Өткен Жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев Шайқымұлы Алматы қаласы Орталық мешітінің жамағатымен жүздесіп, тарауық намазы алдында тағылымды насихат айтты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат ҚМДБ-ның ресми сайтына сілтеме жасап.
Қай кезде болмасын рухани нәр алуға асығып тұратын Орталық мешіт жамағатына қасиетті Рамазан айының артықшылығы мен бұл айдағы жомарттықтың дәрежесі туралы сөз қозғап:
«Рамазан айы – өзінің Алла Тағала дарытқан қасиетіне сәйкес мұсылмандардың мейірімділік пен қайырымдылық танытуда өзара жарысатын және өздері де амалдарына қарай шексіз ұлық Жаратушы Иенің мейір-шапағатына бөленетін айы. Айша анамыз (Алла ол кісіден разы болсын) былай деп әңгімелейді: «Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өте жомарт болатын. Ал Рамазан айында одан да ерекше жомарттық көрсететін», - деп жамағатты жақсылық жасау мен жомарттыққа жігерлендірді.
Мешіт жамағатын көркем насихатпен сусындатқан Наиб мүфти Алау Шайқымұлы жамағатпен құптан намазын оқып, еліміздің тыныштығы мен дініміздің амандығы үшін дұға етті.
Талғар-ақпарат