Күн жылынып, балалар жазғы демалысқа шыққалы ойын алаңшықтарының көрігі қыза түскен. «Бар жақсылық балаларға», «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дегендей, балаға істеген жақсылықтың сауабы мол. Дені сау, танымдық өресі кең, көңілі шат бүлдіршіннің психологиялық, физиологиялық дамуы да дұрыс болмақ. Оған əсер ететін факторлар көп.
Тіршілік нəрі саналатын таза су, таза ауа, табиғи таза өнімдерден жасалған тағамдармен қатар киген киіміңіз де, қолданылатын құралжабдықтар мен ойыншықтар да экологиялықсанитарлық нормаға сай болуы керек. Бұл ретте, балалардың сүйікті ойын алаңына айналған — үрмелі батут құрылғыларына тоқталуды жөн көрдік. Бір қарағанда «батут» тақырыбы елеусіздеу болып көрінгенімен, мұнда да мəн берер дүние аз емес екен. Əсіресе, балалар ойнайтын секірткіш ойын құрылғысы саналатын — жылжымалы батуттар төтенше оқиғаларды көп тудыратын көрінеді. Аталмыш ойын құрылғысын кез келген уақытта далаға апарып орната беруге болатындықтан, техникалық қауіпсіздік ережелері мен санитарлық талаптарды сақтаудың маңыздылығы зор. Жуырда ұйытқи соққан желдің салдарынан Астана қаласындағы сауда үйлердің бірінің жанындағы балалар батуты аударылып, бес бала ауыр жарақат алғаны белгілі. Батуттан зардап шеккендер жалғыз олар емес. Мұндай оқыс оқиғалар еліміздің əр аймағында тіркелуде. «Сəбиімнің табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын» дейтін ата-ана үшін, баласының амандығынан артық ешнəрсе жоқ! Ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін батутты дұрыс таңдай білуі керек. Құрылғы дұрыс тұр ма, қаншалықты сенімді екеніне, серіппелері мен торларының беріктігіне де жіті мəн бергені абзал.
Əсіресе, қазіргі таңда халықтың зəреқұтын қашырып отырған менингококк ауыруының өршіп, адам өліміне дейін əкелуі де «сақтықта қорлық жоқ» екенін тағы да еске салды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің» маңыздылығын ескертуден жалықпайтын денсаулық сақшылары балаларды қоғамдық ойын алаңдарына көп апармауды ескертуде. Өйткені, ауамен, тұрмыстық жолдармен тез тарайтын кеселден сақтанудың бірден-бір амалы санитарлық, тазалық нормаларын қатаң қадағалау болғандықтан, адам көп шоғырланатын жерлерге əуес болмаған дұрыс екенін айтады мамандар.
Осының бəрін ескере келе, қаламыздағы батут құрылғыларының «жай-күйін» тексеру мақсатында Талғар қаласы əкімдігінің мамандарымен бірлесе рейдке шыққан едік. Талғар қаласында алты жылжымалы батут құрылғысы мен сауда орталықтарының ішінде орналасқан екі ойын алаңы бар. Арнайы топ мүшелері барлығына барып, қауіпсіздік ережелерінің қаншалықты сақталып отырғанын, қаншалықты талапқа сай келетіндігін анықтап қайтты.
Заң бойынша жылжымалы батуттар сауда орталығы иесінің рұқсатымен екі субъекті арасындағы құрылғыны орнататын жерді жалға алу жөніндегі келісімшарт негізінде жүзеге асады. Қаламыздың əр аймағында орнатылған жылжымалы батуттар осы негізде жұмыс жасап тұр. Ең алдымен Абай көшесінің бойында орын тепкен «Top Kid» жекеменшік балабақшасына қарасты балаларға арналған ойын алаңындағы жəне осы маңайға жақын жерде орналасқан екінші нысаны жанұялық балалар кафесінің ішіндегі батут қондырғыларының жай-күйін байқадық. Аталмыш екі орталықтағы балалар секіріп ойнайтын ойын құрылғылары санитарлық, техникалық қауіпсіздік талаптарына сай. Қос орталықтың жетекшілері С.Радецкая мен Ш.Исмаилов күнделікті таңертеңгі уақытта батуттар дезинфекциялық жуғыш затпен жуылатынын, сонымен қатар аптасына бір рет санитарлық тазалық шаралары жүзеге асырылатынын айтты. Мұндағы реттілік пен тазалық келген демалушылардың көңілінен шығатынын байқадық. Қала орталығындағы «Альпина» сауда үйінің маңында орнатылған батуттартардың иесі жеке кəсіпкер Самат Башкулов деген азамат. Талапқа сай қызмет көрсетуді екі адам жүзеге асырып жатты. Батуттар жаңа болмағадықтан болар, тазалығы айнадай жарқырап тұр деуге келмейді.
Мұнда өрт сөндіру құралы да болмай шықты. Нысан иелеріне батут орнатылған алаңқайдың жан-жағын абаттандыру ұсынылды.
Орталықтағы «Жеңіс» саябағындағы үрмелі ірі батут ауа-райының қолайсыздығына байланысты бұл күні іске қосылмапты. Есесіне кішкентай бүлдіршіндерге арналған шағын шариктермен толтырылған ойын құрылғысы, серппелі батут жұмыс істеп тұр.
Оларға қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтылды. Мəселен, 2-3 жасар бүлдіршіндерге арналған ойын құрылғысына айналдыра жүргізілген қауіпсіздік торлары талапқа сай емес, дəрі-дəрмек қобдишасы мен өрт сөндіргіш құралдың жоқтығы қынжылтты.
Орталық базардың маңында орналасқан «Сity Plasa» ірі сауда орталығының төртінші қабатында орын тепкен балалар ойын алаңында техникалық қауіпсіздік ережелері мен санитарлық нормалар толық сақталғанын көрдік.
Сауда орталығы директорының əкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Данияр Отарбаев: «Біздің негізгі мақсатымыз – сапалы қызмет көрсету болғандықтан, жас ерекшеліктеріне қарай бүлдіршіндердің алаңсыз демалуына, асыр салып ойнауына барлық жағдай жасалған» дей келе, көлемі 200 шаршы метр аумақты алып жатқан бұл ойын орталығы қаламыздағы ең ірі балалар ойнайтын орталық болып табылатынын, сондықтан да мұнда 5 адам қызмет көрсетіп отырғанын жеткізді.
Дезинфекциялау, жуып-шаю шаралары күнделікті жүзеге асырылып отырады, оған қоса аптасына бір күн жан-жақты санитарлық тазалық жұмысы жүргізіліп отырады екен. «Dolce Vita» мейрамханасының жер аумағында орналасқан батуттың жəй-күйі топ мүшелерінің сын тезіне ілінді. Мұндағы жылжымалы батут мүлдем бекітілмеген.
Яғни, қатты жел соқса құрылғы қисайып, аударылып бала өміріне қауіп тудыруы əбден мүмкін. Шаң басқан батутта бұл күні балалар болған жоқ.
Арнайы дəрі-дəрмек қобдишасын да, өрт сөндіру құралын да батут иесі Л.Демижанова көрсете алмады. Аудандық Мəдениет үйінің жанындағы алаңшықта орнатылған жап-жаңа батуттың иесі Қизат Амангелді деген азамат. Мұндағы ойын құрылғысының техникалық қауіпсіздігі, санитарлық-тазалық деңгейі көңіл көншітерлік.
Тек тілсіз жаудың алдын алуға бағытталған өрт сөндіру құралы болмай шықты. Нысан иесі бұл олқылықты кешіктірмей жоятынына сендірді.
Тексеру қорытындысы көрсеткендей балалардың секіріп ойнайтын батут ойын құрылғыларының жағдайы əр түрлі. Кемшілік те жоқ емес. Тек сыннан қорытынды шығарып, орын алған кемшіліктерді дер кезінде түзетудің маңызы зор. Өйткені, балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-ананың ғана емес, жауапты мамандардың да алдында тұрған аса маңызды міндет екенін естен шығармайық!
Балалар секіріп ойнайтын батуттарға қойылатын қауіпсіздікті сақтау ережелері төмендегідей:
• Желдің, дауылдың болатыны жөніндегі дабылды ескерту түскен жағдайда ойын батуттарын құрмау;
• Батуттардың төлқұжатындағы нұсқауға сәйкес батутты орнату және қосымша тіреулерді қолдану;
• Мүмкіндігінше батуттарды ашық жерге орнатпау, орналасқан жері тегіс, құрғақ болуы қажет;
• Батуттарда қызмет көрсететін қызметкерлер саны 2 адамнан кем болмауы қажет;
• Ашық отты пайдаланатын орындардан және автожолдардан арақашықтықты (10 м. кем емес) сақтау;
• Батутқа қатысты төтенше жағдайлар орын алған жағдайда жауапкершілік меншік иелеріне жүктеледі; • Батутқа жүргізілген электр жүйелерінің ақаулығын тексеру;
• Жергілікті атқарушы органдардың келісімімен белгіленген орынға орнату;
• Қызмет көрсетушінің техникалық қауіпсіздігі бойынша оқудан (оның ішінде медициналық қызмет көрсету саласымен бірге) тиісті мекемелерден дәріс алғандығы жөнінде куәлігі болуы қажет;
• Батуттың жанында алғашқы медициналық қобдишасы мен алғашқы өрт сөндіру құралдары (батуттың шаршы метріне қарай өрт сөндіргіш ОП-5) болуы қажет.
Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».