Білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда жүйелі жұмыстар жүргізіп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізу мен білім сапасын арттыруда Айтжамал Нұрбатырова басқаратын Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимназия ұжымының жұмысы нәтижелі. Білім мен тәрбиені қатар алып, шәкірттерінің дарындылығын даралап, білімділігін айшықтап, спорт пен өнердегі жетістігін асқақтатып отырған бұл мектептің жетістіктері, соның ішінде облыстық, республикалық, халықаралық дүбірлі додалар мен білім олимпиадаларындағы оқушыларының табысы көпшілікті қуантып отыр. Әлемдік деңгейдегі Абу-Даби қаласында да жарыс шыңына шыққан осы мектептің оқушысы.
Аудан мектептері арасында мектеп ауласының көгалдандырумен алғысқа бөленіп келген №35 мектеп-гимназия ұжымы, «Рухани жаңғыру» аясында мектеп ауласына тайқазан мүсініндегі субұрқақты іске қосты. Қазақтың киелі тайқазаны бұл – құт, береке тілеу, молшылық, адам баласы игілігіне жараған, тіршілігінде қолданған қасиетті ыдыс. Мектеп ауласына жасалған тайқазан мен тайқазаннан күн сәулесіне шағылысып шашырап тұрған субұрқақ терең ұлттық дәстүрден тамырланып, мектептің тыныштығы мен берекесінің, бірлігі мен ынтымағының символындай жарқырап тұрды.
Осы субұрқақтың ашылу салтанатына ақын Маралтай Райымбек, Талғар аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Б.Сейітова, Белбұлақ ауылдық округінің бас маманы А.Сыдыков, ауыл ақсақалдары, ата-аналар, оқушылар мен ұстаздар қатысты. Тайқазанның ашылу салтанатының көк лентасын ақын Маралтай мен ішкі саясат бөлімінің бастығы Б.Сейітова қиып, шашу шашылып, күмбірлеген күй төгіліп, мың бұралған би мен шырқата салған әсем әнге жалғасты. Арнайы келген қонақтар ыстық лебіздерін білдіріп, ақын жырларын оқыды.
Қорытынды сөз алған мектеп директоры Айтжамал Әбдірешқызы: «Биылғы оқу жылында жылдағыдай сапалы аяқтағалы отырмыз, жыл сайын мектеп бітіруші түлектерімізден бірнеше «Алтын белгі» иегерлері шығып мерейімізді үстем етіп табысқа жеткізуде. Биылғы оқу жылында да, төрт үміткерімізді үкілеп отырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай 2 гектарға жуық бұл аулада әртүрлі композициялар, шоқылар, аллеялар жайқалып өсуде. Шәкірттеріміздің білімін практикамен ұштастырып, сабақтастықты жалғастырып, эстетикалық талғамын арттырып, патриоттық сүйіспеншілігімізді шарықтатып, намыс-жігерімізді рухтандырып, баршамызға шаттық пен шабыт сыйлап, бүгінгі күні иран бағына айналып отырған бұл жұмыстар қыруар еңбекті қажет етеді. Игілікті істер әлі де жалғасын табады, мектебіміздің шығары тұғыры биік, табыстан-табысқа жететініне сенемін» — деп сөзін аяқтады.
Өркениет көкжиегіне осылай ұлттық сана мен ұлттық құндылықтарды дәріптеп отырған бұл мектеп әлі де қанатын жайып, жаңалық жаршысы бола беретініне сеніміміз зор.
Нұрқыз Тасырова,
мектеп-гимназия директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары.