Алматы облысы, Панфилов ауданына қарасты Бөрібай ауылының тұрғыны, жасы жүзге қараған Əзихан əжеміз «қажылыққа барып келді» деген жаңалықты естігелі əңгімесін тыңдауға сондай асық болдым. Əрі туыпөскен ауылымның сыйлы қарты, əрі осы жасқа жеткенде мұсылманның бес парызын өтеп келгеніне риза болып, ғұмыры қазынаға толы қарт кейуанаға қайтсем де жолығамын деп шештім. Сəті түсіп ауылыма бара сала апамның үйін бетке алдым. Қажылыққа барып келгеніне алты айға жуықтаған апамның айтары əлі таусылмағандай көрінді. 96 жасқа келсе де, Алланың берген қуаты мен ниетінің тазалығы шығар Əзихан апам əлі тың екен. Менімен бірге амандасуға барған кіші əкем Болат пен жеңгем Оралханның дауыстарынан жазбай танып, қауқылдаса амандасып жатты. «Апасы қайтқанда жоқтау айтқан қыз емес пе» деп атымды білмесе де менің де даусымды шырамытып, танығанына көңілім елжіреп кетті. Амандық-саулықтан соң апам əңгімесін бастады. Жарты ғасырдан астам уақыт бес уақыт намазы мен оразасын қаза қылмаған апам қажылыққа баруды 20 жылдан бері армандап келген екен. Меккеге барудың өзі үлкен қаржы мен денсаулықты талап ететіндіктен бірде материалдық жағы тапшы болса, кейде денсаулығы сыр беріп кешіктіріле беріпті.
– Меккеге барардан бір ай бұрын түсіме əкем кірді. Көп кіре бермеуші еді. Бірақ сол күні анық көрдім. Қасыма келіп, қолыма аппақ орамал ұстатты да бұрылып кете барды. Оянған соң жақсылыққа жоритын əдетімізден немерешөберенің бірі келін əкелер дедім де қойдым. 1-2 аптадан соң қызым Бүбіхан осылай да осылай қажылыққа баратын болдық деген қуанышты жаңалығын жеткізді. Əкемнің берген ақ орамалы есіме түсті. Көзімнен жас ыршып кетті. Мен бұл сапарды 20 жыл армандадым ғой, – деп кейуана əлде əкесін есіне алды ма, əлде жақсы жаңалықтың өзіне бұйырғанына көңілі əлі сенбегені ме, көзін сүртті.
Кеңес заманындағы «Атеист» атқамінерлердің алабөтен көзқарасынан өтсе де талай заманғы қылау түспеген Құдайға деген махаббат ең соңғы парыз – қажылыққа бару нəсібі бұйырғанына шын көңілімен қуанғанын көзінен де, сөзінен де аңғардық. Ал қасиетті мекеннен алған əсері тіпті ерек. Жол қаражатын түгелдей бала-шағасы көтеріп алыпты. Ал қажылыққа қыздары Гүлсім мен Бүбіхан ертіп барған. Қолындағы кенже ұлы Тергеусіз ағамыз бен Райкүл жеңгеміздің күтіп-баптауымен отбасындағы татулықтың ұйытқысы бір өзі болып отыр. Он үш жасында тұрмысқа шығып, 11 құрсақ көтерген батыр анамыздың Құдай қосқан қосағы Əлияс атамыз 68 жасында дүниеден озған.11 баладан 26 немере, 48 шөбере, 3 шөпшек көріп отырған бақытты анадан ұзақ жасаудың құпиясын сұрадық.
– Спортпен дос болдым деп айта алмайтын, ауылдың тірлігінің өзі спорттан кем емес. Жас кезімізде еңбектенгеніміздің арқасында аяқ-қолымыз аман шығар бүгінде. Бес уақыт намаздың өзі іс-қимыл біле білгенге. Жəне бір айтарым, адал болып, ағзаның ішін де, сыртын да таза ұстасаңдар, сергек жүрудің сыры сол деп білемін,- дейді көпті көрген қария Əзихан Мұхаметжанова.
Қажылыққа барған адам негізінен үш нəрсені алып қайту дəстүрге айналған дейді. Біріншісі – өзінің елі, жанұясы, ұрпағы үшін дұға жасау, екіншісі – зəмзəм суы, үшіншісі – Пайғамбарымыздың (с.а.у) өз қолымен еккен құрмасы. Ол құрмадан тілегімізді айтып, біз де ауыз тидік. Қасиетті жерге барып, халқымыздың амандығына, бейбіт өмірге шүкіршілік етіп қайтқан қарияның ырымдап берген ақ орамалын бойтұмарымдай сақтап қойдым.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».