Бір күні балам Мейіржан əкесінен: «Əке, «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халық даналығы бар екен. Соны қалай түсінуге болады?» деп сұрады. «Артында қызы қалғанның – ісі қалғаны, ұлы қалғанның – өзі қалғаны» демекші, адам баласының бұл өмірдегі басты міндеті – артынан ұрпақ қалдыру.
Ұрпақ болғанда да жай ұрпақ емес, елі үшін ерінбей, жері үшін жатпай еңбек ететін, Отансүйгіш, ата-анасына мейірімді, т.б. барлық жақсы қасиеттерді бойына сіңірген жан болуы тиіс», – деп, əкесі баласына бұл даналық сөздің мəн-мағынасын түсіндіріп, өз аталарының тарихынан мысал келтірді. Атамыз Сеңкібайдан – Алагөз, Алагөзден — Тəукебай, Тəукебайдан – Тоқан,ТоқаннанҚайыңбай, Қайыңбайдан – Марат, Мараттан — Мақсат, Мақсаттан – Мейіржан болып ұрпақ жалғасуы арқылы біздің атамыз мың жасап келуін əкесі баласына тура да, жанама да мағынасын айта отырып, баласына жеті атасы туралы толық мəлімет беріп өтті.
Сол аталарының ішінде, Мейіржанның əкесі – Мақсат өз атасы – Қайыңбай ақсақалдың Ұлы Отан соғысы кезінде туған елден жырақта от пен оқтың ортасында, өмір мен өлім арпалысында фашистік басқыншыларды туған жердің топырағына қарай бір адым ілгері аттатпай, қан кешіп, елін, жерін қорғаған ержүрек ерліктері туралы мақтана да тебірене отырып əкелі-бала ұзақ əңгімелесті. Отанға деген перзенттік сүйіспеншілік пен адамгершілік парызын өміріне арқау еткен Тоқанов Қайыңбай атамыз 1925 жылдың 2 қыркүйегінде Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданы, Шошанай ауылында дүниеге келген. Үлкен Ақсу ауылындағы орта мектепті бітірместен 1943 жылы қазан айында майданға аттанып, Владивостоктағы Халка көлінің жағасындағы Жапония шекарасында елін қорғайды. Ұлы Отан соғысының Орталық майданында артиллерия полкында 122 мм-лік зеңбірек нысанашысы болып, жауыз фашистерден артында қалған Отанын қорғау үшін барын салады. 1944 жылы Гоби шөлі арқылы өтіп, «Катюшамен» жау шебіне шабуыл жасайды. Атамыз жеңісті Харвин қаласында қарсы ала отырып, содан кейін Жапонияның Квантун армиясын талқандауға қатысып, 1948 жылдың наурыз айында Жапонияның жеңілісінен соң ғана туған ауылына оралады. 1946 жылы Коммунистік партия мүшесіне қабылданған атамыз 19481950 жылдар аралығында Шошанай, Сүмбе ауылдарындағы ауылшаруашылық қызметінде партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады. 1950-1953 жылдар арағында Семейдегі ауылшаруашылық басшысы қызметкерлерін дайындайтын техникумды аяқтайды. Өз мамандығы бойынша атамыз зейнеткерлік жасқа дейін, яғни 1986 жылға дейін үзіліссіз мал фермаларында меңгеруші болып, малшаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қосады. Атамыздың Отан үшін ерліктері, елі үшін еңбектері бағаланып көптеген медальдармен марапатталған.
Қайыңбай атамыздың өмірлік серігі, яғни апамыз Тоқанова Бибиша Шойбекқызы күндіз орақ орып, түнде бау байлап, қолы қалт етсе майдандағы əскерлерге жылы шұлық тоқып, аянбай еңбек ететін еңбекқор жанға, 1947 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі беріліп, Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы еңбегі бағаланды. Сонымен қатар, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 14 қыркүйегіндегі №1439 Жарлығымен Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына арналған мерекелік медальмен де марапатталып, атаапаларымыздың ерен еңбектері еленгеніне біз де мəзбіз.
Қайыңбай атамыз бен Бибиша апамыз дүниеге 7 ұл, 3 қыз əкеліп, олардан отызға жуық немере көріп, қырық шақты шөберенің қолынан май жеген бақытты ата-əже десек артық айтқанымыз емес шығар. Мақсат та баласының атасына тартқан ержүрек, адал жан болса деп іштей үміт етеді. Мейіржан атасы Марат пен апасы Ырыстының ұлағатты тəрбиесін алып өскендіктен бұл мүддеден шығуды өзіне мақсат етеді.
Иə, атам қазақтың «адамның өзі мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» деген даналық сөзіне осы əулет дəлел деп білемін. Себебі, атамыздың артында жаққан шырақтарын сөндірмейтін, есімдерін өшірмейтін, ұрпақ жалғастығын жалғастыра білген, қадірлі де қастерлі ұрпағы бар. Сол ұрпақ аман, жұртымыз тыныш, еліміз бейбіт өмір сүрсін деп, Ұлы Жеңіс күні барша қазақ қауымына құтты болуын тілеймін!
Тоқанов Қайыңбайдың немере келіні – Гүлшат Пернебайқызы
Ж.Жабаев атындағы №6 орта мектеп мұғалімі