос қарамайтын анама бұл жақпай қалғаны шындық. Кімдер екенін сұрап еді, заманға қарай қадам басатын сіңлім аттарын атап, түстеп берді. Ішіндегі біреуінің есімі Фариза болғандығы анамды тіпті түршіктірді. «Фаризадан садаға кетсін!!!».
Жартылай жалаңаш бойжеткеннің поэзия падишасы, өзі үлгі тұтатын Фариза Оңғарсыновамен аттас болып шыққандығы жанын одан сайын қажады. «Еее, ата-анасы Фаризадай танымал болсын деген шығар. Бірақ мұндай жолмен танымалдығына болайын». Батыстық субмəдениетке еліктеп, қазақы танымнан алыс қазақтың қызына шынымен де жаным ашыды. Оның артында ақша үшін арын сататын продюсерлері тұрғанын білмейді-ау. Бір ғана бейнебаяннан сонша ашынған анама шегірткеше қаптап жүрген қалғандарын көрсе қайтеді деп жаным ашыды. Интернетті білмейтіндігіне, ұялы телефон ұстамайтынына қуандым. Сана-сезімі таза жандар мына қоғамның ластығынан ада екен ау деп қызықтым. Лайк жинаймыз деп хайп жасап, адам санасы көтере алмас түрлі əдепсіздікке, мəдениетсіздікке барып жүрген жастардың (көпке топырақ шашқандығым емес) қайда барып жығыларын бір Алла білер. Түрлі апат пен алапаттардың болып жатқандығы да бекер емес шығар. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Ең мықты идеология – телеарналарда осындай болса не үміт, не қайыр. Осындайда «Жалаңаштық емес, сірə, естілік, Тағы тайпа адамдары секілді» деген Есенқұл ағаның өлеңі еске түседі. Жалаңаштанып еді жаңалық болмай қалған арулардың асылы арзан болып қалды. Арзан дүние алдамшы.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».
1 Пікір
Томирис 25.09.2018 at 10:17
Рас. есерсоқ әндер мен ессіз клиптер қаптап кетті ғой эфирде. Жыным қозады қарап тұрып. Бұрынғыдай творческий іріктеуден өткізсе ешқайсы қалмас еді. жын-перінің ішінде нормальный әншілер танылмай қап жатыр көлеңкесінде. сенің миыңды жемегенде, кімнің миыңды жеймін деген әнді айтатындар әуелі хит шерулердің басында екен ғой. қайда кетіп барамыз екен?