«Оқытушыны бағалағанда олардың ісіне қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни, оқушыларына қарай бағалау керек» – деп қазақтың ағартушыпедагогы Ыбырай Алтынсарин қалай біліп айтқан. Осы бір даналық сөз Талғар қаласындағы политехникалық колледждің тəжірибелі мұғалімі, осы білім ордасында 1979 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан оқу-өндірістік шебері, жастарға «Электр-газ дəнекерлеуші» мамандығынан сабақ беретін Абдиев Валий Ташбекұлы атты келбетті азаматқа қарап айтылғандай. 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласының маңындағы Оранғай ауылында туып-өсіп, 1975 жылы М.Əуезов атындағы орта мектепті бітірген жас бозбала Валийдің арманы дəнекерлеуші болу еді. Сан түрлі темір-терсекті бір-бірімен құрастырып, құрыш болатты сүйрікті етіп дəнекерлеп, пісіру арқылы түрлі құрал-жабдықтарды дайындап шығаратын мамандықты оның жаны қалайтын. Сол арманы оны 1975 жылы Талғар қаласындағы №20 кəсіптіктехникалық училищесіне алып келді. Осы оқу орнынан темір пісірудің қыр-сырын шебер меңгеріп шыққан жас жігіт 1976 жылы Түркістан қаласындағы индустриалдыпедагогикалық техникумына барып түсіп, осы жерден білікті маман болып шықты.
«Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім» – деп, жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, 1979 жылы Талғар қаласындағы кəсіптіктехникалық училищесіне оқу-өндірістік шебері болып келген Валий Абдиев өзі сабақ беретін, əрі мамандыққа үйрететін оқушыларына тең құрбысындай қарады. Олармен ашық пікірлесетін ол өндірістік практика кезінде де əр балаға дəнекерлеу ісінің бүге-шүгесіне дейін үйрететін. Қазір политехникалық колледждің электргаз дəнекерлеуші мамандығында оқитын №37 топта 22 бала білім алса, солардың бəрі де темірді газбен де, электр қуатымен де дəнекерлей алатын білікті мамандар. Соның бір айғағындай, оның талапты шəкірті Түркебай Нұрым облыстық білім басқармасының ұйымдастырған «Woridskills Taldykorgan» атты аймақтық байқауында облыстағы 23 политехникалық колледж студенттері арасында үздік шығып, ГранПри жүлдесін жеңіп алса, республикалық сайыста да жоғары білікті мамандар алдында болат темірді сан түрлі үлгіде пісіріп, дəнекерлеу кезінде де шеберлік көрсеткен Түркебай Нұрым жүлделі үшінші орын алып, олжалы оралды. «Жақсы ұстаз – мектептің тірегі» демекші, «Мəңгілік елдің мəртебелі мұғалімі» медалінің иегері, отыз тоғыз жылдан бері өндіріске білікті мамандар дайындауда көзге түсіп жүрген тəжірибелі ұстаз Абдиев Валий Ташбекұлы осындай ұстаз.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ
Талғар-ақпарат