ӘКІМ КУБОГЫН САРАПҚА САЛДЫ

ӘКІМ КУБОГЫН САРАПҚА САЛДЫ

Жуырда қаладағы «Жеңімпаз» спорттық-сауықтыру кешенінде аудан әкімі Рыскелді Сатбаевтың кубогы үшін шағын футболдан мектеп оқушылары арасында өткен сайысы қорытындыланды. Аудан басшысы алдымен кешенді аралап, жаттығу құрылғыларымен танысып шықты.

Келесі кезек футболға берілді.

Бірінші кезең бойынша аудан көлеміндегі барлық мектептердің 34-командасы аудан əкімінің кубогы үшін əр аймаққа бөлініп, сайысқа түсті. Солардың арасынан ақтық сынға №5, №15, №18, №24, №31, №32, №33, №49 мектептердің үздік футболшылары шығып, бас жүлдені жеңіп алу үшін «Жеңімпаз» сауықтыру кешенінде бас қосты. Жарыстың ашылу салтанатына арнайы келген аудан əкімі Рыскелді Ахметқалиұлы жас футболшыларға жасыл алаң үстіндегі тартысты ойында жеңіске жетулеріне тілектестігін білдірді.
Əр ауылдан іріктеліп келген сегіз команда екі топқа бөлініп, əкім кубогын сарапқа салды. Бұл жарыста қарсыластар қақпасына көп доп соғып, тамаша ойын өрнегін көрсеткен Панфилов ауылындағы №33 орта мектептің теңбіл доп шеберлері «чемпион» атанып, аудан əкімі Р.Сатбаев тағайындаған Кубокты жеңіп алды. Екінші орынға Тұздыбастау ауылындағы №31 орта мектептің футболшылары шықса, үшінші тұғырға Қызыл Ту ауылындағы №24 орта мектептің спортшылары орнықты.


Осы турнирде ерекше ойынымен көзге түскен №31 орта мектептің 8-сынып оқушысы Аяпберген Ерқанат «Ең үздік қорғаушы» атанса, №33 орта мектептің 9-сынып оқушысы Сəлім Еркебұлан «Ең үздік шабуылшы» сыйлығын алды. Осы жарыста «тас қамал» қақпашы атанған №24 орта мектептің 9-сынып оқушысы Дастан Тынышбеков «Ең үздік қақпашы» сыйлығын алып, мерейі тасыды. Жарыстың бас төрешісі, аудандық Жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Игорь Калинин мен Аслан Саттыбаев жеңімпаз командалар мен жеңген ойыншыларға сый-сыяпаттарын салтанатты түрде табыс етті.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».