Аманбысыз Мұса ата? 80 жылдан астам тарихы бар газетіміздің жалғыз жанашыр оқырманы бір өзіңіз деп елестететіндіктен бе, сізге хат жазуды ұйғардым. Мейлі, хат жазу архаизмге айналсын, бір-біріне хат жазып, үшбу хат оқып өскен дəуірдің ұланы болғандықтан газет беті арқылы сырласқым келді. Айып етпессіз. Əйтпесе, «айтпаса сөздің атасы өледі» деуші ме еді?
Мереке күндері болмаса ауылға баруым сиреген бұл күнде. Студент кездері жол алыстығы білінбеуші еді, жасқа жас қосылған сайын жол азабын тартқан жолаушының біріне айналғандық бəлкім. Оның үстіне ауылдың сəні де, мəні де бəз-баяғыдай қалпында емес. Бұрындары үйге кіре сала сөмкелерімізді тастай салып, көрші атаапаларымызға амандасып шығатын əдемі бір үрдіс болушы еді. Сирей-сирей бұл күнде мүлде тоқтаттық. Себебі, бүгінгі «қариялар» бізден сəлем дəметпейтін болды. Алпысты алқымдап, жетпіске жетсе де əлі күнге бойларын тік ұстап, шалбарларының қыры сынбаған, сақал тұрмақ мұрты жоқ сырбаз жандар өздерін «ауылдың қариясы енді бізбіз» деген түсінікпен қарсы алмайды, бізді. Оларға барып «Ата, қалыңыз қалай? Күйлі-қуаттысыз ба?» деп сəлем беріп көріңіз, сізді атарға оғы болмайды. Өйткені ол кісілер əлі қарттықты мойындай қоймаған, жігіттік дəуірді қимай жүрген, тіпті əлі күнге өздерін «күйеу жігіттей» сезінетін кербездер. Той-томалақта бата бермек түгілі, топтың алдына түсіп алып селтеңдеп, жас қыздарға қырындап, өмір жолына енді түскен жас жігіттер сияқты, тəйірі. Мүмкін бүгінгі қариялық жасқа іліге бастағандардың көбі Кеңес идеологиясының сойылын соғып, қып-қызыл белсенді болғандықтан шығар деп ақтап алғың келеді. Өз əкелеріміз де сол дəуірдің коммунистері, өйткені. Екі сөзінің бірінде Кеңес жырын жырлап отырғаны. Мейлі ғой. Бəрібір, немере сүйіп отырған жандарды қалай «ата» демессің деп күйіп кетемін кейде. Жұма күннің өзінде мешіт алды қарияға жұтаң. Жастардың қатарының көбіне шүкір дейміз. Көпке топырақ шашпаймын. «Ақсақалға жарасар, аузындағы тобасы» дейтіндей абзал қарияларымыз баршылық. «Кеме күтіп жағалауда тұрған» алдыңғы толқынның артынан ерген кейінгі толқынның қазіргі кейпін көріп, «бір қарын майды бір құмалақ шірітіп жатыр-ау» дейсің. Реңдерін күн қақпаған, ұзынды кеш қолына теледидар пультін ұстап, сериалдар мен токшоуларды жібермейтін ауылымның бүгінгі «ақсақалдарын» көріп, көңілім түсіп қайттым өткен жолы. «Ащы судан» тартына қоймайды, бір-біріне «қой» деудің орнына қайта еліктіріп, ертіп əкететінін қайтерсің.
Ауыл – қариясымен сəнді емес пе? Күн шуақта таяққа сүйеніп, күннен көзін қолымен көлегейлеп, «Қай баласың қарағым?» деген жылы сөзді естімегелі де көп болыпты-ау. Əлде, марқұм атам мен апамды сағынған көңілім қарияның құшағын аңсады ма екен? Жүгіріп келіп қойып кететін кең құшақ пен мейірлі алақанға жетер не бар шіркін!
Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: шал, қария, ақсақал жəне абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – «шал». Өз əулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты «қария» деп, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартты «ақсақал» деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан əңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты «абыз» деп атаған.
Халықтың “Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген тəмсілін ойласам, қорқып кетемін, Мұса ата. Расында да айтары бар, көргені бар ақсақалдың тағылымды əңгімесі болашақ ұрпаққа рухани азық емес пе. Халықты туралыққа шақырып, ұлағатты ұрпақ тəрбиелеп, немере мен шөберелерінің қызығына бөленіп жүрген қариясы жоқ ауылымның болашағына алаңдап қолыма қалам алғаным осы еді, ата!
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат