Володяға сәттілік әкелген сала

Володяға сәттілік әкелген сала

«Көздерінде от, сөздерінде жалын бар» жастарға сенген Мағжан ақынның үміті ақталғандай. Олай деуімізге  заманына қарай адамы, қоғамына қарай мамандығы дамып жатқан мына дәуірдегі жастардың талпысыны мен жігері себеп. Бұрындары «қолына құрық ұстап, қой соңында ғана жүреді» дейтін қазақтың баласы әлемді табындырып та, бағындырып та жүр. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында тәуелсіз елдің баласы ешкімге тәуелді болмайтынын түсіндіріп үлгерді. Білім мен ғылым, өнер мен мәдениет, спорт мен бизнес сияқты қай саланы алып қарасақ та, шын таланттылар шыңды жарып шығып,  басқа елдермен терезесін түріп қойып сөйлесе алатын жағдайға жетті. Шүкір дейміз. Аға буынның ізін қуып келе жатқан жастар да «алдыңғы арбаның ізіне түсіп», заманның тілімен үн қатуда.   Ал «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы  дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасының биылғы Жолдауы жарияланғалы маңызды құжатты  насихаттай жүріп, өздері де көкіректеріне керек түйінді түйе жүретін талғарлық жастар жыр бөлек. Жаһанданудың аузында жұтылып кетпеу техниканың тілін жетік меңгеріп, ұлттық рухтан жүректеріне қорған тұрғызған Талғар ауданының мамандық таңдаудан да жаңылпауды үйренген. Солардың бірі политехникалық колледж түлегі Жарғыл Володя.

—         Күні кеше ғана ата-аналарымыз мұғалім, дәрігер, жұмысшы, жүргізуші мен құрылысшы мамандықтарын көп сұранысқа ие деп білсе, бүгінде жоғары жалақы төленетін ІТ-маман, мерчендайзер, блогер, бета-тестер, модератор және басқа да SMM-шілер мамандықтары қызметін көп біле бермейді. Тіпті аты түсініксіз мамандықтарға үрке қарайды. Бірақ ХХІ ғасырдың жастары осы салада жемісті жұмыс істейтінін біледі. Мен де бірден осы мамандықты игеруді ұйғардым,- дейді Жарғыл  бізбен әңгімесінде.

Шындығында да бүгінде компьютер арқылы, ғаламтор арқылы үйден шықпай-ақ көптеген жұмыстарын бітіріп, тіпті қосымша  мамандықты да игеруге болатынын уақыт өзі дәлелдеп отыр. Және бұл жолды таңдаған адамдар қатары толыға түсуде. Ұстаздар да жаңашылдыққа қарай бой үйретіп, білімдерін толықтырып, арнайы курстар арқылы шәкірттеріне ұялмай білім бере алатын деңгейге көтерілуде. Жарғылдың  жетекшісі политехникалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Рита Рғымбаеваның ойы да осы өзектес.

—         Жақсы мамандарға деген сұраныс – қашан да жоғары. Және мамандықтардың басым көбі жойылмайды, керісінше жаңа деңгейге ауысады. Мысалы, өткен ғасырдың ортасында көптеген қыз телефоншы болып қызмет етсе, технология дамығаннан кейін бұл мамандық жоғалды. Алайда байланыс қызметі әлі де бар. Бүгінде телекоммуникациялық салалар әлем бойынша миллиондаған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуде. Сондықтан кез келген мамандық иесі кәсібилік деңгейін арттырып отырса ұтылмайды деп білемін,- дейді  талантты шәкіртінің дарынын тани білген Рита ханым. Абырой әперетін алғыр жастарды айна-қатесіз тани білетен аталмыш колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жеңісгүл Құрманқожаева болса  «дұрыс баптай білсе, Талғардың әр жасы талантты» деген  ұстаздық қағидасынан қателесіп көрмеген екен.

Володяны талантты деп бекерге айтып отырған жоқпын. Жуырда Талдықорған қаласында ІТ мамандығын дәріптеу мақсатында  облыстық деңгейде «Жас маман» байқауы өтті. 16 ауданнан қатысқан сында талғарлық алғыр жас  Жарғылымыз  жүлделі екінші орынды қанжығасына байлап қайтты.  Берілген талап бойынша бірінші кезеңде өзін-өзі таныстырып, екінші кезеңде дербес компьютерде тапсырмаларды үздік әрі қатесіз орындай білген жас маманның талабы талайды шаң қаптырды әрі  таң қалдырды.  Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығы, «Жас Отан» ЖҚ-ның ұйымдастыруымен өткен  шараның мақсаты талантты жастарды танып, шығармашылықтарының дамуына қолдау көрсету.

—         Бүгінгі жас маман білікті кадрлердің ертеңгі орнын басатын тұлғалар. Сондықтан қай сала мамандары болмасын өздерінен кейінгі толқынды білікті маман болуға баулиды. Облыстық жастар саясатымен айналысатын басқарма мен  аудандық филиалдар  арасындағы тығыз қарым-қатынас бұл күнде өз мамандығына құлшынысы зор мамандардың  тәрбиеленуіне септігін тигізуде, — дейді «үйде отырып тақым қыспай», қолдап, қорғап,  шабандозбен бірге шабатын, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Нұрланқызы

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

Талғар-ақпарат