«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің» маңызы зор. Бүгінде ел-жұртты дүрліктіріп, зәре-құтын қашырып отырған менингококк жұқпасынан сақтандыру мен ауырудың алдын алу шаралары мықтап қолға алынып жатыр. Өкінішке орай, қауіпті дерт ауданымыздың екі тұрғынының өмірін қиды. Олардың бірі 19 жасар бойжеткен болса, енді бірі 4 жасар бүлдіршін. Осыған орай, оқушылардың жазғы демалыс лагерлерінің жұмысы да уақытша тоқтатылған, көпшілік іс-шаралар өткізуге де шектеу қойылды. Аудандық аурухананың қабылдау бөлімінде дәрігерлер күшейтілген кестеде жұмыс жасауда. Денсаулық сақтау мамандары тарапынан білім саласы, дін өкілдері, аудандық ХҚКО мен жастар ұйымы, басқа да әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп аурудың алғашқы белгілері мен одан сақтану жолдары түсіндіріліп, ақпараттандыру жұмыстары кеңінен жүзеге асырылуда, арнайы жаднамалар таратылуда. Жуырда аудан әкімдігінің кіші жиынжайында аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары мешіт имамдары мен православ христиан шіркеуінің дін қызметкерлерінің басын қосып менингококк жұқпасының алдын алу шаралары туралы түсіндірме жұмысын жүргізді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Д.Алғатбекұлы жүргізіп отырды.
Қазір қасиетті Рамазан айы болғандықтан мешітке келетіндердің қарасы көп. Әсіресе, жұма намазы мен тарауиық намаздарында халық көп жиналады. Мұндай жағдайда сақтандыру шараларын ескермесе, аталмыш дертті жұқтырудың қауіпі еселене түсері анық. Жиналғандар алдында алғашқы болып сөз алған аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Бексұлтан Успанов менингит ауырумен менингококк жұқпасы туралы жан-жақты түсінік берді. Ілеспе түрде орнатылған экран арқылы видеоролик көрсетілді.
Менингит — аурудың синдромы. Ол іріңді немесе серозды болады. Сонымен қатар, вирустық, зеңді, бактериалды болып бөлінеді. Сонымен қатар, көп жағдайда адамдар менингококк жұқпасының тасымалдаушысы болғанын біле бермейді. Олар ауырмауы да мүмкін. Бұл ең негізгі ауру жұқтыру көзі болып табылатынын айтты. Маманның айтуынша, менингит ауруының жеңіл түрі назофарингит те жиі кездеседі. Асқынған назофарингит ауруы жағдайында адамның қызуы көтеріледі. Тамағы ауырып, мұрны бітеледі. Дерттің бұл формасын дер кезінде анықтау, емдеу амалдарын жүргізссе, ем қонары анық. Аурудың ең ауыр түрі менингококцемия тудыратын менигококк жұқпасынан басталады екен. Менингококк жұқпасын адам бірнеше сағатта жұқтыруы мүмкін. Менингокок жұқтырған науқастың дене қызуы 38,5 градустан көтеріліп, құсу, буындардың ауыруы, бөртпенің денесіне жайылуы байқалады. Бұл өте агрессивті форма. Инкубациялық кезең 2-10 күнге созылады. Қоздырғыш бірден қанға түседі. Соның кесірінен шұғыл түрде менингококк сепсисі пайда болады. Ағзаға көп көлемде эндотоксин жайылады да, тамырлар жансыздана бастайды, соның салдарынан адамның қан қысымы төмендеп кетеді. Ағзаға оттегі жетпеуінің кесірінен гипоксия жайылады. Барлық өмірлік маңызды органдар, ми зардап шеге бастайды. Қауіпті дерттің симптомдары мен одан сақтанудың жолын түсіндірген ауданның бас санитарлық дәрігері жұқпалар қоршаған ортаға төзімсіз, менингококк штаммы ултракүлгін сәулелерден, зарарсыздандыру сұйықтықтарынан жойылатынын жеткізді. Бөлмелерді жиі-жиі желдетіп тұру, дизенфекциялық қоспалармен ылғалды тазалық шараларын жүргізу, адам көп шоғырланған жерде болғанда бір реттік медициналық маска кию ,жеміс-жидектер мен көкөністі ыстық сумен шайқау (өйткені жұқтырғыш таяқшалар 56 Цельсий гадуста ғана өледі), ауыз, мұрын қуыстарын тұзды, яки фурацилин ерітіндісімен шайқау, қолды жақсылап жуу сияқты жеке бас гигиенасын ұстанудың маңызы зор екені баса айтылды. Сонымен қатар, екпе мәселесі де сөз болды. Аталмыш дертке қарсы салынатын екпенің әсері 21 күннен кейін ғана жүзеге асатындықтан оны қазір қабылдаудың тиімділігі болмайтынын алға тартты маман. Негізінен екпені қажылыққа, шетелге шығатын адамдар міндетті түрде алатыны айтылды. Аудандық аурухананың терапевт-дәрігері Айсауле Жаксаныкова қатерлі дертке байланысты бақылау күшейтілгенін, қабылдау бөлімінде таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін дірігерлер қабылдау жүргізіп, күдікпен түскен науқастардың денсаулығы жан-жақты тексерілетінін жеткізді. Ғаламтор желісі арқылы ауырудың алдын алу үшін неше түрлі антибиотиктерді қолдану керек деген жалған ақпараттың жетегінде кетпеуге шақырған дәрігер, сау ағзаға өздігінен, дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктер қабылдаудың аса зиянды екенін қадап айтты.
Жиын соңында жиналғандар бірқатар сауалдар қойып, тұщымды жауаптар алды.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат