Есеп-санаққа салғырт қарамайық

Есеп-санаққа салғырт қарамайық

Жуырда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында  аудан әкімінің орынбасары Ч.Мамановтың  төрағалық етуімен Алматы облысы статистика департаменті басшысының орынбасары Д.Молдағұлова, ауыл шаруашылығы  статистика басқармасының басшысы Ю.Малкаров, респонденттермен жұмыс істеу басқармасының басшысы М.Исаева,   әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының басшысы Л.Симонова ауданымызға арнайы келіп, семинар-кеңес өткізді.
«Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарын жүргізу сапасы және дәйекті мәліметтермен қамтамасыз ету, есеп жүргізуге қойылатын талаптар мен міндеттер және әкімшілік деректерді беру тәртібі» тақырыбында өрбіген семинар бағдарламасы өзектілігімен ерекшеленді. Шаруашылық есеп кітабы – статистикалық нысан. Семинардың басты мақсаты — ауылдық округ әкімі аппараттарындағы шаруашылық кітаптарын жүргізу жұмыстарына арналып отырғанын тілге тиек еткен  Алматы облысы статистика департаменті басшысының орынбасары Д.Молдағұлова  мәселенің мән-маңызына, статистика саласындағы қазіргі жоғары талаптарға тоқталып, әр шаруашылық есепке алу кітаптарының электрондық жүйесіне өту бағытында ұйымдастырылып отырған семинарға қатысты жиналғандарды ашық әңгімеге шақырды, көпшілік көкейінде жүрген сұрақтарға орнықты жауаптар қайтарылуына мүдделілік танытты.
Сонымен бірге, семинар барысында әр шаруашылық есепке алу кітаптарының электрондық жүйесіне өту барысы жайлы, әр шаруашылықты есепке алу кітаптары бойынша есеп жүргізуге қойылатын талаптар мен міндеттер және әкімшілік деректерді беру тәртібі жөнінде айтылды.
Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарын жүргізу сапасы және дәйекті мәліметтермен қамтамасыз ету, есеп жүргізуге қойылатын талаптар мен міндеттер және әкімшілік деректерді беру тәртібі бойынша слайд арқылы арнайы түсірілім көрсетіліп, істің мәнісі түсіндірілді. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс орталығынан келген мамандар сөз сөйлеп, шаруашылық есеп кітабы дегеніміз-статистикалық нысан екендігін, әрі бұл тиімді әдістің жауапкершілігімен ақпараттық жылдамдығын, қаншалықты маңыздылығын талабы мен тәртібін нақтылай жеткізді.
Әр шаруашылық бойынша есеп деректерінің дәйектілігіне мемлекеттік бақылау жүргізу туралы ақпарат берген баяндамашылар есепке алу кітабының ҚР Статистика агенттігі төрағасының бұйрығымен бекітілгенін және әр шаруашылықты есепке алу кітабының маңызды бөлімдерден тұратынын, әрбір ауылдық округ әкімі уәкілетті органмен бекітілген статистикалық әдіснамаға сәйкес әр шаруашылық бойынша есепке алуды, тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге міндетті екенін жеткізді.
– Шаруашылық есеп кітабы дегеніміз ол статистикалық нысан. Кітап бес жылға арналып, жылына екі рет әр отбасына жеке сұхбаттасу арқылы толықтырылып тұрады. Әр шаруашылықты есепке алу кітабынан, ауылдық округ аумағында уақытша тұратын адамдарға арналған тізімнен, алфавиттік кітаптан және шаруа (фермер) қожалықтарының кітабынан тұратын нысандарды толтыру кезінде әкімдер жергілікті атқарушы орган болып табылады — деді.
Талғар аудандық статистика басқармасы басшысы Ардақ Дүйсенғалиева осы қызмет бойынша бірқатар олқылықтардың бар екендігін, алдағы уақытта  ауылдық округтер шаруашылық бойынша есептің жай-күйі туралы мәліметті толықтырып, ретке келтіретіндігін жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Ч.Маманов есеп-санақ қызметінің салғырттықты көтермейтінін, ауыл әкімдері бұл жұмысты жіті бақылауға алып, мәліметтің сапалы әрі дәйекті болуына ықпал жасауы керектігіне баса назар аударды. Семинарда ауылдық округ әкімдері мен ветеринария саласы мамандарының тарапынан қойылған сауалдарға толымды жауаптар қайтарылды.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА,

«Талғар».