«Жаздың қамын қыс ойла» демекші, көктем мезгілі келісімен шаруалар жердің қамын қамдап,техникаларын сайлап, қызу еңбекке кіріскен. Аудан бойынша шаруашылық құрылымдары, диқан қауымы көктемгі егіс жұмыстарына кірісе бастады. Көктемгі дала жұмыстарының ұйымшылдықпен атқарылуы болашақта мол өнім жинауға негіз болмақ. Ауылшаруашылығы экономиканың негізгі бір саласы ғана емес, сонымен бірге ол – азық-түлік қауіпсіздігінің де кепілі екені анық. Олай болса, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Толқынов Ермек Мангазұлынан көктемгі егіс науқанының барысы туралы әңгімелеп беруін сұраған едік.
– Ауданның 2018 жылғы бекітілген əлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сəйкес, егіс алқабы 33895 гектарды құрайды, оның 13725 гектары дəндік-дақылдар, оның ішінде 4300 гектарды күздік (бидай-1800, арпа — 2500 га, басқа дəнді дақылдар — 335 га ), 9425 гектары жаздық дақылдар (5500 га дəндік жүгері, 50 га бидай, 3450 га арпа, 425 га сұлы), барлық майлық дақылдар 4860 гектар (оның 4300 гектары майбұршақ, 500 гектары мақсары, 60 га күнбағыс), 3785 гектары картоп, 2721 гектары көкөніс, 220 гектары бақша дақылдары жəне 8584 гектары жемазықтық дақылдар (2200 га сүрлемдік жүгері, 40 га біржылдық шөп, 750 га ағымдағы жылы егілетін көпжылдық шөп, 5594 га өткен жылғы көпжылдық шөп).
Көктемгі егіс науқанын өткізу барысының жұмыс жоспарына сəйкес, 2018 жылдың 15 наурызынан бастап, келесі іс-шаралар атқарылады: 12500 га сүдігер алқабына ылғал жабылады, 5594 га көпжылдық шөптер алқабына, 4300 га күздік дақылдар алқабына тырмалау жұмыстары жүргізіледі, 4300 га күздік алқабы минералды тыңайтқышпен қоректендіріледі, 11501 га алқабы жыртылып, диск арқылы өңделеді.
Бүгінгі күнге 22394 га алқап тырмаланып, 10950 га жер жыртылып, 8500 га жер себу алдында өңделді. Көктемгі егіс науқаны ойдағыдай мерзіміне сай аяқталады деп күтілуде.
Ағымдағы жылы аудан ауыл шаруашылық құрылымдары барлығы 45 га алқапқа жеміс-жидек дақылдарын отырғызуды жоспарлауда, оның 5 га «Апорт» сорты, 40 га қарқынды бақ. Бүгінгі күнге 10 га қарқынды бақ отырғызылды.
Алматы қаласы мен аудан тұрғандарын көкөніс өнімдерімен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күнге аудан бойынша жалпы көлемі 4,55 га құрайтын 23 жылыжай шаруашылығы
жұмыс жасайды. Бүгінгі күнге көшеттер отырғызылып, күтіп-бапталып, 50 тонна өнім алынды. Толық өнім алу мамырмаусым айларында күтілуде.
– Шаруалардың техникасына қажет ті жанар-жағар май мəселесінде қиыншылық жоқ па?
– Көктемгі егіс жұмыстарына 647 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. 1 литр жанар-жағармайдың бағасы 146 теңгені құрайды, жанар-жағармай «Карамай Продактс» ЖШС-нен алынады. Бүгінгі күнге сатып алынған жанаржағармай көлемі 86,4 тонна. Сонымен қатар, аудан аумағында көктемгі егіс науқан жұмыстарын ойдығыдай атқару мақсатында техникаларды жөндеуден толығымен өткізді. Бүгінгі күнге 922-трактор, 227-соқа, 151-культиватор, 540-тырма, 212-тұқым сепкіш, 24-тұқым дəрілегіш, 552 – жүк автокөліктерімен жұмыстар жүргізілуде.
-Ауылшаруашылық өнімдерінің өнімділігін артыруға ықпал ететін тыңайтқышпен қамтамасыз ету мəселесі туралы не айтасыз?
– Ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алуда топыраққа қажетті қоректік элементтері мол тыңайтқыштар қосып, жерді сапалы түрде дайындау, уақытылы егу жұмысын жүргізу маңызды шара болып табылады. Осыған орай 2018 жылдың егіс алқабына органикалық тыңайтқыштар себілуде. Минералды тыңайтқыштарды сатып алу мақсатында «КазФосфат», «КазАзот», «КосАгроКоммерц» секілді ЖШС-мен келісім-шарт жасалынды.
Сонымен қатар, ауданда ауыл шаруашылық өнімдерінің өнімділігін арттыратын инновациялық технологиялар əдісі қолданылуда. Ылғалсақтау технологиясымен 5000 га дəндік дақылдар алқабы өсіріледі, тамшылатып суару əдісі бойынша 737 га, жаңбырлатып суару əдісімен 1400 га алқап өсірілмек.
Көктемгі егістік жұмыстарының негізгі бөлігі мамыр айында жүзеге асырылмақ, ол үшін қолда бар мүмкіндікті толық əрі тиімді пайдалануға күш саламыз.
– Əңгімеңізге рахмет!
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат