Бизнестің тілі қазаққа қолайсыз ба? Әлде кәсіпкерлікті қай бағытта дамытуды білмейміз бе?

Бизнестің тілі қазаққа қолайсыз ба? Әлде кәсіпкерлікті қай бағытта дамытуды білмейміз бе?

Бəсекенің заманы бəйге сықылды. Атыңды бəйгеге қосқаныңмен бабы келіспегені шаңға көміліп, көштің соңында қалады. Кейбірі оқ бойы оза шауып келе жатса да орта жолда омақаса құлап, үйелеп жатады. Мəреге бар пəрменімен жетсе де артынан ащы тері шықпай арам қатып та талай тұлпардың сағы сынады. Яғни, бабына келмеген ат қанша ерен жүйрік болса да қадірі артпасы белгілі. Ия, ат баптауда алдына жан салмайтын қазекемнің нарық заманындағы бизнеске келгенде жүрісі бəсеңдеп, тепеңдеп, ілесе алмай жатқаны шындық. Өйткені, «бизнестің тілін бізге қолайлы емес» деген тəмсілді сана түкпіріне түйіп алған. Түйгенде де шегелеп тастаған. «Сауда, бизнес өзге ағайындардікі, біздікі сол тұтынушылық қой» деген ойдан аспайды бизнес төңірегіндегі əңгімеге тартсаң. Əрине, қу шөппен ауыз сүртіп, көпке топырақ шашудан аулақпын.

Табыстың кілтін тауып, тасы өрге домалап, шағын кəсіпкерлігінен бастаған ісін үлкен серіктестікке айналдырып отырған қандастарымыз да бар. Шаруаларын жаңаша бағытта дамытып, заманның сұранысына жауап беріп, тұтынушылардың талап-тілектерін қанағаттандырып отырған аға буынның артынан ерген жас кəсіпкерлер де жетерлік. Десек те кəсіпкерлікті дамытуға үлес қосуға асықпайтын қалған көпшілік мемлекеттен беріліп жатқан мүмкіншіліктерді оңынан пайдалануға қорқақтай ма, жоқ сенімсіздік ұялап алған саналары сенбейді ме, əлде бизнес-жоспар жасауда қазақ тілінен қағажу көре ме, əйтеуір тірлігі өрге басқандардың тірліктерін əңгімелеуден асар емес. Қандай кəсіп бастаса да дөңгелетіп əкету олар үшін оңайға соқпай тұр. Мың түрлі сылтау, қырық түрлі кінəлау бар. Алғашқысы, «іскерлік ортаның тілін түсінбейміз» дегенге тіреледі.

Жолды бөгейтін кедергі тіл ғана ма?

Қайсыбір жиында қоғам қайраткері Мұрат Əбенов ауылдың жастары орыс тілін білмегендіктен сəтсіздікке ұшырайтынын, қаржылай сауатсыздықтан да біраз адамдардың зардап шегетінін, несиеге жүгінгенде оны қандай кəсіпке жұмсайтынын айқындап алу абзал болатынын айтқан-ды. Шынында да бізде бизнес тілі қазақыланбай келе жатқанын «айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды». Кəсіптің көзін бастау қаржыға келіп тірелетіндіктен алдымен несиеге жүгінеді қарапайым жұрт. Өздері ғана түсінетін терминдерін былай қойғанда қазақ тілінде қызмет көрсету банкке əлі толық жете қойған жоқ. Іскерлік қарымқатынас тілінің де қазақшасына қарның ашады. Егер бұрынырақта «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» десек, бүгінгі мақсат – қазақ тілін ғылымның, бизнестің тілі ретінде қалыптастыру, яғни, салалық жəне сапалық бағытта дамыту болып отыр. – Қазір мемлекет тарапынан шағын жəне орта бизнесті дамытуға арналған қолдау бағдарламалары көп. Соған сүйеніп мен де өз кəсібімді ашқым келді. Қытайда сəн салонында жұмыс істеп келгендіктен, алдымен шағын шаштараздан бастауды жөн көрдім. Бірақ, орыс тілін білмеуім көп кедергісін келтірді. Қазір банктерде қазақ менеджерлердің қатары көбейген екен, ал мен кəсіп ашқанда таза орыс ортасы болды десем артық емес. Жəне қазақ тілінде бизнес-тренингтер көптеп ашылса, ұтымды болар еді, – дейді Нұргүл есімді əпкеміз шаш жөндетуге барғанымда əңгімесін айтып. Жалпы, біз секілді
дамушы ел үшін отандық бизнестің тілін ұлттық ерекшелігімізге сай қалыптастырып, дамыту өте маңызды. Еуропалықтардан асып еуропалық, жапондардан асып, жапон бола алмайтынымыз бесенеден белгілі ғой. Оларды қазақы қалпымызбен ғана таңғалдыра алатынымыз анық. Сондықтан шоу бизнес өкілдерінен гөрі табысты кəсіпкерлерді, білікті бизнесмендерді жиі насихаттап, олардың тəжірибелерімен бөлісіп отырсақ, ұтамыз.

Тәшкі итеріп жүресіз бе?

Ағылшын тілі ағылшын тілдес елдерді асырап отыр. Халық көп шүйіркелесетін тілдер қатарындағы қытай мен испан тілін де басып озған. Ал бизнес, экономика, ғылым тілі тұрғысынан бəрібір британ жұртының тілі оқ бойы озық тұрғаны айтпаса да түсінікті. Қазақстанда «Үш тұғырлы тіл» саясаты жолға қойылып, жаппай ағылшын тілі курстары ашылып, халық дендеп үйрене бастаған шақта үрке қарадық, «ағылшының неге керек» деп ашуландық. Бірнеше жылдан бері бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытыла бастап еді, «Балалардың миын ашытты» деп ата-ана наразылық танытты. Ал кейін, ия кейін, жаһандану тілінің тұңғиығынан сарқып ішкен бүгінгі ұрпақ болашаққа сара жол салып, бизнес пен ғылым əлемінде алдыңғылардың қатарынан көрінсе, рахмет айтатын болады. Өйткені, ағылшын тілінің қоғамның қай саласында болмасын қолданбайтын жері жоқ. Ғаламтордың, компьютердің, техниканың тілі де осы тілде түсінікті. Жалқаулыққа салынбай, кертартпа қасиетті кері ысырып, тіл үйрету курстарына жазылып, бизнестің тілін оқыпбілу – əркімнің өз қолында. «Алма піс,
аузыма түс» деген заман кеткен. Сонда бар техниканың тілін басқа ұлттар біліп, біз сол өлең айтып, мал бағып, тəшкі итеріп жүре береміз бе?

Мемлекет берген мүмкіндікті жалқаулар ғана пайдаланбайды

2014 жылы ауыл шаруашылығына қаржылай көмек беретін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 48 млн. теңге несие алып, 242 бас сиыр сатып алған Мадияр Əуелбаев бүгінде «Мадияр» жеке шаруа қожалығының жетекшісі. Маңдай терімен өз несібесін тауып отырған жас кəсіпкер осындай мүмкіндік беріп отырған мемлекетке риза. Өткен жылы облыс көлемінде «Үздік жас ауылшаруашылығының маманы» номинация сын жеңіп алғаны да еңбегімнің арқасы дейді. – Бүгінде 800 бас сиыр, 242 бас жылқы, 1000 қой бар шаруашылықта, 35 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. 2015 жылы бордақылау алаңының құрылысын аяқтадық. Ата кəсібімізді дамыту жолында аянып қалмақ емеспіз. Мал басын көбейтіп, еңбектің жемісін еселей беру – біздің шаруашылықтың алға қойған мақсаты. Бір ғана сала айналасында қалып қоймай, болашақта басқа да кəсіпті жүргізіп көрмекпін. Мемлекет берген мүмкіндікті жалқаулар ғана пайдаланбайды, – дейді Мадияр қандай кəсіп ашатынын қазаққа тəн ырымшылдықпен құпия ұстап. Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық əлеуетін дамыту мақсатында қабылданған «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары – ауылдағы мал өсіріп отырған, оның басын көбейте түссем деген ағайынға берілген зор мүмкіндік. Мадияр шағын ауылда өмір сүргеніне қарамастан, талмас қажыр-қайраты мен мемлекет көмегінің арқасында жетістікке жетуде. Мадиярдың қолынан келген іс сіздің қолыңыздан неге келмесін?! P.S. Бизнес-элитада орыс тілі басым болса да, бұл қазақ тілі осылай тасада қала береді деген сөз емес. Бəрі өзімізге байланысты. Көп талқысында жүрген латын əліпбиіне көшу – қазақ тілінің дамуы үшін де, меніңше, бір мүмкіндік, жаңашылдық, серпін. Қазақ тілін білетіндер мен білмейтіндердің соңғысы алғашқысына қызмет ететін сəт алыс емес. Тек, тəуелсіздігіміз баянды болғай!

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

Талғар-ақпарат