Қол жетiмдiлiктi қамтамасыз ету жəне мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру – мемлекеттiк саясаттың басым бағыттарының бiрi болып табылады. Десек те, кей ауылдық жерлерде халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылмаған жəне тұрғындар қалаға немесе аудан орталығына баруға мəжбүр болуда. Ал Белбұлақ ауылдық əкімшілігі бұл мəселенің оң шешімін тауып, мемлекеттік қызметтердің кейбір түрлеріне қатысты анықтамаларды жергілікті əкімшілікте-ақ бере бастады. Ауыл тұрғындары тиісті құжат үшін аудан орталығындағы ХҚКО бармай-ақ, ауыл əкімдігі жанынан құрылған орталықтан ала алатын болды. Атап айтар болсақ, сотталған, сотталмағандығы туралы, тұрғылықты мекенжайы туралы анықтамалар мен некеге тұру туралы өтініш білдіру, тағы басқа да анықтамалар ауыл тұрғындарын аудан орталығына сабылтпауға мүмкіндік беруде. Талон алып, кезекке тұрудың қажеті де жоқ. Сондай-ақ аталмыш орталық заңдық тұрғыдан кеңес беріп, көмек қолдарын созуда. Ауыл тұрғындарының жасалып жатқан қолайлы жағдайға көңілдері толып отыр.
М.Бөлек.