ДІН МЕН ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ

ДІН МЕН ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ

Қазақ даласында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-нің сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың тіршілігінің төрінен орын алды. Әлемдегі барша мұсылмандар ардақ тұтатын қасиетті Құранда Алла тағала: «Мен адамдарды бірін-бірі тануы үшін ұлттарға бөліп жараттым», – дейді. Демек, Алланың тікелей пәрменімен адамзат ұлттарға бөлінді. Мұнда үлкен ғибрат бар. Мәселен, бір ұлт екінші бір ұлттан дербес тілі, дәстүрі мен мәдениетінің ерекшелігімен айқындалады. Ал Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер кез-келген ұлттың өзіндік дәстүрі мен ғұрыптары Құран мен хадистерге қайшы келмейтін болса, онда оны ұстануға толықтай рұқсат беріледі»,- деген. Бұл қағида Ислам дінінің қазақ даласына ену процесі кезінде де сақталып, асыл дініміз ата-бабаларымыздың мәдениетіне, салтдәстүріне тіпті қанына сіңіп, атадан балаға жалғасып келеді.
Қазіргі таңда жасыратыны жоқ Қазақстан аумағына орныққан Исламның дəстүрлі емес ағымдары сан ғасырлық ата-баба мұрасы мен қазақы салт-дəстүрден жеріп, мұсылмандар арасына жік салуда. Бұл мəселеде өте абай болғанымыз абзал. Мəселен, қазақ халқында үлкен кісіге, ақ сақалды қарияларға, ата мен анаға ерекше құрмет көрсету, келіндердің иіліп сəлем беру əдебін дінге қайшы əрекет санайды. Бірақ бəрі адамның ниетіне қарай болғандықтан, «сəлем беру» мен «рүкұхты» шатастырып, бір-біріне қарсы қоюдың өзі қателік болып табылады. Үлкенге құрмет көрсету, қамқорлық таныту сынды ізгі қасиеттерді бабаларымыз ислам дінінің кұнды заңдылықтарынан сіңірген деуге болады. Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың хадистері, Лұқман сүресінің 14 аятында: «Адамдарды ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Ана оны үсті-үстіне əлсірей жүріп (құрсақта) көтереді, екі жыл бойы ақ сүтімен емізеді. (Ей адамдар!) маған да, ата-аналарыңа да шүкірлік етіңдер! Түптің түбінде қайта оралатындарың – Менің алдым», – деп айтылған. Аллаһ тағаланың өзі бүкіл адамзат баласын ата-аналарына құрмет, оларға жақсылық жасап қарайласқан кезде ғана бақытқа жететінін бұйырады. Намаз оқымағаны үшін ата-анасына қарсы шығып, туған-туыспен араласпай кеткен бауырларымыз да жоқ емес. Əрине, мұндай əрекеттер дінді дұрыс түсінбеудің салдарынан болады. Расында да, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ата-салт, асыл дəстүріміз ислам дінінің құндылықтарымен толығып, үйлесе қабысып, біте қайнасып нығая түсті. Ұлттық салт пен дəстүрдің тууы ұлттың ұлт болып қалыптасуына байланысты. Ол наным-сенімге, тіршілік кəсібіне қарай қалыптасатын əрекет. «Əдет» сөзі арабтың «əл-ъаада» сөзінен шыққан. «Дəстүр» сөзі де арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-əрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Əдет-ғұрып, салтдəстүр – əр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сəйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы болып табылады. Өз кезегінде бұл əдет-ғұрып заңдары да исламның шариғат заңдарына қарама-қайшылық келтірмей, қайта діни сенімдердің өмір салтымыздан көрініс табуына да ықпал етеді. Мəселен, дүниеге келген нəрестеге жақсы есім қойылса, құлағына азан, такбир айтатын болса, онда ол ата-ананың ислам шариғи заңдылықтарымен ата-баба дəстүрін білетінін айғақтайды. Туылған сəби үшін ислам шариғаты бойынша «ақиқа» құрбандығы шалынады. «Ақиқа» – деп əрбір нəрестенің ана құрсағында шыққан шашын, бір апта болған күні алып, сол рəсіммен кұрбандық шалынатын малды атайды. Əрбір бала ақиқасымен кепілдікте тұрады. Оны жетінші күні сойып, сəбидің есімі қойылады жəне шашы алынады. «Ұл балаға арнап екі қой, қыз балаға бір қой сойылады» — деген. Себебі, яһудилер ұл балаға ақиқа шалып, қыз балаға шалмайтын. Сондықтан Пайғамбарымыз (ғ.с.) оларға ұқсамас үшін ұл балаға арнап екеу, қыз балаға біреу шалуды бұйырды. Осы бір шариғат талабы да халқымыздың салтдəстүрінде орын алған. Сонымен қатар қазақтың игі дəстүрлерінің бірі – ұл баланы сүндетке отырғызу да ұлттық үрдісіміздің ажырамас бөлігі. Сахих хадистер жинақтарында жазылған риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Бес нəрсе фитрадан (əуелгі жаратылыстағы əдеттерден). Олар: сүндетке отыру, денедегі түктерді алу, мұртты басу, тырнақтарды алу, қолтық түгін тазалау». Айта берсек мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ата-ананы құрметтеу, тамақ ішу əдебі, қыз бала, ұл бала тəрбиесі тағысы талайы адам баласының рухани негізі мен адами болмысын қалыптастыратын маңызды дүниелеге үлкен мəн берген. Осының өзінен діни қағидалардың салт-дəстүрмен біте қайнасқандығын көреміз. Əрбір саналы, білімді адам Ислам дінінің ізгілік пен бейбітшілік діні екенін жақсы біледі. Ислам бөлінуді емес бірігуді көздейді. Данагөй бабамыз айтқандай, асыл дініміздің құндылығынан нəр ала отырып, ұлттық кебетімізді, рухани негізімізді сақтап, тарихи тамырымыздан қол үзбейік. Шариғатпен үндесіп келе жатқан озық салт-дəстүрлерімізді күнделікті тіршілігімізде пайдалана отырып, жас ұрпақты иманжүзділікке, ғылым мен білімге деген құштарлыққа, əдептілік пен мейірімділікке тəрбиелейік.

Серғазы Дауытбеков,

Талғар ауданының бас имамы.