Есею кезеңдері ел басына түскен ауыртпалықпен тұспа-тұс келіп, буындары бекіп, омыртқалары қатпаса да бар қиындықты үлкендермен бірге бөлісіп, майдан шебіне азық-түлік жөнелтуде, киімкешек дайындауда қолдан келген көмектерін аямаған ағаапаларымыздың да еңбектері көпке үлгі. «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген болатын һас батырымыз Бауыржан Момышұлы.
Болатбек Жиенбаев соғыс басталғанда небəрі алты жастағы бала болатын. Əкесі Өмірəлі Қызыл-Ту ауылында егіс алқаптарына су салатын мұрап болып еңбек етуші еді. Ауылдағы жасы жеткен азаматтардың барлығы Отан қорғауға соғысқа аттанғанда Болатбек əкесіне көмектесіп, қасына еріп жүрген екен. Балалық шағы сұрапыл соғыс салған ауыр күндеріндегі күйбең тірлікте өтіпті. Жеңіс туы желбіреп, бейбітшілік орнаған шақта ауыл балаларымен бірге соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына араласты. Жасы он сегізге толғанда Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін əскерге аттанады. Əскер қатарында жүріп Венгриядағы азаматтық соғысқа қатысып, химик-барлаушы болған екен. Взвод командирі ретінде көптеген барлау істеріне басшылық жасаған. Араға төрт жыл салып 1957 жылы елімізге аманесен оралған. Сондықтан да атамыз соғыстағы ерліктері үшін Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген. Ардагерлермен тең құрметке бөленіп, майдангерлерге тəн мемлекеттік көмектер мен жеңілдіктер берілген. Соғыстан келгесін бір жылдан кейін Күлжамал əжемізбен бас қосыпты. 1957 жылы Калинин колхозына колхозшы болып жұмысқа орналасып, онда табан аудармай 49 жыл еңбек еткен. Осы еңбек жолында қарапайым колхозшыдан бөлім меңгерушісі, бригадир болып көтеріліп, жауапты қызметтер атқарып, колхоздың өркендеуіне, ауылдардың көркеюіне зор үлес қосыпты. 1992 жылы Калинин колхозы Береке болып өзгертілген екен. Болатбек атамыз Береке колхозында басшылық қызметтер атқара жүріп 2006 жылы зейнет демалысына шыққан.
– Атамыз өте еңбекқор адам еді. Өз ісіне сондай жауапкершілікпен қарайтын. Мен осы отбасына келін болып түскеннен кейін колхозда біраз уақыт есепші болып қызмет еткен едім. Атамыз жұмыскерлермен емен-жарқын араласатын. Ешқашан дауыс көтергенін көрген емеспін. Отбасымызда да сондай еді. Өте сабырлы, əрбір сөзін ақылға салып айтатын. Колхоздың тірлігінің қыр-сырына қанық болатын. Басшылар ол кісінің еңбекқорлығын, тындырымдылығын жоғары бағалайтын. Еңбек демалысының өзін тиімді өткізетін. Үйіміздің ауласына көкөністің түр-түрін өсіріп, өзі күтіпбаптайтын. Біздер жыл бойы өз бақшамызда піскен табиғи таза өнімді жеуші едік, – деп атасын еске алады үлкен келіні Сəния.
Тынымсыз еңбекпен төгілген тер қашанда өз бағасын алатыны рас. Болатбек атамыз осы еңбек жолында халықтық шаруашылық жетістіктері көрмесінің қола жүлдегері атанса, «Ең үздік жүгері өсіруші» төсбелгісі де еңбегіне берілген лайықты баға. «СССР-дің қарулы күштерінің 70 жылдық» медалімен марапатталса, 1975 жылы «Социалистік жарыстардың жеңіспазы» атанған. Бертін келе «Астананың 10 жылдық» медалін кеудесіне қадаған. Болатбек атамыз бен Күлжамал апамыз өмірге төрт ұл, төрт қыз əкеліп, ұлдарын ұясына, қыздарын қиясына қондырып, бақытты өмір кешкен ауылдағы үлгілі отбасының бірі болған. Балалары да ұлағатты ата-анадан тəлімді тəрбие алып, өмірден өз орындарын тапқан. Болатбек атамыз 74 жасында өмірден озды. Күлжамал анамызда бүгін ортамызда жоқ. Артында ұл-қыздарынан тараған он үш немересі мен төрт шөбересі бар. Бүгінде қара шаңыраққа кенже ұлы Марат пен келіні Айнұр ие болып отыр. Ата-аналарын сағынышпен еске алып, рухына тағзым етіп, жұма сайын Құран бағыштайтын саналы ұрпақ өсірген Болатбектей атамыздың бекер адам болмағаны осы өнегелі істерінен көрініпақ тұр.
Перизат НҰРҚАЕВА
Талғар-ақпарат