Қазақстан Республикасының Консти туциясындағы «Қазақ тілі — мемлекеттік тіл» деген қағиданы оқып, тоқып жүргенімізге ширек ғасыр өтті.
Аттай 25 жыл. 25 жылдың ішінде аға буыннан үлгі алатын бір ұрпақ өсіп шықты. Бірақ сол аға буын «ағалығын көрсете алып жүр ме» деген сауал туындағанда күмілжіп қала береміз. Көкіректегі қыжыл сол — төрде отырғандардың көбі өзінің тілін, салт-дəстүрін мансұқ қылғандары. Тіл қадірін айтып қақсағандар айта-айта «халық жауының» кебін кигендей. Ақыл мен əртүрлі ұсыныс айтудан алдына жан салмайтын қазекем өз тілі дегенде өзегін жұлып бере алмай келеді. Қазақ тілін үйренуге келгенде кежегесі кері тарта қалатын қаракөздерімізден гөрі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді мейлінше жақсы меңгергенін жиындардан байқап жүрміз. Туған тілімен қатар тұрып жатқан елінің тілін де тасада қалдырмай, тəп-тəуір үйреніп алған жандарды қазақ жастарына ұят та болса үлгі етуден басқа амал қалмаған тəрізді.
Түрік ұлтының ұланы Миляз Байрамовтың мамандығы ағылшын тілінің мұғалімі болса да ойын бес тілде еркін жеткізетін азамат. 1994 жылы Алматы облысында дүниеге келіп, мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ алғырлығымен, зеректігімен көзге түскен. Үлгерімімен де, белсенділігімен де оқ бойы оза жүрген Миляз мектеп бітірісімен бірден Алматыдағы қазақ-түрік гуманитарлықтехнологиялық колледжіне еш қиындықсыз қабылданады. Білім ошағын орысша тəмамдағаны қазақ тобына түсуіне кедергісін келтірмейді. Қазақ балаларымен достасқанының арқасында қазақ тілін бір кісідей-ақ меңгеріп алғаны бар-ды. Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес ұлтаралық татулықтың тірегі екенін санасына құйып алған сол сəттен.
– Мемлекеттік тілді білу бір басқа, ал жұмыс істеу тағы бөлек. Қазір қазақ тіліне басымдық берілгендіктен бе, кей замандастарым жоғары оқу орнын бітіре сала «мемлекеттік тілді білемін ғой» деп бірден жақсы қызметке барғысы келеді. Кез келген маман біліктілігін, сол жұмысқа деген сүйіспеншілігін дəлелдеуі керек алдымен, – дейді Миляз өзінің еңбекке ерте араласқанын жəне жұмыс берушіден тіл білетіндігі үшін жалақысына қосымша төлем сұрамағанын жымия жеткізіп.
Шындығында да, қоғамда қазақ тілін білетін басқа ұлтты төбемізге көтеру үрдіске айналып бара жатқандай. Мемлекеттік тілді білу міндеті екенін есімізге салмай жатып өзіміз «жайылып жастық, иіліп төсек» боламыз да қаламыз. Олардың ішінде де қарапайымдығынан гөрі қара басының қамын күйттеп, тіл білгенін алдыға тартып, мəнсап баспалдағымен өсуді көздейтіндер бар. Ал біз танитын Миляз ініміз бұл пендешіліктен ада көрінді. Əлі күнге дейін алғаш еңбек жолын бастаған №8 мектепгимназиясында ағылшын тілінен сабақ беріп, шəкірт тəрбиелеу ісін жалғастырып келеді.
– Басқа қалаларда қалай екенін білмеймін, біздің Талғарда менің қазақша сөйлеуімді қалыпты жайт деп қабылдайды. Тіл білгеннің артықтығы жоқ деп үйреніп алғаныма қуанамын. Ризашылығын білдіріп, мақтағанда марқайып қалатын кездерім болады, əрине. Дегенмен мен мемлекеттік тілді меңгергенімді ешкімге міндет етпеймін. Себебі мен Қазақстан азаматымын жəне тілді білуім өзгелермен тіл табысуыма үлкен көмегін тигізуі үшін өзіме керек. Осында өсіп, нанын жеп, білімін алдың ба, демек елді құрметтеуің керек. Қазақстан азаматы екеніңді ұмытпауың керек, – дейді Миляз қарапайымдылығынан аспай.
«Мeн қай тілдe eркін сөйлeп, oқи алам, жаза алам, білім алып, жұмыс, нан таба алам, сoл тіл – мeнің өз анам», – (М.Шаханов) дейтін соқыр сенім сананы жауламас үшін біз өзгеден үлгі алып емес, өзгелер бізге еліктейтін шақтың ауылы алыс емес шығар деп сенелік.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат