ӨНЕГЕСІ МОЛ ӨНЕРЛІ ЖІГІТ

ӨНЕГЕСІ МОЛ ӨНЕРЛІ ЖІГІТ

«Халық əндері – халық өмірінің барлық жағын көрсететін, шындыққа, сырға толы, жарқын, көзі тірі халық тарихы» – деп орыс халқының ұлы жазушысы Н.В. Гоголь айтып өткендей, халық əндері біздің ата-бабамыздан қалған қымбатты мұралардың бірі. Ол ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып қалып келеді. 1981 жылы Моңғол Халық Республикасының Байөлке ауданында Дəріпхан Зəңгібайұлы атты қарапайым қолөнер шеберінің отбасында дүниеге келген Семейхан ағайынды бес баланың үлкені еді. Əкесі Дəріпхан қазақтың халық əндерін шебер орындайтын өнерлі жан еді, ал туған нағашысы Жұбай Қоянбайұлы қос ішекті домбырада қазақтың шертпе күйлерін керемет орындайтын, бүкіл Байөлке аймағына белгілі домбырашы болатын. Құлағы қалқиып 4-5 жасынан домбыра тарта бастаған Семейхан 12-13 жасынан қазақ əндерін еркін орындайтын дəрежеге жетті. «Əн – көңілдің ажары» демекші, жүректің нəзік пернелерін дəл басатын əн құдіреті жас баланы өнер əлеміне қарай жетектеп əкетті. Он жылдық мектепті бітірген Семейхан Моңғолияның Увса қаласындағы мемлекеттік университеттің үрмелі аспаптар оркестрі бөліміне түсіп, оны төрт жылдан соң аяқтап шығады. «Отан – оттан да ыстық» демекші, 2005 жылы Қазақстанға көшіп келген Семейхан Дəріпханұлы туған жерге келісімен Талғар ауданына қарасты Туғанбай ауылына келіп қоныс тепкен еді. Ауыл-аймақтағы ойын-тойдың көркіне айналған əнші жігіт көп ұзамай Нұра ауылындағы Мəдениет үйіне əдіскер болып орналасқан болатын.

Көкірегі ояу, көзі ашық Семейхан осы ауылда көптен ойында жүрген «Шежіре отау» атты қазақтың ұлттық киіз үйі ішіндегі тұрмыстық үй бұйымдары: киіз, текемет, сандық, кебеже, зергерлік бұйымдар мен қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан сан алуан заттарды жинастыра бастады. Оған ауылдағы ұстаздар қауымы мен «Нұрай» əжелер ансамбілінің мүшелері қол ұшын берді. «Көп түкірсе – көл» — деген емес пе? Бұл күндері Мəдениет үйі ішіндегі қазақтың ақ боз киіз үйі ішіндегі сан алуан зергерлік бұйымдарымен көз жауын алады. Міне, осының бəріне Нұра ауылындағы Мəдениет үйінің директоры Дəріпхан Семейхан есімді алғыр да іскер азаматтың еңбегі сіңгенін көпшілік жақсы біледі. Халыққа бергенінен бері көп Семейханның өзін көрсетер кезі əлі алда.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».