Алматы облысының мемлекеттік архивінің Талғар аудандық филиалы Кеңдала ауылындағы жаңа ғимаратқа көшті. Еңселі ғимараттың салтанатты ашылу рəсіміне облыс əкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Алматы облысының мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасының басшысы Ақан Əбдуəлиев, Алматы облысы мемлекеттік архивінің бас директоры Гүлмира Кулмуханбетова, Талғар ауданының əкімі Рыскелді Сатбаев, аудан əкімінің орынбасары Дəрменияр Қыдырбек-ұлы, аудандық мəслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы мен округ əкімдері, бөлім басшылары, архивтің аудандық филиалдарының директорлары, архив ардагерлері қатысты.
Жиналған қауым алдында сөз алған Жақсылық Мұқашұлы архив ісінің оңды жолға басуы үшін бұл нысанның ашылуы жағымды оқиға екенін ерекше атады. Архив қызметкерлерін қоныс тойымен құттықтай келе, бұл игілікті іс Елбасының тапсырмасы Алматы облысында, оның ішінде Талғар ауданында жүйелі орындалып жатқанының айғағы екенін жеткізді.
– Бүгінгі құжат – ертеңгі тарих. Еліміздің мəдени, əдеби өмірінен сыр шертетін архив ісі тəуелсіз Қазақстанда да мемлекет қамқорлығынан алыстаған жоқ. Жаңа технология заманында цифрландыру ісін қолға алып жатқан дəуірде маңызды құжаттарды жоғалтып алмай, болашақ ұрпақ қолына табыстау – басты борышымыз. Облыстағы 19 архив мекемелері осы мақсатмүддеден алыстамай, қоян-қолтық жұмыс жасауда, – деген облыс əкімінің орынбасары аталмыш мекеменің облыс əкімі Амандық Баталовтың қолдауымен облыстық бюджет есебінен жүзеге асқанын да айта кетті.
Отыз жылдан астам сиқы қашып, сыз тартқан жертөледе жұмыс істеп келіп, жаңа орынға көшкендеріне көңілі жайланған қызметкерлердің «бұрынғыдан да белсене жұмыс істейміз» деген тілегін филиал директоры Күлипа Отарбаева жеткізді.
– Біздің мекеме 1995 жылы аудан əкімінің архив жəне мұрағат бөлімі болып ашылып, содан бері тарих үшін қызмет етіп келе жатқан салмақты саланың бірі. 23 жыл жалдамалы ғимаратта отырсақ та халыққа қызмет жасау ісін бір ақсатқанымыз жоқ. Десек те, ел өткені мен келешегі үшін сақталатын маңызды құжаттар белгілі бір температурада, режимде сақталмаса, құрып кетуі əбден мүмкін. Сол тілегімізді ескерген облыс басшысына алғысымыз шексіз, – деген Күлипа Жұмабекқызы архивтің бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқтала кетті. Қазіргі таңда Талғар аудандық филиалында 30000-ға жуық сақтау бірлігі, 107 қор, 33 жинақтау көзі бар екен. Құжаттарды сақтаудың мемлекеттік стандарты бойынша жұмыс атқарып, тұрақты құжаттарды, аса құнды жеке бас мəліметтерін көздің қарашығындай сақтауды міндеттеріне алған. Сол жеке қорларды бірінші болып Талғар ауданының Құрметті азаматы, «Алтын дəрігер» төсбелгісінің иегері Мұхтар Əлімұлы тапсырса, екінші болып «Əжелер шуағы» əн-би ансамблінің жетекшісі, кеудесінде үшінші дəрежелі «Еңбек даңқы» ордені жарқыраған Мəрия Ордабайқызы тапсырған екен.
Жалпы жазба деректерді жинастырып сақтау ісі тұңғыш рет Мысыр, Қытай, Ежелгі Грекия, Рим сияқты елдерде мемлекеттік дəрежеде қолға алынғанын тарих беттерінен білеміз. Ал Қазақстанда дербес архивтің пайда болуы Бөкей ордасы архивімен байланыстырылып (18 ғасыр), 20-ғасырдың 20-30-жылдары кеңінен қалыптасқан. Ұлттық архив ісінің бастауында А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев сынды мəдениет қайраткерлері тұр. Архив қызметінің басты бағыттары: қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылыми анықтамалар мен көрсеткіштер жасау сияқты жұмыстарды бүгінгі мұрағат ісі де өз биігінде атқарып келе жатыр.
Қонақтардың ізгі лебізінен соң жаңа нысанның лентасы салтанатты түрде қиылып, əжелер ақ тілектерімен шашу шашты. Технология заманының сұранысына сай жабдықталған ғимарат ішін аралап көрген қонақтар естелік құжаттарды сақтауға арналған бөлмелермен қатар қолға алынған электрондық нұсқаларды да назардан тыс қалдырмады. Соңынан облыс əкімінің орынбасары Ж.Омар бастаған қонақтар легі ғимарат ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Тəуелсіз Қазақстан архивінің қызметіне өзіндік үлесін қосып отырған талғарлық мұрағатшылардың жаңа ғимараттағы істері жетістік пен жақсы көрсеткіштерге толатынына күмəнсіз сеніп қайттық.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат