«Өр албандары» атанып кеткен кереге таулы Кеген мен күндіз күнге, түнге айға қол созып, көк аспанмен тілдескен Хантәңіріне қарап бой түзеп өскен Нарынқол (Райымбек) ауданындағы Ұлы жүз ұрпақтарының қазақ халқына тән бір асыл қасиетін ерекше атап өтпеске болмайды. Ол ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жеткен шешендік пен тапқырлық, өлең-жырға құмарлық, өзара әзілқалжыңы дер едім. Олай дейтінім, күні бүгінге дейін ел арасында Құсайын, Колька, Әшірбек, Балақан, Мұқан айтыпты-мыс деген езу жидырмайтын күлкілі әзілдер жалғасын тауып келеді. Сондықтан да, бұл аймақтың халқын «әзіл-қалжыңы жарасқан ел» деп те атайды. Демек, сөз түсінген халыққа әзілдің де тәрбиелік мәні зор, мағынасы кең деген сөз.
Мен бүгін осындай өмірі өнегеге толы, сөзімен де, ісімен де, əзіл-қалжыңымен де көптің есінде қалған Мұқан Қалипековтің қызы Тұрсынгүл жайлы айтпақпын. Халқымызда жақсы көрген адамының есімін тура атамай, еркелетіп жүретін əдеті қандай сыпайылық, құрмет десеңізші. Ел ішінде «Мұқан ағаның қызы» атанып кеткен елінің ерке қыздарының бірі Тұрсынгүл Мұқанқызымен де, Ұлы Отан соғысының ардагері, зейнет жасына жеткенше халқы үшін қызмет етіп, аттан түспеген Мұқан Қалипековпен де 25 жыл бойы аудандық газеттің журналисі ретінде қатар жүріп еңбек еттім. Сондықтан да, бірі əкемдей, бірі қарындасымдай болып кеткені рас.
1968 жылдың қыркүйек айы болатын. Мен сол кездегі Нарынқол (Райымбек) аудандық «Советтік шекара» газетінен Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетінің редакциясына жауапты хатшы болып ауысып келгенімде Тұрсынгүл аудандық тұтынушылар қоғамындағы жас маманның бірі екен. Содан бастап араласып кеттік. Сонда жүріп тұрмысқа шықты. Ақын ретінде тойын басқарып, бетін де ашқан едім. Сол үлбіреген ибалы қыз бүгінде «70 жасқа келіпті» дегенге бірде сенсем де, бірде сене алмайтын сияқтымын. Қатар жүріп, қатар өскен соң ба уақыт білінбейді екен. Бұл – өмір заңы ғой.
Иə, Тұрсынгүл бұл өмір белестерін мəнді де мағыналы бағындырып, елі мен жері үшін аянбай еңбек етіп, ел экономикасы мен əлеуметтік саласын, мəдениетін арттыруға айтулы үлесін қосқан жетісулық жайсаң қыздардың бірі десек асыра айтқандық емес. Еңбек жолын 18 жасында қатардағы есепшіден бастаған ол 1971 жылы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайланып, аудан өмірімен етене араласып кетті. Қашан да болмасын жастар араласпайтын сала кем де кем шығар. Шынын айту керек, Кеңестер Одағы кезіндегі Жастар ұйымының беделі зор, рөлі күшті болды. Коммунистік партияның сенімді ізбасары əрі серігі ретінде тау қопарып, тыңды да игерді, мал бақты, адамның ізі түспеген Сібірге жол салды, екпінді құрылыстарды қолға алды. Соның бəрінде олар алдыңғы шептен көрініп, сенімді ақтай білді. Соның бірі емес бірегейі Тұрсынгүл екені даусыз.
Іске мығым, сөзге шешен қыз үш жылдан соң комсомолдық қызметтен аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысты. Онда да өз таңдауы емес, аудандық партия комитетінің талабымен, облыстық партия комитетінің қолдауымен болған шешім еді. Ол сенімді Тұрсынгүл толық ақтай білді дей аламыз. 1974 жылдан бастап оның өмір жолы партиялық жұмыспен өріліп, өрлей берді. 1980-1985 жылдары аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Одан соң екі жыл Алматы қаласындағы жоғары партия мектебінде оқып, білімін толықтырды. Партия мектебін үздік бітірген соң бірден аудандық партия комитетінің хатшысы, бір жылдан соң екінші хатшысы болып сайланды.
Жалпы алып келгенде Тұрсынгүл – Кеген ауданында 28 жыл еңбек етіп, елінің елеулі, халқының қалаулы қызы болды. Осындай ерен еңбегінің жемісі ретінде оның Кеген ауданының «Құрметті азаматы» екенін, сондай-ақ, «Еңбек ардагері» жəне «Қазақстан Конституциясының 10 жылдығы» медальдарының иегері болғанын айтсақ та жеткілікті. Өйткені, оның алған «Мақтау грамоталары» мен «Алғыс хаттарының» өзі бір төбе.
Еліміз егемендік алып, тəуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардың қиындығы аз болған жоқ. Дүркіреп тұрған колхоз, совхоздар таратылып, ірі зауыт, фабрикалар тоқтап қалғандықтан барша жұрт не істерін білмей, əрі-сəрі күн кешкені де шындық. Тіпті зейнетақының өзі айлап кешігіп, халықтың базар жағалап кеткені де рас. Осындай аласапыран сəтте билік көбінесе өмірлік тəжірибесі мол, ысылған кадрларға арқа сүйеді. 1995 жылы осы мақсатпен Алматы облыстық əкімдігіне ауысқан Тұрсынгүл алғашында облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары, облыс əкімдігі жанындағы отбасы, əйелдер жəне демографиялық саясат проблемалары жөніндегі комиссиясының хатшысы, Тіл басқармасының бастығы, сондай-ақ сайлау комиссиясының хатшысы сияқты лауазымды əрі жауапты қызметтерде болып, білімділігі мен біліктілігін көрсетіп, көп сенімін ақтады. «Мұқан ағаның қызы» деген атқа лайықты болды. Тұрсынгүл қайда еңбек етсе де, қай салада жүрсе де асыл адамгершілігінен, кісілігі мен кішілігінен айныған емес. Еңбек ете жүріп екі ұл өсірді. Бүгінде олардан немере, шөбере сүйіп отырған асыл əже, ардақты апалардың бірі болды. Қазір Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылында тұрады. Зейнеткер болса да қоғамдық жұмыстарға ұйытқы болып, бұрынғыдай көптің ортасында жүреді. Ауылдас, қызметтес болғандарды, туысжегжаттарды, достарын үнемі іздеп, хабарласып, реті келсе кездесу сəттерін өткізіп те жібереді. Бұл сөз жоқ жаны жомарт, жайсаң жандардың ісі. Міне, біздің Тұрсынгүл осындай.
Мұса Жанəділов, журналист, ақын, драматург,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Талғар ауданының «Құрметті азаматы».