МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – РУХАНИ ЖАҢАРУДЫҢ НЕГІЗІ

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – РУХАНИ ЖАҢАРУДЫҢ НЕГІЗІ

Қазақстан бүгінгі күні тек екі ғана емес, үш тілдің: қазақ,орыс жəне ағылшын тілдерінің өзара əрекеттестік алаңына айналды. Іс жүзінде, қазақ тілі екі əлемдік тілмен бəсекелестік бəйгесіне түсті. Бұл бəсекелестік күресте қазақ тілінің аман қалуы қиын. Осыған байланысты біздің елде, дүниежүзінің көптеген басқа да елдеріндегідей, тілдің қорғаныс тетіктерін енгізу керек.

Сондай-ақ, қазақтардың ұлттық санасезімінің ұдайы өсуі мен қазақ этносының демографиялық келешегін де ескеру қажет. Ел халқының 70 пайыздан астамын қазақтар құрайды. Егер қазақтарға қызмет көрсететін өкімет органдары жəне басқа да мекемелер мен ұйымдар оларға ана тілінде қызмет жасамаса, кейбір көріністері байқала бастаған күрделі мəселелердің ушығуы мүмкін.

Сонымен бірге қолданыстағы «Тілдер туралы» заң мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттемейді, тілді білу қажет, менгеруге тиісті деген ұсыныстармен шектеледі. Ресми деректерде барлығы жақсы болғанымен мамандардың айтуынша Қазақстанда таза қазақша сөйлейтін қазақтар көп емес, негізінен қазақтар аралас, қойыртпақ, орыстанған қазақ тілінде сөйлейді, ал оқитындар мен жазатындар одан да аз. Қазақша оқыған жастар да орысшаға бейім. Бұл латын əліпбиіне көшуге орасан зор қиындықтар туғызады.

Қазақ тілін латын əліпбиіне аудару қазақтар үшін екі жақты үрдіс, ең алдымен мемлекеттік тілді жəне латын əліпбиін, орфографиясын меңгеру. Сондықтан да президент латын əліпбиіне көшуді мемлекеттік тілді меңгерумен байланыстырып отыр. Қалыптасқан жағдайда ең маңыздысы бүгінгі қазақтар мен қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеруге қажеттілігін тудыру.

Тілді таңдау адамдардың мүдделілігіне байланысты. Адамдар жұмысының, мансабының өсуін, тағы басқа талабын қамтамасыз ететін тілді таңдайды. Нарықтың заңы, соның ішінде тілдер нарығының талабы да осындай. Бірақ мемлекеттік тіл – ерекше рухани құндылық. Тілді оның иесі, ежелгі қолдаушысы, немесе қазақтар меңгермесе, оның түлеуі мүмкін емес. Сондықтан заң жобасын ұсынушылар қазақтардың қазақ тілін меңгеруіне басымдық мəн береді. Мемлекет құрушы ұлт мемлекет тілін меңгермейінше, тілдік орта қалыптаспайынша басқа халықтардың тілдік таңдауына ықпал жасау мүмкін емес.

Заң жобасын дайындаушылар сондықтан бірінші кезекте мемлекеттік тілді меңгеруді ең алдымен қазақтарға қояды. Екінші кезекте бұл талап барлық азаматтарға қойылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл туралы заңының əлемдегі мемлекеттік тіл туралы заңдарынан ерекшілігі осында болмақ. Бұл ішкі тілдік ахуалдан жəне геосаяси жағдайдан туған амал. Бірақ ҚР Конституциясының 33-бабының 4-тармақшасына сəйкес мемлекеттік қызметшілер ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді меңгеру міндетті.

А.Егизбаева,

Талғар аудандық сотының бас маманы.