Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында ұсынған 5 əлеуметтік бастамасын жүзеге асыруда аймақтарға артылатын міндет жүгі салмақты. Əсіресе, халықты баспанамен қамтамасыз ету, жалақысы төмен жұмысшы, қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасау, жастардың білім алуы жəне жатақханамен қамтылуына байланысты орындалатын міндеттер мен ынталы адамдардың кəсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсетуге байланысты орындалатын міндеттер көпшіліктің көңілінен шығып, көкейіндегіні дөп басты. Нұрсұлтан Назарбаев, бірінші бастамада əрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырып, қаржы ұйымдарына «7-20-25» бағдарламасын енгізуді ұсынды. Елімізде үй салу қарқынды жүргізілгенімен, оны алу екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ екендігі рас. Ендігі жерде осы бағдарлама негізінде жылдап тұрғын үй кезегінде тұрғандардың арманына жылдам қол жеткізуіне мүмкіндік туып отыр. Оның ішінде, басқа аймақтарға қарағанда, айлық жалақылары орташа біздің өңір халқы үшін ерекше қуаныш болып отыр. Бұл мəселе аудандық пошта торабының қызметкерлері тарапынан түскен сұрақтардың алдыңғысы болды.
Жуырда аудандық «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалының желілік кестесіне сəйкес аудандық мəслихат депутаты Дархан Əбдіхамитов пен партия төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова Талғар қаласындағы «Қазпошта» аудандық пошта торабының еңбек ұжымымен кездескен болатын. Келелі кездесуде Президенттің Бес əлеуметтік бастамаларының жүзеге асырылу барысын талқылап, мамандармен ой бөлісті. Бұл мекеме қызметкерлерінің басым көпшілігі жастар болғандықтан олар Елбасының бастамаларына қызығушылық танытты. Елбасының бүгінгі ұсыныстарының барлығы дерлік – жастардың əлеуметтік мүддесінде шыққаны анық. Білім гранттарын 20 мыңға дейін көтеріп, оның 11 мыңын техникалық мамандықтарға бағыттауы, жалдамалы пəтерлерде жүрген студенттердің 75-80 пайызын қосымша екі жылда жатақханалармен қамту бағыты тұтас студенттер мен жас ғалымдардың мүмкіндіктеріне шешілген. Əрине, Елбасы ауылдық аймақта жастарды ұстау, олардың кəсібін дөңгелетуді басты міндетке қойып отыр. Ауылдық фермалық кəсіпті, шағын қожалықтарды, кəсіпкерлікті өрбітуге шағын несиелерді бөлгізген. Бүгінгі күні мұндай бірнеше ауыл-аймақтарда кəсіп ашуды еселеп несиелеуді ұсынып отырған Елбасы міндетті түрде мұндай шапағатты – тəуекелшіл жас кəсіпкерлерге бағыттап отырғаны анық. Соңғы маңызды халықтық мəселеде, алдағы қысқа мерзімде өңірлердегі газбен қамтылуды атап отыр. Бұл дегеніміз, аймақтық инфрақұрылымды күшейту болмақ. Жас мемлекеттің болашағы бəрібір жастардың қолында болған соң, бүгінгі биліктің əрекеті мен бүйрегі жастарға бұрылып тұрғаны бекер емес. Кездесу барысында жас мамандар өздерін толғандырып жүрген баспана мəселесіне қатысты сұрақты көптеп қойды. Арасында көгілдір отынға қосылу, білім гранттарына қол жеткізу сынды мəселелерге байланысты да сұрақтар болды. Партия басшысы мен халық қалаулысы барлық сұрақтарға тиянақты жауап беріп, жастармен еменжарқын əңгіме құрды.
Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».